• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Аймақтың асыл абызы

613 рет
көрсетілді

Қарт майдангер, Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткер, тоқсанның төріне шыққан аймақтың абыз ақсақалы Бисембі Әріпұлы жайлы әңгіме Бір қарағанда өмір дегенің де ағын су сияқты, әсте толас тап­пайды. Ләйімда адамзат баласы­ның өмірі толас таппай, аласа­пы­ран дүниенің күрес айды­нын­да­ғы мәңгілік майданның тау­сыл­ма­ғаны бек жақсы. Ұрпаққа ұр­пақ жалғасып, жер бетіндегі ха­лық атаулының қанатын кеңге жая бергені бүтіндей ізгі қауым­ның тілегі. Тағдырлы тарихы әлі күнге таразыға тартылып, түп-түбірі әлі зерттеушілер еншісінде жүрген «Қазақ» сынды қа­быр­ға­лы халықтың өз алдына дер­бес туын желбіретіп, еңсесін тү­земек болған жауапты тұс­та­рында сонау сонары мол өткен­ге, яки бағ­зы­дан бүгінге дейінгі аралыққа бір көз жіберіп қой­ған­ның еш ар­тықтығы жоқ кейде. Ғұлама ақын Шәкәрім Құ­дайбердіұлының: Ескі ақын бізден әлі артық, Ол кезде туған бала артық. Жасымыздан шал артық. Тақпақ пен мақал тағы артық, Суырып салма жағы артық, – деп келетін ақиқатпен суарыл­ған фәлсафалық жолдары ойы­мы­зға орала беретіні неліктен? Өйткені, бүгінгі ұрпаққа баянды болашақтың ақ желкенін керіп берген ата буын, әке буынның қазақ халқының тағдырында алар орны айрықша. Бұл күндері мезгіл жүгі едәуір салмақ артса да, саралы ой мен ақыл-парасаттың аясында сабыр­ға жүгініп, салиқалы әңгіме қоз­ғау­ды қанына сіңірген мәрт бол­мы­сынан танбайтын Бисембі Әріп­ұлы ақсақал тек маңғыс­таулықтардың ғана емес, бүтіндей қазақ елі, қазақ халқының асылдың сынығындай, тәуелсіздіктің тұғырындай ғұмыр­лы қарияларының бірі деуге әб­ден болады. Иә, ол кісінің өткен өмірінің өрнектері мен белестеріне көз жү­гірте қарасақ, бір жағынан қат­ты қапалана қиналып, бір жағы шаттана толғанып қалатынымыз да бар-ау. Қиналып қалатынымыз, әң­гі­ме орайында өзі қайталап айта түскеніндей, толғауы терең 90 жылдық ғұмырының аттай қырық жылы арпалыс пен бейнетте өтіп­ті. 1921 тауық жылының көк­те­мін­де қарт Маңғыстаудың Ор­таес­пе-Жандауыр (Қаламқас-Қа­ражанбас) өңірінде дүниеге кел­ген Бисекең­нің балалықтың иісін сезбегені де, туа ширап, ерте есейіп, ат жалын тартып мінгені де шындық. Әсіресе, көшпелі өмір салтынан ай­нымаған шөлейт өл­ке­дегі кол­хоз­­дастыру мен кәмпес­ке­нің қан­дай зардаптар әкелгені сірә белгілі. Бұған дейін патшалы Ресейдің де, Хиуаның да езгісіне көнбегені бы­лай тұрсын, олардың қолжаулығы да болуға бой бермеген ержүрек адайлардың кеңес өкіметіне де мо­йынсұна қоймаға­ны тарих ақ­таң­дақтарынан айқын белгілі. 1931 жылғы Адай көтері­лі­сінің 80 жыл­дығын маңғыс­тау­лық­тар биыл ла­й­ығынша атап өту­ді межелеп отыр­ған болса, ал біздің кейіпкеріміз Бисембі Әріп­ұлы он жасында әкесі және оның жақын тумалас­тарымен бірге (кө­теріліс басшысы руласы Бектеміс Смайыл Сарбас­ұлы) сол қарулы қақтығыстарды көзімен көрді десе де болады. Артынан «әлді ша­руа­ның баласы» деп біразға дейін теперіш көрді. Бой тасалап, қа­йық­пен Атырау (Гурьев) асып кеткені, онда есепшілер техникумын тәмамдап келгені абырой болды. 