• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Күрескер күлкі өміршең

572 рет
көрсетілді

Белгілі сатирик, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев өзі­нің «Азамат. Журналист. Сатирик» атты мақаласында Жүсіп Алтайбаев туралы былай деп жазады: «...Осы ұзақ жолда Жү­сіп өзін қаламды қалт-құлт етіп зорға ұстап жүрген қалбағай журналист емес, азуы алты қа­рыс, адуынды журналист ретінде танытқан. Жалтақ­тық­­қа жаны қас, жарам­сақтану қолынан келмейтін ол «менмін» деген талай-талай «тар­лан­дар­ды» тәубеге келтіріп, са­басына түсір­ген». Мақтауға «сараң­дау» профессор Темірбек Қожакеев келтірген Алтайбаев мінезі оның бүгінгі ұрпаққа қалдыр­ған барлық шығарма­ла­рына тән қасиет. Қоғам мен дәуірді саяси-эко­номикалық тұрпатқа бөліп социализм, капитализм деп айдар таққанымызбен, сол уақыт­та өмір сүрген халықтар да өз­дерінің адами мінез-қасиеттері­мен қазіргі уақыттан алшақ жат­қан жоқ. Бүкіл ақпарат құ­рал­дары жарыса жазып жатқан қоғамдық дерттің үлкені сы­байлас жемқорлық кеңес зама­нын­да да болған. Мәселен, Жү­сіп Алтайбаевтың «Жылушыл Жылысбаев» атты фельетоны кеңес қоғамында орын алған жемқорлықты сол уақыттағы адамдар мінез-құлқы арқылы жеріне жеткізе суреттейді. Бір өкініштісі, осындай фельетондар қазір мүлдем аз. «Жеп қойды, ішіп қойды» деген айғай бар, бірақ соны дөп басып көрсетіп жатқан ешкім жоқ. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялы­лары «ұйқыдағы» ел­ді «маса» болып оятса, кеңес­тік дәуірде «ара» болып ар-ожданға араша түсті. Кеңестік Қазақстанға қа­жет болған «Ара­ның» Тәуелсіз Қазақстан қоғамына да керек екендігін уақыт дәлелдеп отыр. Жазушы-сатирик Ж.Ал­тайбаев шығармашылығының ең тұшымды, елеулі дүниелері 1981 жылы «Жазушы» баспа­сы­нан шыққан фельетондар, сықақтар, әңгімелер мен повестерін қамтитын «Нақ-нақ» жинағына топтастырылған десек, сатирик жазушы осындағы «Ішкі жағдай, сыртқы жағдай» атты фельетонында қазақ ұғы­мы­на, тұрмысына тән мынадай мәселелерді көтереді. « – Мен ! – Экономист Егеубаев қолын көтерді. – Неліктен екенін өзі біледі, үнем жағына келгенде басбух жолдас сипай қамшылап өте шықты. Мұнысы дұрыс емес, жолдастар. Мен айт­сам, бізде айғырға, қош­қарға, сауын сиырға деген жем қисап­сыз көп жұмсалып жүр. Доғару керек мұны. Көктің көлінде айғырды жылан жайлап бара жат­қан жоқ. Бие сауып мына үй­дің іргесіндегі рудникке қымыз неге сатпаймыз?! Ал осы колхозда үш мыңдай ешкі бар екен. Содан үш грамм түбіт жиналды ма? Ол қайда кетіп жатыр?... «Түбіт» дегенді есіткенде зал­да отырғандар түбіттей үр­пиісе қалды. Неге десеңіз, «Екпін» колхозы колхоз болғалы бұл сөздің ауызға алынып, құ­лақ­қа шалынып отырғаны осы...» Осы мысалдағы бие сауып, түбіт түту кеңес заманының