Ливияның үкіметтік әскері бұрнағы күні ереуілшілердің қол астындағы Зинтан қаласына бірқатар соққылар жасады.
Артиллериялық атқылау «Град» атты дүркін-дүркін оқ ату жүйесі арқылы жүзеге асырылған. Куәгерлердің айтуынша, Зинтан қаласы екі қайтара соққының астына алынған. Жалпы саны 40 реактивті снарядтар қалаға жіберілген көрінеді. Зардап шеккендер туралы әзірге мәліметтер жоқ. Қаланы атқылау басталысымен қаланың үстінде НАТО күштерінің авиациясы пайда болған екен. Бірақ ол жөнінде де нақты мәліметтер болмай отыр.
ЖЕЛДЕТКІШ ҚОНДЫРҒЫЛАР ОРНАТЫЛМАҚШЫ
«Фукусима-1» атом электр стансасының бірінші реакторына ғимаратты радиоактивті заттардан тазартатын 6 желдеткіш қондырғылар орнату үшін жұмыстар жүргізілуде.
Сарапшылардың бағалауынша, жаңа желдеткіш жүйені пайдалану реактор ғимаратында радиациялық фонды бірнеше миллизивертке дейін төмендетуге жағдай жасайды. Егер ғимарат ішіндегі радиация деңгейін төмендетудің сәті түсер болса, АЭС қызметкерлері апаттан кейін алғаш рет реактордың ішкі бөлігіндегі салқындату жүйесінің жұмысына және басқа да жүйелерге бақылау жасау үшін оның ішіне кірмекші.
КӨМІР ШАХТАСЫНДА БОЛҒАН АПАТ
Мексиканың солтүстігінде Коауила штатындағы көмір шахтасында жарылыс болып 3 адам қаза тапқан.
Белгілі болған мәліметтер бойынша тағы да 3 кенші жер астында қалып қойған көрінеді. Алдын-ала алынған ақпаратқа қарағанда, шахта қабырғасының құлап түсуіне метан газының жарылысы себеп болған. Кеншілер шамамен 50 метр тереңдікте қамалып қалған көрінеді. Сондықтан әзірге олармен байланыс орнатудың сәті түспей отыр. Ел президенті Фелипе Кальдерон кеншілерді құтқарып алу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалатынын мәлімдеген.
УСАМА БЕН ЛАДЕН ТУРАЛЫ КИНО ТҮСІРІЛМЕК
Усама бен Ладен өмірінің экрандалған тарихының блокбастерге айналу мүмкіндігі өте үлкен болып отыр.
Сондықтан да ол қаза тапты деген хабардан соң бірнеше сағаттан кейін-ақ Голливуд Усама бен Ладен туралы фильм түсіруді қолға алмақ деген сыбыс тарап кеткен. Бүгінде әңгіме жүздеген миллион доллар табу мүмкіндігін қандай студия және қай режиссер өзгелерден бұрын пайдаланып қалады дегенге келіп тіреліп тұр. Қауесетке сенсек, белгілі режиссерлердің ішінен Ирактағы соғыс туралы түсірген киносы үшін Оскар жүлдесіне ие болған Кэтрин Бигелоу ерекше қызығушылық танытқан көрінеді.
РЕСЕЙ КЕПІЛДІК ТАЛАП ЕТУДЕ
АҚШ-тың Румынияда зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру жөніндегі жоспары Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан алаңдаушылық туғызды.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, Ресей «жолтосқыш» зымырандардың өзіне қатер төндірмейтініне сенімді емес. Сондықтан да Мәскеу оларды ресейлік ядролық күштерге қарай бағыттамайтындығы жөнінде Вашингтоннан кепілдік талап етіп отыр. Румыниядағы бұрынғы кеңестік әскери-әуе базасы орналасқан жерде АҚШ-тың ЗҚҚ орналастыратындығы туралы бұрнағы күні Бухарестте хабарланған болатын.
ӨЗАРА БІТІМГЕ КЕЛМЕК
Каирде палестиналық екі ірі қозғалыс – ХАМАС пен ФАТХ өздерінің бітімге келгендігі туралы хабарлайды деп күтілуде.
Алдындағы күні Египеттің делдалдығымен әзірленген қарарды Газа секторы мен Иордан өзенінің Батыс жағалауында іс-қимылдар жасайтын оннан астам топтың өкілдері қуаттаған көрінеді. Ең басты мақсат – өтпелі үкімет құрып, жалпыға бірдей парламенттік сайлау өткізудің уақыты жөнінде келісімге келу, сөйтіп, екіге бөлінген Палестинаны біріктіру. Дегенмен, бұл келісім Тель-Авивтің қарсылығын да туындатып отыр.
ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК АЛМАҚ
Португалия 78 миллиард еуро қаржылай көмек алу жөнінде Еуроодақпен және Халықаралық валюта қорымен келісімге келді.
Ол үшін Португалия бюджет тапшылығын 2010 жылғы ІЖӨ көлемінің 9,1 пайызынан үстіміздегі жылғы 5,9 пайызға дейін қысқартуы керек. Үш жылға есептелген келісім ұлттық банк жүйесіне қаржылай көмек көрсету жағын да қарастырады. Дегенмен, келісім Португалияның оппозициялық партиялары, сол сияқты Еуроодақ тарапынан қолдау табуға тиіс. Халқы 10 миллион адамнан сәл ғана асатын Португалия экономикасы биылғы жылы тағы да 1,3 пайызға қысқаруы мүмкін.
МЫҢҒА ЖУЫҚ ОППОЗИЦИОНЕР ТҰТҚЫНДАЛДЫ
Жаппай жүргізілген тұтқындаулар барысында Сирияда 1 мыңға жуық оппозициялық активистер қамауға алынды.
Бірқатар ақпарат агенттіктерінің елдің ұлттық құқық қорғау ұйымдарына сілтеме жасай отырып хабарлауынша, полиция оппозиционерлердің үйлерін аралай отырып, рейд жүргізген. Осыдан кейін көптеген оппозиционерлер мүлдем жоқ болып кеткен көрінеді. Сонымен бірге, сәл бұрынырақ Сирия әскерінің Дамаскіден 280 шақырым солтүстік-батыста орналасқан Банияс қаласындағы көтерілісті тұншықтырғаны туралы хабарлаған болатын. Дегенмен, сириялық оппозиция өкілдері өздерінің жаңа акциялар ұйымдастырмақ ниеттері бар екенін мәлімдеуде.
МӘСКЕУ КӨШЕСІНДЕГІ ТӨБЕЛЕС
Мәскеудің шығысында орын алған жаппай төбелес салдарынан Тәжікстанның 1 азаматы қаза тауып, тағы 2 адам дене жарақаттарын алған.
Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасы ақпарат және жұртшылықпен байланыс басқармасының хабарлауынша, жарақат алған үш адам ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Алдын-ала мәліметтер бойынша олар да Тәжікстан азаматтары болып табылады. Қазіргі кезде оқиғаның себептері анықталуда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.