1939 жылы елге оралған соң, аға­сы Нәсірбай мен анасы Орынның ауыр тұрмыстан дертке шалды­ғып қайтыс болғаны көз алдында. 1940 жылдың басын­да «Бірлік күш» колхозында бас есепшіліктен еңбек жолын баста­ды. Енді ес жиям дегенше Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Ауру әке, әлі жас қарындастары мен інісін амал­сыз артта қал­ды­рып, Маң­ғыс­тау­дан, Ақкетіктен (Форт-Шевченко қа­­ла­сы) аттанған алғашқы 3000 сар­баздың сапында әскерге кетті. Сталинград үшін бол­ған қанды қыр­ғынға сержант шенінде кірген ол жаудың күші басым, шабуылы кү­шейген, И.В.Сталиннің «Бір адым да кері шегінбе!» деген қа­һар­лы бұйрығы кезіндегі сұрапыл шай­қас­тарға қатысты. Фельдмаршал Ф.Паулюс бастаған неміс ар­мия­­сын қоршауға алып қолға түсі­ретін тактикалық соғыс операция­сы­нан 17 күн бұрын ауыр жара­ла­нып, терең тыл – Пенза қаласына жі­бе­ріл­ген-ді. Соғыстан келген соң, ең­бек жолын зоотехник болып жал­ғас­тырды. Туралығынан, әділ­дігі­нен жапа шегіп, жазықсыз жаза­ла­нып, Сарайшық түрмесінің дәмін татқан қатал жылдар да (1944-1947) әлі жа­дында. Алайда, 50-ші жыл­дарға дейін соғыс кезінде өкпе­ден алған оқ­тың салдарынан жеңіл жұмыс­тарға ғана атсалысты. Біртіндеп ферма бас­тығы, колхоз бас­ты­ғының орын­басары, бас зоотехник болып қыз­мет жасады. 1967 жылы «Еңбек» кол­хозының басқар­ма төрағасы, 1969-1974 жылдарда Октябрьдің 50 жылдығы (Шайыр, Тиген, Тұщықұ­дық, Шебір ауыл­дары), Куйбышев атындағы (Жың­ғыл­ды, Тұщыбек, Он­ды, Бекі ауыл­дары) совхоздар­дың директоры, 1983-1988 ж.ж. Тұщықұдық село­лық кеңес атқару комитетінің төр­ағасы болды. Ол басқарған совхоздар ең жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін СОКП Орталық Коми­теті­нің, КСРО Министрлер Кеңе­сі­нің, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Б.Әріпұлы 1969 жылы Алма­ты­да өткен ҚКП-ның Х плену­мы­на, 1981 жылы Қазақстан Компар­тия­сы ХV сьезіне, Тың және ты­ңай­ған жер­лерді игерудің 20-25 жыл толуы құр­метіне арналған жиын­ға делегат болып шақырылып, қаты­нас­қан. Ұзақ жылдар Маңғыстау об­лыстық, Маңғыстау аудандық пар­тия коми­тетінің мүшесі, ау­дан­дық кеңес де­путаты болып сай­ланды. Ел Үкі­меті еңбегін жо­ға­ры бағалап, «Қазақ­стан­­ның ауыл шаруашылығына ең­бегі сіңген қыз­меткер» құрметті атағын берді. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесі Төралқасының Құрмет гра­мо­тасымен аталып өтті. КСРО-ның екі «Еңбек Қызыл Ту», «Құр­мет Белгісі» ордендері, бірнеше мемлекеттік медаль және естелік белгілерімен, тәуелсіз Қазақстан­ның «Құрмет» орденімен мара­пат­­талды. Республикалық дәреже­д­егі дербес зейнеткер. Маңғыстау ауда­ны­ның және Қызан, Ақ­шы­мырау, Тұщықұдық ауылдарының құрметті азаматы. Осынау абы­рой­ды дана ойлы ақыл иесі өзінің ақ адал еңбегі, білім-білігімен иеленді. Саратов зооветинститу­тын­да оқыды. Өмір бойы білімін жетілдірді. Басшы қызметтерде бол­ған кезінде қатал тәртіпті ұста­ну­мен бірге, шаруа халықтың өзіне тән тілімен сөйлесуге, адамгершілік, қайырым­ды­лық істер жасауға күш салды. Жұмысшылар үшін кеңсе есігін ашық қойды. Елмен тату сыйластық