жоспарлы эко­­но­микасына қаншалықты пай­да әкелетіндігінде емес, ең бастысы сатириктің оқырман на­зарын халықтың тұрмыс-тір­шілігіне, ата-бабадан қалған ша­руашылық түрлеріне аударту ниеті байқалатындай. Асылдың сынығы, ескінің көзін көрген, сонау 1911 жылы Арқадағы Ағадыр байтағында дү­ниеге келген қазақтың қаршадай баласы ұлы тәркілеу басталғанда 17 жаста екен. Даланың дегдар қасиеті мен абыз қариялардың дана сөздерін бойына сіңіріп өскен бозбала Жүсіп жасы егде тартып коммунистік идеологияның кәрі­не мінген шағында да астарлап болса да айтарын ақырын жеткізіп отырған қаламгер. Мәселен, «Ақымақ» деп аталатын фелье­то­ны былай деп басталады: «– Осы, Құдай бар ма, Меке? – дейді Тәйтік қарсы алдында отырған Медет молдаға. – Астағыпралла! – Молда оң қолымен көкірегін баса қалды. – Күпір болдың, Тәйтік, айтпады деме... – Сіз мені түсініңіз, молдеке. Кү­пір-сүпіріңді қоя тұр, – дейді Тәй­­тік шарт жүгіне қалып. – «Қа­йырбайға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы» дегендей, мен қысы­лып, жанымнан шошып кеп отыр­мын. Дозағыңа итермелемей тұра тұр! – Жаныңнан шошысаң, Хақ Тағаланың барлығына шәк келтірмегін, – деп молда басын қақшаң еткізді. – Алланы бір, пайғам­бар­ды хақ деп білу – парыз». Өмір бойы істегені ұрлық, айт­қаны өтірік, алдау-арбаумен, іш­кілікке салынып, тәубасын ұмыт­қан, қала шетіндегі татар мешітіне барып түнде от салып кеткен Тәйтік сияқты азғын адамды Медет молданың алдына әкеліп обал-сауап, ар таразысына салуы кеңестік дәуір қаламгерлері шығармашы­лы­ғында кездесе бермейтін эпизод. Кейіпкерлеріне Қисықбасов, Ірімесов, Майжемесов, Шайпаубике, Ар­бакешова, Айнымалиев сияқты бейнесіне, мінезіне, қарекетіне сай есім-атауларды дөп басып қоятын шебер сатирик осы жолы Молданы Медет, ішкіш, арамзаға Тәйтік деп ат қоюының өзі қаламгердің ішкі дү­ниесін, жан-жүрегінің қанша­лық­­ты таза, иманды екендігін та­ныт­са керек. Кеңестік дәуірдегі қай шы­ғар­маны оқысаңыз да молданы дүм­ше, аңқау елді алдайтын арамза кейпінде оқып-таныған ұрпақ үшін Алтайбаев қаламынан туған «Ақы­мақ» фельетоны біраз нәрсені аң­ғартып өткендей. Сатира – өмір айнасы. Әр­кім одан өзінің бейнесін, болмысын, әрекетін көреді. «Бе­тің түзу болмаса, өкпелеме ай­наға», – демекші, Жүсіп Алтай­баев­тың сатиралық шығармалары өмірдің өзін қаз-қалпында көрсе­туі­мен құнды. Бұл туралы Ж.Ал­тай­баевтың әріптес із­басары ға­лым, зерттеуші Т.