• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Ортақ көзқарас танытылды

455 рет
көрсетілді

Ақордада ІV Астана экономикалық форумы аясында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Жапонияның бұрынғы премьер-министрі, аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен кездесті. Өткен жылдың көктем айында Токиоға жасаған сапарымыз ба­ры­сында қазақ-жапон ынтымақ­тас­тығының қазіргі жағдайы мен қос мемлекеттің болашақтағы даму бағыттарын талқылауға мүм­кін­дік туған еді. Әріптестік көк­жиегінің бұлайша кеңеюіне біз­дің Мемлекет басшысының Күн­шығыс еліне сапары мен қол жеткізілген келіссөздер ықпал еткен болатын, деді Қанат Саудабаев. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы өзінің сөзінде көптеген жанның өмірін қиған табиғи алапат зілзала мен «Фукусима-1» атом элек­тр стансасындағы техногендік апат­қа байланысты Жапония хал­қы­на көңіл айтты. Сіздің елде­рі­ңізде орын алған қайғылы жағдай қазақстандықтарға да әсер етті. Себебі, біздің мемлекеттерімізді соңғы 15 жылдың бедерінде түр­лі саладағы ынтымақтастық қана байланыстырмайды, Қазақстан мен Жапония әлем бойынша яд­ролық қарудың салдары мен сал­мағын шындап сезінген елдер. Ал табиғи апат атом электр­ стан­сасындағы техногендік апатқа ұласқан кезде оның бүкіл әлемді бейжай қалдырмағаны анық. Осыған орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсыр­ма­сы бойынша еліміз тарапынан апаттың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге қолдау көрсетіліп келеді. Бұл ретте мен мынаны баса айтқым келіп отыр: алапат апат орын алған күндері дүние жү­зі­нің дидары Жапонияға ауған кезде әлем халқы жойқын зілзала­ның зардабын ғана емес, сол қиындыққа қарсы тұрып, оның салдарымен күресе білген жапон хал­қының күш-жігерін де өз көзі­мен көрді, деді Мемлекеттік хатшы. Ал Юкио Хатояма өз кезегінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысымен кездесіп, екі ел әріптестігін талқылауға мүмкін­дік алғанына ризашылығын жеткізді. Өткен жылдың наурыз ай­ында сіз Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде жапон еліне сапармен келген едіңіз. Ал мен сол уақытта Жапонияның Пре­мьер-министрі едім. Бұл сапар барысында біз қос мемлекет­тің түрлі саладағы байланысын талқыға салдық. Қазіргі таңда біздің елдердің арасында түрлі салада, мәселен, табиғи ресурс­та­рды пайдалану бағытында жақ­сы әріптестік байланыс орнаған. Мұндай байланыстар қос мемлекет үшін де тиімді әрі пайдалы, деді өзінің сөзінде Ю.Хатояма. Кездесу барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық байланыстардың қарқынын үде­ту, жаңа технологиялар жетістігін пайдаланудағы өзара ықпал­дас­тық тетігін нығайту мәселелерін де әңгіме өзегіне айналдырды. Сондай-ақ, ядролық қаруды таратпау және қауіп-қатерді азайту төңірегіндегі ұзақ жылғы ынты­мақтастықтың әлемдік қоғамдас­тық тарапынан қолдау тауып отырғанын да тілге тиек етті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.