Жақында Тирана қаласында Албания Президентінің сарайында Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ Албания Республикасында елші қызметін қоса атқарушы Жансейіт Түймебаев Албания Республикасының Президенті Бамир Топиге Сенім грамотасын тапсырды.
Сенім грамотасын тапсыру рәсімінен кейін Қазақстан елшісінің Албания Президентімен болған сұхбаты барысында Б.Топи Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларға жоғары баға берді, Албания басшылығының екіжақты және халықаралық мәселелердің кең ауқымы бойынша Қазақстан-Албания қатынастарын дамытуға әзірлігін растады.
Ж.Түймебаев Албания мемлекетінің басшысына Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ең ізгі тілектерін жеткізіп, Б.Топиге оның таяуда өткен туған күніне орай Қазақстан басшысы жолдаған құттықтау хатты тапсырды. Сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық және инвестициялық салаларда, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада екіжақты қатынастарды дамыту қажеттігін атап өтті.
Және Албания Президентіне жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстан-Албания қатынастарын одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.