Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы
Мынадай:
1) Конвенцияның 2-бабының 2-тармағына және 6-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның 2-бабының 1-тармағын және 6-бабының 1-тармағын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын құқық бұзушылықтарға ғана қатысты қолданады;
2) Конвенцияның 14-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның 2-бабының 1-тармағын, 6-бабының 1-тармағын және 14-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес қолданады;
3) егер Қазақстан Республикасы мен Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің бірінің арасында жасалған басқа ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Конвенцияның 25-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасына жіберілетін сұрау салулар және қосалқы құжаттар қазақ немесе орыс тілдеріне аудармаларымен қоса берілуге тиіс;
4) Конвенцияның 32-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конвенцияның ІІІ тарауының ережелеріне сәйкес ұсынған мәліметтерді немесе айғақтарды сұрау салушы Тараптың органдары сұрау салуда айтылғандарынан басқа, тергеу немесе істі қарау үшін Қазақстан Республикасының алдын ала келісімінсіз пайдалана алмайды немесе бере алмайды деген ескерулермен 1990 жылғы 8 қарашада Страсбургте жасалған Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2011 жылғы 2 мамыр №431-IV ҚРЗ