осылай қалып­тас­қан еді. Абыройлы қарттың үрім-бұ­тақ­тары да елге, жерге қызмет етудің қалтқысыз үлгісін көрсетіп келеді. Бұл әулеттің аты Маңғыс­тау өңі­рін­де ерекше ілтипатпен ата­лып, атақ­ты династия­лар (әу­лет­тер) қа­тарында ерекше құр­мет­ке ие. Сөзі­міздің бір дәлелі – «Маңғыстау энциклопедиясында» Бисембі Әрі­п­ов­пен қатар ұзақ жыл­дар аудан, об­лыс көлемінде жоғары басшы­лық қызметтер атқарған, «Қазақ­стан­ға еңбегі сің­ген қызметкер», «Халықтар дос­ты­ғы» орденінің иегері, АҚШ-тың Даллас қаласының, Ақтау қа­ла­сының, Бейнеу ауданы мен Тұщы­құдық ауылының құр­метті азаматы, ҚР Журналистер одағы­ның мүшесі Дүйсембі Әріпов (інісі), ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жа­зушылар және Журналистер одақ­­тарының мүшесі, белгілі ақын Ға­лым Әріп есімдері де орын ал­ған. Бала-келіндері, немерелері­нің бәрі де жоғары білімді. Кемелхан мен Оңайша, Құлыншақ – ұстаз болса, Қарлығаш, Бибігүл – дәрі­гер, Нұр­тас өлке мұнай өндірісінің мекеме басшыларының бірі. Немерелері Мә­дениет бизнесте болса, Рауан мұ­най саласындағы ЖШС филиа­лы­ның директоры, ал Раушан Әріп рес­публикалық «Ана тілі аруы- 2007» сайысының бас жүл­де­ге­рі. Ақсақалдың шөберелері де жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Бисекең ақсақал зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ел өмірі, елдік, қоғамдық істерден қол үзген жоқ. Маңғыстаудың кешегісі, бүгіні мен ертеңі туралы, Кіші жүз, Байұлы, жалпы қазақ тарихы туралы тарихи-шежірелік естеліктер жазып артына мол мұра қалдырды. Өзі ұзақ жыл­дар атқа мінгендегі көзімен көріп, көңіліне түйген ауыл шаруашылығы тура­лы «Озат тәжірибе –көпке ор­тақ» сериясымен «Асулар», ал тарихи тақырыпқа «Маңғыстау – маңғаз мекенім», «Ел тарихы және есімдегілер», «Ел басынан өткен күн...» ат­ты тартымды да тағылымды кітап­тары жарық көрді.Тілі шұрайлы, маз­­мұны терең мағыналы мақа­ла­ла­рын­да өскелең ұрпақты ата тарихты, салт-дәстүрлер мен жөн-жорал­ғы­лар­ды білуге шақырады. Ана тілінде кестелей сөйлей білген адамның ғана өз халқының мақтан тұтар аза­маты бола алатынын өсиет етеді. Бір мысал. «Халық дәстүрі – тәрбиеші» ат­ты мақаласында: «...Халқы­мыз­дың дәстүрінде өз ұрпағына баға жетпес үш байлығыңды қадір тұт, құрметте, алақанға салып аяла, са­на­ңа сәулелендір деп аманат­тайтын ұғым бар. Ойлап, толғап қарасаң, тағылымы телегей, мәні мәңгілік екен ғой. Ол аса бағалы, егер тіндеп айтар болсақ: елің мен жерің, ана тілің. Атадан балаға мирас болып қалған, енші болып үлестірілген, сыйлық болып ұсынылған осы үш асыл біздің халқымыздың қанына қонақжайлықты, үлкенді сыйлап, құр­меттеуді, бауырмалдықты, иба­лы­лық пен имандылықты, сөз қа­ді­рін біліп, дуалы сөзге тоқтауды сі­ңіс­тірген. Дәстүрі, салты етіп берік орнықтырған ғой. Өйткені, салт-дәс­түрсіз халық болмайтыны кә­д­у­іл­гі қағида. Ол сол халықтың өзі­не тән рухани, моральдық, адам­гершілік өлшемін айбындайтыны да бекер емес. Жақсылықтың, ізгі­ліктің қашанда уақытты жатырқап, жат­сын­байтыны аян. Бүгінгі таңда әр ұлт пен халық өзінің ұлттық мейрамдарын өткізуге, салт-дәс­түр­лерін