• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Нұрғисаның ән жинақтары жарық көрді

624 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Мә­дениет министрлігі мен Алматы қаласы мен облысы әкім­дік­те­рінің қолдауымен жарық көрген Қазақстанның халық әртісі,  Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәуле», «Құстар әні», «Алатау» ән жинақтары және Жарқын Шәкәрім мен Да­ри­ға Тілендікелінінің «Нұрғиса Тілендиев» атты ғұмыр­намалық де­ректі кітабының тұсаукесері өтті. Ел  Тәуелсіздігінің  20 жыл­дығына тарту ретінде ұсынылып отырған   бұл   ең­бектер «Мә­де­ни мұра» бағдарламасы аясында,  дәстүрлі музыка мә­дениетін ұрпаққа насихаттап жеткізу негізінде шығарылып отыр. Өткен жылы  ғана дәулескер күйші,  ұлы композитор,   да­рын­ды дирижер  Нұрғиса Ті­лен­діұлының туғанына 85 жыл толуын артында қалған қалың елі атап өтсе, ал Нұрағаңның шығармашылығына арналған төрт кітап  сол игі шараның  жал­­ғасындай   болды.  Ком­по­зи­тор­дың жары,    Қазақ­стан­ның ең­бек сіңірген әртісі   Да­риға Тілен­ді­ке­лінінің айтуын­ша, «Ала­тау», «Жан сәуле», «Құстар» әндер жинағы Нұрағаңның көзі тірісінде 1960 жылдары жарық көрген.  Әрине, осыдан елу жыл бұрын  баспа бетін көрген үш кітаптың  қолда барының да, оқулық ретінде пайдаланғандардың да әбден тозығы жеткендіктен Дариға Тілендікеліні мен қызы Дін-Зухра  оларды қайта бастыруды қолға алады. Нұрағаң жайлы кітапқа жары Дариға мен белгілі өнертанушы   Жарқын Шәкәрім көп еңбек сіңірген екен.   «Адам санасының сәулесі деген ұғым бар болса, Нұр­ғиса Тілендіұлының шы­ғар­­ма­лары  санамыздың қоспа­сыз төл, ұлттық музыкалық сәу­лесі. Неге десеңіз, оның дом­бырада күйлер орындауы, компо­зи­тор­лығы, шығарма­ла­рын оркестрге лайықтауы, ди­ри­жерлығы, ұс­таз­дығы, оркестрді ұйымдас­ты­рушылығы тә­різ­ді сан қырлы қасиеттері ұр­паққа үлгі, бо­ла­шаққа өнеге. Олай болса, өнер­тану ғылымы саласында нұр­ғи­сатанудың даңғыл жолы ашы­луға тиісті», деген  қоры­тынды жасайды    авторлар. – Әндерінің шығу тарихын, өмірдегі, өнердегі жарқын белестерін еске алып, менің айт­қан­дарымды қағазға түсірген Жар­қын Шәкәрімге алғысымды білдіремін. Өзінің көрген-түй­гендерін қосып, үлкен еңбек жа­сады», – деді Дариға Тілендікеліні. Кеш соңында жиналған көп­шілік   композитордың өзі құр­ған, кейін есімін алған атақты Н.Тілендиев атындағы акаде­мия­лық фольклорлы-этногра­фия­лық оркестрінің өнерін тамашалады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.