• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Жетісу жері бір сілкінді

464 рет
көрсетілді

Мамырдың алғашқы таңы атып, күн ұясынан найза бойы көтерілген мезгілде Жетісудің жері оқыс мінез танытып дір етті. Алматы алаңына мерекелік шеруге ағылған жұрт табиғаттың то­сын мінезін бірі сезсе, бірі бай­қамады. Демалысын үйде отырып өткізуді көздеген қалалықтар әуелгіде абдырап қалғаны рас. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ядролық және геофизикалық зерттеу орталығы институтының сейсмикалық ақпараттарды арна­йы жинақтау және қорыту орта­лы­ғының мәліметтеріне көз жү­гіртсек, 1 мамыр күні Астана уа­қы­ты бойынша таңғы сағат 8.31-де Алматы қаласының солтүстік-шығысында, шамамен 110 шақы­рым қашықтықта тербеліс қуаты 5,4 балл болатын жер сілкінісі тіркелген. Сілкіну ошағы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Екпінді елді мекені мен Қапшағай су қоймасының айма­ғы. Жалпы, екі тәулік ішінде қала мен облыс аймағында 8 рет жер қыртысының қозғалысы бай­қал­ған. Таңғы тітіркеніс тыныш жат­қан елді тұрғызып жібергенімен, одан кейін тіркелген толқындар бірінен кейін бірі әлсіреп барып мүлдем саябырсыды. Жердің ұң­ғыл-шұңғылын жабдық-жарағы­мен бақылап отырған ғалым­дар­дың айтуынша, жәй күнде 1-2, тіпті 3 баллға дейінгі тербеліс­тердің тіркелуі үйреншікті жәйт көріне­ді. Рас-ау, пенде болған соң көзі­мізге көрсетіп, қолымызға ұстат­паса сене де бермейміз. Ал «пә­лен­ше айтыпты, алапат келе жа­тыр екен» десе ақпараттың анық-қанығына ой жүгіртпестен елден бұрын бас сауғалауға кірісіп кетеміз. Шынында да азанғы тербелісте тұра қашпаған қала­лық­тар күн ауып, кеш батқан кезде алып-қашты әңгімені іздеп жүріп тың­дап, оған өзі де бір­де­ңе­лерді қо­сып айтып, келесі бір кісінің ауы­зына сөз салумен бол­ды. Жасы­рып қайтеміз, қала жұрты үйлері­нен шығып аулаларда топ-тобы­мен түннің жартысын өткізді. Тіпті, қаладан тезірек ұзап кеткісі келгендер талайдан бері ат ізін салмаған ағайын­дары­на қарай ат басын бұрғанға ұқсайды. Мейлі ғой, әркімге өз жаны қымбат. Алайда тербелістің арақашық­ты­ғы мен барған сайын әлсіреуі­нен-ақ қара танымайтын кісі бір­деңені шамалар еді. Бұл жолғы елді үркітудің астарында басқа бір мақсат жатқан сияқты. Осы жерде былтырғы Тараз қала­сында «қырғыздың су қоймасы жары­лыпты-мыс» дейтін қауесет­тен кейін алды-артына қарамай қаш­­­қан жұртты еріксіз еске ала­сың. Бетін әрі қылсын, елден есті­мей-ақ ондай апат болса қас пен көздің арасында белшеден су кешіп қалатынын ойламастан жам­былдық ағайындар баспана­сын тастай қашқан. Бекерге ала­өкпе болды. Ертесіне облыс бойынша тіркелген пәтер тонау әрекеті жылдық «жоспарды» бір-ақ күнде орындап тастағанын көр­сетті. Елдің өре түрегелгенін пайдалан­ған ұрылар «алтын уа­қытты» текке жібермеген. Бір ойы­мыз Ал­матыда да пиғылы жамандар ел ішіне іріткі салуды көздеді ме дейді. Өткен сәт, көл­беңдеген кө­рі­­ністерді көз алдыңа келті­ресің, тағы шошисың. Алма­ғайып заман болса азаматтан гөрі, арамнан мал жиғысы келетін жа­мандардың қарасы көбейді ме деп. Бір нәрсе ақиқат. Жетісудың жері мінез көрсетті. Пәлен-түген деуден аулақпыз. Табиғат адамзатпен ақылдаспайтыны және шын­дық. Сондықтан да мамыр­дың алғашқы тәулігі мамыражай нәумез күй кешпеу керек екендігін ұқтырып тастады. Дереу атқа мінген төтенше жағдайлар қыз­меті қалада қауіп тудырарлық жағ­дайдың орын алмағанын анық­тады. Ешбір шығын келмеген, яғни, дүрлігуге еш негіз жоқ. Сейсмолог ғалымдар планетаның бір жерінде болған ірі жер сілкінісінің дүмпуі көршілес елдерге әсері болады дегенді айтып отыр. Бұл болған тербеліс Жапон жеріндегі сілкіністің салқыны. Ләйім солай болғай! Бір ескеретін жәйт, ел аузында жүрген «пәлен тәуіп болжапты, түген көріпкел айтыпты» дейтін елірме сөзге ере бермей, Тәңі­рімізді ойлап, тәубемізге келіп отыр­ғаны­мыз абзал. Ел тыныш болса, жер де тыныш жатса керек. Ниеті дұрыс елге нақақтан нәубет келмейтінін әсте естен шығармайық. Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.