Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов еліміздің сыртқы саясатында болатын қарым-қатынастар тізбегін хабарлаған кезекті апталық брифингін өткізді.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров 5 және 6 мамыр күндері Куба Республикасында жұмыс сапарымен болып қайтады. Сапардың негізгі мақсаты – екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультацияларды өткізу және солардың қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі ведомствоаралық меморандумға қол қою.
Брифинг барысында Асқар Абдрахманов сондай-ақ «Шанхай ынтымақтастық ұйымына – 10 жыл» атты мерейтойлық монетаның тұсаукесері мен «Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы» атты пошталық марканың салтанатты рәсімі өтетіндігін жария етті.
Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын насихаттау бағдарламасына сәйкес, Қазақстанның Ұлттық банкі «Шанхай ынтымақтастық ұйымына – 10 жыл» атты мерейтойлық монетаны айналымға енгізіп, «Қазпошта» АҚ «Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы» атты пошталық марканы басып шығаратын болады. Салтанаттың тұсаукесер рәсіміне ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов, «Қазпошта» АҚ басқармасының төрағасы Аркен Арыстанов және Қазақстанның Шанхай ұйымы мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестірушісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Шахрат Нұрышев қатысады, деді Асқар Абдрахманов.
Кешегі брифингте сондай-ақ Астанада 2011 жылдың жазында өтетін Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында Қазақстан төрғалығы логотипінің тұсауы кесілетіндігі жөнінде мәлімделді.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.