Қо­жа­кеев жан-жақ­ты айтып өтеді. «Журналист-сатирик туынды­ла­рын оқып отырып, оның сати­ралық творчествосының бірсы­пы­ра белгілерін аңғаруға болады. Ең алдымен, автор фельетондарын үнемі дерлік шартты етіп жазады. Фактілердің болған жері, мерзімі дәл көрсетілмейді, кінәлі адамдар аты-жөні ойдан қойылады. Бірақ фельетондарда өмірден, жеке адамдар тірлігінен жинақта­лып, қорытындалып алынған іс-қылықтар сөз етіледі. Көз көріп, құлақ естіп жүрген өмір шын­ды­ғы қозғалады. Ел оларды оқы­ған­да-ақ «мынау пәлен жерде болған оқиға сияқты екен», «мынау біз­дің Түгенбаевтың дәл өзі екен» деп, ұқсас фактілерді айтып, ұқ­сас адамдарды атап жатады. Көп «сабаздар» «осы мені айтып отыр­ған жоқ па?» деп, селк етіп, секем алып, іш жиып қалады. Ая­ғын аңдап басып, жөнімен жүруге мәжбүр болады. Демек, шартты фельетондардың да әшкереуші­лік, тәрбиелік мәні зор». Әдеби, публицистикалық мұ­ра­ларды зерттеу барысында шы­ғар­маның өміршеңдік мұраты деген пайымдауды ауызға жиі алып жата­мыз. Белгілі бір қоғам про­бле­масы­ның да шектеулі уақыты бар. Бір кездері өте зәру болған мәселе­лер­дің уақыт өте келе күн тәртібінен түсіп, өзінің маңызды­лы­ғын жо­ғалтуы хақ. Әрине, ондай мәселе­лер тек ақпараттық мағ­лұмат ретінде ғылыми қолда­ныс кәдесіне жа­рауы мүмкін. Ал біз сөз етіп отыр­ған шығарманың өміршеңдік мұра­ты оның тағы­лымдық, тәрбиелік мәнінде жатса керек. Жазушы-са­ти­рик Жүсіп Алтайбаев мұраларын зер­делей оты­рып көз жеткізген бас­ты мә­селенің бірі осы болды. Ж.Алтайбаев шы­ғар­машылығы ха­қын­да белгілі ғалым Т.Қожакеев сан­амалап көр­сеткен мына жағ­даят­тар кешегіні ғана емес, бүгінгі һәм ертеңгі ұр­пақ зердесіне де ой саларлық дүниелер болып табылады. «Ж.Алтайбаевтың сатиралық шығармалары келелі, салмақты мәселелерді қозғайды, көптің кө­ңі­ліндегі проблемаларды көтере­ді. Мысалы, ел ішіндегі бақта­лас­тық («Онда не тұр?»), кейбір заң орындарындағы ымырашылдық, тамыр-таныстық («Келіңіздер, та­ны­салық», «Құнан дауы»), тәжі­ри­бе алмасуға келуді мейрамға айналдыру («Желке неге қыши­ды?»), елуде еңбегіміз еленбеді, алпыста атаусыз қалдық, шапан жамылмадық, орден тағынбадық деп өкпелеу («Көсеге құрмет»), жиылыс-мәжілістерді өткізудегі бос дауырық, көзбояу («Сіздерді сендіремін»), адам қанаты жылқы парқын білместік («Еске алын­ды»), дүмше ғалымдық («Диссертация»), тіл құралдарын қолдану­дағы парықсыздық («Шын сы­рым»), қулар арасындағы құран­шыл­дық, діншілдік («Байтал түгіл бас қайғы», «Мүтәуалли»)». Сатирик-жазушы Ж.Ал­тайбаев дәуірінде көтеріл­ген осы мәсе­ле­лердің қай-қай­сы­сы болсын күн тәртібінен әлі күн­ге түскен жоқ. Қайта осы проб­ле­малардың дені өршіп, бұрын­ғы­дан да гөрі шиеленісе, қоюлана түсті. Тарих беттеріне айналған Жүсіп Ал­тай­баевтың осы шы­ғармаларын қай­та жаңғыртып, бүгінгі бас­пасөз бетінен сөй­лет­сек талай пенделер өздерін айна қатесіз танырлары даусыз. Жаманнан жирендіріп, жақсы­лық­қа үйрету дегеніңіздің өзі қате­лік­ті дер кезінде көр­сету­ден туындаса ке­рек-ті. Ендеше, сөз жоқ, жоға­ры­да келтірілген шы­ғарманың тәрбиелік-та­ғы­лымдық