жалтақ-жұлтақсыз кәд­е­сіне жаратуға мүмкіндік алды. Нау­рыз мерекесінің халықтық дәс­түр, ұлттық түр мен мазмұны шең­берінде мерекелене бастағаны да ру­хани жаңару мен жетілуге бағ­дар түзеген ұлағатты арна болды. Ал халықтық дәстүр-салттың, ұлт­тық мерекелердің қай-қайсысы­ның да адамдар бойында небір оң ізгіліктер ұя салуына, өмір өрнегі болып өркен жаюына, жақсылық атаулыны бойға дарытып, жаман­дық біткеннен бойды аулақ ұстауға ықпал ететіні кәміл. Халқымыз­дың ізгі қасиеттеріне жанашырлық – әрбір адамның биік парызы, парасатты ісі. Халықтық дәстүрді, салтты, әдетті саралап, тәрбиелік ру­хын биіктету нақты іске айнал­ды­рылуы тиіс. Қазір байқалып отыр­ған қылмыс жасау, үлкенді сыйламау, еңбектен қашқақтау, бей­пілауыздық сияқты ортамызға сы­йымсыз, қасиетімізге кереғар әдет­терге тыйым салуда халықтық дәстүрдің биік үлгілерін ұтымды пайдалана білген мәнді. Дәс­түрімізде үлкеннің уәлі сөзінен кесе-көлденең өтуге ешкімнің құ­қы болмаған ғой. Қазіргі білімді, салауатты ақсақал­дары­мыз, ара­мыз­дағы ардагерлеріміз өздерінің өмірлік бай тәжі­ри­бесін, өнеге, үлгісін ортаның бейбіт тірлігі, берекелі өміріне арнауға жұмылса құба-құп! Адам үшін ең қажет ізгілік – парасаттылық болса, ал оның өміріндегі көрініс – ой мен тіл тізбегінде білінеді. Өйт­кені, тіл –халықтың жаны, ажары, сәні. Ана сүтімен болмысы сомдалса, ана тіліңмен ойың биіктейді. Ата дәстүрін, ана тілін қадірлеу – нелер мұратқа жетудің алтын қақ­па­сы іспетті. Олай болса, ха­лық­тың дәстүрін, тілін ұрпақ тәр­биесінің алтын діңгегі тұрғысында түсініп, бағалаған абзал», деп тереңнен түйін түйеді.Тәңірінің сынағы сон­­ша­лықты көп болса да, осын­ша бақуатты да, мәнді әрі сәнді ғұмыр сыйлағаны үшін тағ­дыры­на тәубе етеді. Шүкір, бала-ша­ғалары өсіп-өніп, өркендеп, қана­ты-қапталы, жан-жағы – жа­пы­рағы жайылуда. «Ең бастысы, ел аман болсын, ұлан-ұрпақ сәуелі болып ержетіп, Қазақстан жыл­дан-жылға көркейе берсін! Тағ­дыр талқысында қырық жыл азап­­т­ы кезеңдерді өткеріп, бас­қа тау­қыметті айтпағанда, со­ғыс жара­сы да көпке дейін жа­зыл­май, Құдай қосқан қосағым Дара­йы екеуміздің 40-қа тая­ғанша ба­ла­ларымыз да тұрмап еді. Осын­дай көп азап шектіріп барып, елу жылдай рахатқа кенелген, егемен елімде, ата-баба жерімде, шөбере сүйдірген бір Алланың құдіреті­не де шек жоқ-ау!», дейді Бисе­кең сабырлы да нұрлы жүзбен. Ұзақ жасағанына кейде өкініш білдіретін кездері де болады екен. «Майдандас, қарулас­та­рым­нан ешкім қа­­лып жарымады-ау» дегендей, қа­палы күй де кешеді... «Жасаған ием менің ба­ғыма адамгершілігі мол Құлын­шақ­ты жаратты» деп қо­лын­дағы келінінің баға жетпес игі қа­сиет­терін айтпай тұра алмайды. Біз тоқсанның төріне шықса да зер­делі де зерек, сүйегі асыл абыз ақ­сақал ағаның тәуелсіз еліміздің, киелі жеріміздің көр­кін келтіріп, бар­шамызға – бақытты ұрпақ­та­рына ұлағатты сөздері мен ақ бата­сын ақтара берсе деген игі тілек тілейміз. Жоламан БОШАЛАҚ, «Егемен Қазақстан», Өмірзақ ОЗҒАНБАЙ, облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы. Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылы.