Тағдыр тоғыстырған екі жас өмір атты айдынға желкен салды. Алдында сан алуан арман-асулар күтіп тұр. Әрине, өмірдің ащысы мен тұщысы да алма-кезек болатыны заңдылық. Оған төзетіндер де, кілт шешім қабылдайтындар да болады. Демек, жас отбасыларға жол сілтеу, бағыт-бағдар беру аға ұрпақтың парызы екені анық.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында осы ниетпен «Жетісу жастары» жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жас отау» облыстық байқауы өткізіліп, онда әр аймақтан 13 жұп өнерлерін көпшілік талғамына ұсынды. Көрермендер байқау алдында әр жұптың отбасылық фотокөрмесін тамашалап, жас жұбайлардың үйленгеннен бергі өткізген қызықты сәттеріне қаныға түсті. Көрмеде отбасының шығармашылық туындылары да үйлесім тапты.
«Әжелер» ансамблінің жетекшісі Алтын Бүркейқызы ақ тілегін айтып, сәттілік тіледі. Сахнаға Алакөл ауданынан келген Жангелді Немербаев пен Айнұр Рахыпбекова «Отбасындағы бір күн» тақырыбымен түсірілген DVD форматындағы бейнебаянын көрсетті. Онда жас келін Айнұрдың үлкенге ізеті, кішіге құрметі әдемі бейнеленіпті. Бұл жұп өздерін таныстыруға қазақтың қызыл сырлы домбырасымен шығып, өнерден де құралақан еместігін байқатты.
Талдықорғандық Бекзат Ағиярұлы мен Гүлжан Әсетқызы да халқымыздың салт-дәстүрін жете білетіндігімен ерекшеленді. Ал, ілелік Нұрлан мен Зинагүл Қоңырбаевтардың отбасы сахнаға бүлдіршін сәбилерімен шығып, көрерменнің көңілін баурады. Көксулық Берік пен Маржан Кәрімовтер, текелілік Тәкен Жұманқұлов пен Торғын Тұрлыбаева да жас отаудың босағасының беріктігін бейнелей білді. Байқауда жұптар қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына орай қойылған сұрақтарға жауап берсе, соңғы турда өздері дайындаған ас мәзірін қазылар назарына ұсынды.
Міне, осындай тартысты өткен байқауда талдықорғандық Бекзат Ағиярұлы мен Гүлжан Әсетқызы жеңіске жетіп, бас бәйгені иеленді. Алакөлдік Жангелді Немербаев пен Айнұр Рахыпбекова екінші орынға, Іле ауданынан балаларымен қатысқан Нұрлан мен Зинагүл Қоңырбаевтар үшінші орынға қол жеткізіп, мерейленді.
Жас отаудың өзге жұптары «Көрермен көзайымы», «Ең тапқыр жұп», «Ең жарасымды жұп», «Ең инабатты жұп», «Ең білімді жұп», «Ең әдемі жұп» және «Ең өнерлі жұп» номинациялары бойынша марапатталды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.