мақсатынан туын­дайтын өміршеңдік мұрат дегеніміз осы бол­мақ. «Қазақ әдебиеті» га­зе­тінің 2001 жылғы 9 қараша­сында Жүсіп Ал­тайбаев­тың 90 жыл­дық мерей­то­йына орай жария­лан­ған сатирик То­лымбек Әлім­бекұлы ма­қа­ласы­ның та­қырыбын «Нақ-нақ. Ақ мылтық күлкі» деп атаған екен. Сірә, осы ақ мылтық күлкі біз сөз етіп отыр­ған күрескер күлкінің таби­ғатын ашатын сияқ­ты. Сатирик Толымбек Әлім­бекұлы да бұл ту­ралы өз пікірін былай­ша өрбі­те­ді: «Жүсіп Ал­тай­баевтың суретіне қ­а­ра­саңыз, сы­қа­қ­шының жү­зін тану қиын. Күлкі іздесеңіз, таппайсыз. Қа­талдау, темірдей тәр­тіп­тің кескін-келбетін көре­сіз де, сықақшының әзіл­­­кештігі қайда, ол бар ма деп таң­дана үңі­лесіз. Ал бі­рақ ол тізген сөй­лем­дер күл­кі­сімен қатар ұқып­ты жи­налған жүкті, шашау­сыз сап түзеген жауын­гер­лердің қатарын көз алдыңызға елестетеді». Сатирик Жүсіп Алтайбаев күлкісі қоғам­ды табалау күл­кісі емес, керісінше адамдар бо­йынан жат мерез қылық­тар­ды адалау, яғни тазалау күлкісі. Қазақ қоғамын­дағы дерт­­ті бол­дырмау немесе оның ал­ды­н алу әрекеті Алтайбаев күл­кісінің күрескерлігін, яғни ру­хани қару болғандығын көр­се­теді. Зерт­теуші ғалымдар мен сатирик жазушылардың қай-қай­сы­сы бол­ма­сын қа­лам­гер Ж.Алтайбаев шы­ғарма­шы­лы­ғына үл­кен ба­ға беріп, құр­мет тұта сөй­леуін­де де үлкен сыр жатыр. Әйт­песе қазақ са­тирасының са­йыпқыра­ны, әй­гі­­лі Қожакеев­тің: «Жүсіп жөнін­де жазу зор жауапкершілікті қа­жет етеді», – деуінің өзі Алтайбаев шығар­ма­шылы­ғы­ның қан­ша­лықты шы­мыр, шырайлы екендігіне дәлел болса керек-ті. Биылғы жыл көрнекті жазу­шы, дарынды публицист, сатира жанрының сардары атанған Жү­сіп Алтайбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қалам­гер­лік жолын ХХ ғасырдың оты­зыншы жылдары бастаған Ж.Алтайбаев өзінің саналы ғұ­мы­рын журна­лис­тиканың азап­ты да, ауыр шырғалаң жолына арнады. 1937 жылдардағы сая­си-қуғын сүргін, Ұлы Отан со­ғы­сының ауырт­па­шылығы, со­ғы­стан кейінгі жағ­дай, тың кө­теру, социализм құ­ры­лысы сияқ­­ты халық басынан өткерген сан-қилы, соқтықпалы-соқпақ­ты жылдар шежіресі Ж.Алтайбаев шығармашылығында жан-жақты көрініс тапты. Жазу­шы-журналист Ж.Алтайбаев ғ­ұ­мы­рын үлгі өнеге ретінде насихаттау бүгінгі ұрпақ үшін маңыз­ды, игі шара болып табылады. Өзі дүниеге келіп қанаттанған Қарағанды облысы қаладағы кө­ше мен мектепке немесе кі­тапханаға Жүсіп Алтайбаев есі­мін берсе, халқы үшін қызмет етіп, өнегелі өмір сүрген абзал жанға деген туған халқының шы­найы құрметі болар еді. Иә, алты алашқа семсер сөзбен айбын болған Жүсіп Алтайбаев сияқты азаматтары­мыз­ды еске алып, есімін ардақтау бүгінгі ұрпақ парызы. Қойлыбай АСАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қарағанды.