Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын еліміздің ғаламторында Kаz.kz ұлттық ақпараттық іздеу жүйесі іске қосылып, аз уақыт өтпей-ақ халықаралық тәуелсіз рейтингі статистикасы мәліметтері бойынша үздік сайттар қатарынан табылған болатын. Содан бері ақпарат іздеушілер саны тәулігіне 10 мыңға дейін жеткен. Әсіресе, «Қазақтелеком» АҚ «Мегалайн» қызметін пайдаланушылардан келіп түскен сауалдар саны жетіп артылады. Бүгінгідей ақпараттық іздеу жүйесінің қызметін тұтынушылар қатары жыл санап емес, күннен күнге артып отырған шақта жоба авторлары сайттың қызмет түрлеріне жаңартулар енгізіп, оны кең көлемде тарату мүмкіндігін қарастыруда. Жуырда Алматыда «Қазақтелеком» iD Centre-де» үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, «Қазақтелеком» АҚ, «Нұр Отан» ХДП, халықаралық IT университет түлектері әзірлемешілердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жоба авторлары алдағы Kaz.kz ақпараттық іздеу жүйесін дамыту барысындағы мақсаттарымен бөлісіп, танымал шетелдік іздеу жүйелерінен айырмашылығына тоқталды.
Алдымен қарапайым оқырмандарға түсінікті болуы үшін Kаz.kz ақпараттық іздеу жүйесінің қызметі мен ерекшелігіне тоқтала кетейік. Қызметі – интернет желісінің ұлттық сегменті ақпаратына жылдам қатынау тетігі болса, негізгі ерекшеліктері – ақпаратты қазақ тілінде, сондай-ақ орыс тілінде іздеу және өзге ұлттық ақпараттық жүйелермен және дерекқорлармен біріктіру мүмкіндігі болып табылады. Kaz.kz ақпараттық іздеу жүйесі интернет желісінің қазақстандық сегментінде және .kz егелік аймағында орналастырылған веб-сайтқа оның мазмұны бойынша іздеу жасайды.
Kaz.kz жобасының жетекшісі Виктор Покусовтың айтуынша, іздеу жүйесі ақпараттық іздеу саласындағы тың жетістіктер негізінде құрылған және табылған нәтижелерді сұрыптаудың бірегей алгоритмін пайдаланады. «Іздеу жүйесі өте қарапайым. Біздің аумақта ақпараттық іздеу жүйесін құру ғаламтор желісін пайдаланушылар үшін аса қажет. Әрі осындай жоғары байланыс көзі арқылы шетелдік сайттарға шықпай-ақ өз отандастарымызға жаңа қызмет түрін ұсыну біз үшін де тиімді. Kaz.kz іздеу жүйесіндегі ақпараттар ұлттық ресурстардан алынады. Мәселен, бізде барлық мемлекеттік органдар туралы ақпараттарды табуға болады. Бұл біздің шетелдік іздеу жүйелерінен басты айырмашылығымыз», – дейді жоба жетекшісі.
Енді ғаламторды тұтынушылар сайт жетекшілері ұлттық ақпараттық іздеу жүйесіне жаңартулар енгізуінің нәтижесінде «Кaz.kz-ті» «Гугл» мен «Яндекс» секілді желілермен екі тілде бірдей тез арада бірдей тұтына алатын болады. Бұл, әсіресе, тұтынушылар үшін өте тиімді әрі ыңғайлы.
«Қазақтелеком» АҚ АЖД бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары Анатолий Бачикаловтың сөзіне қарағанда «ID Host» қызметі клиенттерінің тұрақты өсімі Қазнеттің қарқынды дамып отырғанын көрсетеді, жаңа іздеу жүйелері Қазақстанда интернет-ресурстарды танымал ете түсуге ықпал етіп, Дата Орталықтар қызметтеріне сұраныстың арта түсуіне оң әсерін тигізбек.
Осылайша, үстіміздегі жылы жоба авторлары өз мүмкіндіктері мен қызмет көрсету түрлерін кеңейте отырып, жаңа даму кезеңіне көшпекші: Орталық Азия және Кедендік Одақ елдеріне шығу мүмкіндігі, «дербес іздеу» қызметі, KAZ PR статистикасы және т.б. пайда болады.
«IT AWARDS KAZAKHSTAN-2009» республикалық байқауы қорытындысы бойынша интернет-технологиялар саласындағы жетістіктері үшін марапатталған жас мамандардан құралған жоба жетекшілеріне «Қазақтелеком» АҚ тікелей қолдау көрсетпек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.