• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Елім дейді бүлдіршін қыз, балаң ұл

727 рет
көрсетілді

Қазаққа теңдік пен кеңдік қашан келер екен (А.Байтұрсынұлы), «Әй, қап демейтұғын» (М.Сералин) істен құты­лар күн бола ма, үстемдік ерік бермей, еркіндігіне қол сұғып, күш көрсете бастағанда, мойынды ішке алып біттік демей: «Кітап жазып, газет-журналға мақа­ла шығарып, Алашқа қызмет қыл­ма­сақ, басқа жол бөгеулі» (Ә.Бөкей­ханов) деген Алаш арыстарының бұлқы­нысы мен ұмтылысы, кешігіп барып өткен ғасырдың соңғы он жылдығында жүзеге асып, тәу етер тәуелсіздігіміз жү­зі­мізді жарқыратып, ой-санадағы бұ­ғауды бұзып, құйрық-жалы сүзіліп топ­ты жарған тұлпардай ұлтымыздың ұлы екенін танытты. Содан бері де жиырма жылға таяды. Бұл жаспын демейтін, баспын дейтін жаны жалын, ойы өрт, арманы биік, көңілі мұхит ұлт пен жұртқа тірек бір бозбаланың өмірі десек, жарасатындай. Осы тұста Елбасы тар заманда тарыдай шашылған бар қазақтың басын киелі топырағында қосып, ұлтымыздың тұңғыш құрылтайын өткізіп «тәуірдің» кім, бауырдың кім екенін көрсетті. Елге ел қосылған сол сәттегі: «Енді арман жоқ!» деген құлын үндердің құлаққа жеткені, қауышқан құшақтардың көз алдында өткені әлі ұмытылған жоқ. Тегіңді білу, жаратылысыңды тану мен жерге табан тірегенде кімнің тұяғымын, қанат қаққанда кімнің қияғымын деп өзіне өзі сұрақ қойып жүру жетесі бар ұл мен қыздың тірлігі екені сөзсіз. Ал ақшаның буына, өмірдің дуына еріп, ішкі есебі барлардың мақтауы мен мара­патына, қолтықтан көтерген қолпаш­тауы­на, мәз болғандардың ісі – ұлтқа сор, дәулет кеткен күні өзі адамның қоры болатынына дәлел-дәйек баршы­лық. Ұлттың ұлт болуы осы екі нәрсеге тікелей тәуелді. Тайталасып келгенде алдыңғысы жеңіске жетсе, онда ұлттың бағы жанады. Екіншісіне ерік берілсе, ұлттың ұлы қуаты суалады. Міне, ел болғалы бері ұлтты сақтау, ұрпақтың санасына ұлт рухын дарыту, бұл істе тек Отанымыздағы қандас­тары­мызды серпілтіп қана қоймай, қиыр жайлап, шет қонып жүрген алыстағы ағайынды да қатарға алу жалғасын тауып келеді. Ол да Елбасының сергектігімен, яғни 1996 жылы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» деген арнайы Жарлығымен іске асу үстінде. Шетелдердегі қандастарға жасалып жатқан сондай қамқорлықтың бірі, Президент Жарлығының аясында басталып, сегіз жыл ішінде қанатын кеңге жайып келе жатқан бір шара «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» деген қазақ тілі мен әдебиетіне арналған ха­лық­аралық олимпиада еді. Бұл білім бәсекесі биыл Алатаудың баурайында, тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматыда өтті. Жалпы, осы олимпиада туралы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» орталығының директоры Тілдаш Битуованы әңгімеге тартқаны­мыз­да, ол: бұл қадамды біз Елбасының көреген саясатының негізінде қолға алған едік. Нәтижесі жақсы. Осы уақыт ішінде мыңға тарта ұл мен қыз ата-жұртына келіп тәуелсіз Отанымыздың бүгінгі тірлік-тынысымен, өркендеп өсуі­мен, әсем қалаларымен, ұшан-теңіз атамекенімен танысты, табысты. Олим­пиаданың басты мақсаты, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы ата-жұртынан қол үзіп қалған ұрпақты тәуелсіз қазақ мемлекетімен жүздестіру еді. Біз мұны келіп кету үшін ғана ұйымдастырмай, рухани құндылықтармен, яғни тіл мен әдебиетті ұштастырып, өзге тілде сөй­леп, білім алып жүрген балаларды емшек сүтімен бойға даритын ана тілінің, ата тарихының бар екенін ұғындыруды мақсат еттік. Бойларында тұнып жатқан таланттарын ашып, бір замандары ата-бабаларының кіндік қаны тамған жеріне тарту, сөйтіп кең даласы болғанмен халқы аздау жұртымыздың ұлттық демографиясына үлес қосу да ойда болды. Иә, көп қолдап, жұрт көңіл бөлген бұл ниетіміз өз нәтижесін берді. Астанада басталған игілікті іс жеті өңірде жалғасты. Жүзден аса талапкер Отанымыздың жоғары және орта оқу орындарында мамандық алып, ата қонысында қалып, ел дамуына өздерінің үлестерін қосып жүр. Алды шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсіруде. Осыдан үш жыл бұрын Тараз қаласында өткен олимпиадада қазақтың Шерағасы (Мұртаза) «Құдай сақтағанда сонау Қиыр Шығыс­тағы халықтар сияқты тілден ажырап барып, онымен қайта қауыштық. Біз еңсе көтердік, бірақ бұл толық көтерілу емес. Бойымызды тік ұстау үшін, басы­мызды тік ұстау үшін, алдыңғы саптағы халықтардың қатарына қосылу үшін бірігу керек. Қазақтар, ертең өмір кешіп жатқан елдеріңе  барғанда ондағы қан­дас бауырларға осыны айта барыңдар. Қазақ тілі – ұлы тіл. Қазақтың басын құ­райтын – қазақ тілі. Бүкіл түркі тіл­дерінің  ішіндегі ұлысы – қазақ тілі. Соны ұғыңдар. Мен мұны сырттағы қазаққа ғана емес, іштегі алашұбар тілді қазаққа да айтамын. Бұл білім жарысын сіздер олимпиада депсіздер. Ол да дұрыс шығар.  Мен қазақ ұрпағының танысуы, табысуы, бірігуі, бір тудың астына жиналуы деп түсіндім. Және бұл ботасын шақырып алып, атасына: ал, атажұртыңа келмей көр деу. Ғажап идея! Бұл – көп болып қолдайтын, жұрт  болып жұдырықтай жұмылатын игілікті іс. Осын­дай ұлы істі мемлекетіміздегі кез-келген өзге мекемелердің басшылары да жасап жатса, құба-құп. Бізге енді кеш қалуға болмайды. Мына жүздесуді мен сол кеш қалмаудың басы деп ұқтым. Оян, қазақ, деп еді бір замандағы Алаш арыстары. Мен де солардың ұлы ойын жалғастырып, оян, қазақ, ойлан, қазақ дегім келіп тұр. Қабыл алсаңдар, ұлт үшін еткен еңбектің ең ұлысы осы болатын шығар», деген сөзі ойға оралып отыр. Осы жерде жұрт талқысына ұсынып жүрген тағы бір пікірімді ортаға сала кетсем деймін. Біз әлемдегі мемлекеттердің тілдерінде өтетін әр алуан пәндер олимпиадасына оқушыларымызды қатыстырып жүрміз. Болашақта қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін сондай білім сайысын өткізіп жатсақ, мемлекетіміздің мерейін биіктетумен бірге,   тіліміздің де абыройын асырар едік, деді. Аталмыш олимпиада екінің бірінің қолы жете бермейтін, шеңді мен шекпенділерден артылмайтын, төрт құбыласы дерлік түгел Алматы түбіндегі Алатау шипа­жайында өтті. Ата жұртым деп келген оқушылар мен олардың жетекшілері мұндай қамқорлыққа дән риза екенін жеткізіп жатты. Атшаптырым залда басталған олимпиадада Әнұранымыз шарықтап, ақ тілектер алға тартылды. Ақындар алыстан келген ағайындарға жырдан шашу шашты. Ана тілдің жыртысын жыртып, мерейін қайтсек өсіреміз деп жүрген академик Өмірзақ Айтбаев бүлдіршіндей ұл мен қызға толқып тұрып тілегін жеткізді. Сендер күні ертең осы Қазақ елінің алтын діңгегі, айтулы азаматы боласыңдар. Қазақ жұртының төрткүл дүниеде бір-ақ Отаны бар, ол – Қазақ елі. Отанына оралған адам бақытты десе, КСРО Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген мұғалімі Қанипа Бітібаева: бізді қасиетті Алатаудың баурайында табыс­ты­рып отырған киелі ана тіліміз, күмбірлеген қара домбыраның үні. Бұл екеуінен де отаршылдар тұншықтырған зардап әлі сейіле қойған жоқ. Содан ба, құмығып естілетін тұстары бар. Бір замандары мен қазақ тілінде ашылып сөйлейтін күн бола ма деуші едім. Тәубе, оған да жеттік. Менің бір ғана айтарым бар, тілге адал қызмет етейік! Тілге жасаған еңбек сатылмауы тиіс. Кей азаматтар бұлданып жүреді, тұлданып жүреді. Ол жөн емес. Тіл мен ділді өрістетуге қаны бар қазақ тартынып қалмауы қажет. Кейде біз азаматтардың шалбары мен көйлегіне қарап, шалқайған тұрысын ұлылыққа санап, жүрегіне бойламайтынымыз бар. Жү­рек таза болсын. Ананың тіліне алды­мен ана жауапты, ал өз елімізді қойып төрткүл дүниедегі ұл-қызды жинап, олардың да қазақтың ұрпағы екенін ұғынып, осындай ана тіліне арнап халықаралық дәрежеде олимпиада өткізіп отырған азаматтарға мен басымды иемін деді атақты ұстаз. Шынында, Елбасы демеген стратегия­лық маңызы бар көші-қон саясатының соң­ғы кездері кейбір жақсылығы қара басынан аспайтындардың кесір-кесапатынан жібі түзу істің басына бұлт үйіріліп тұр. Оған бөлінген ақшаның құмға құйған судай болып жатқан кезде Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен бауыр­лардың балаларын атажұртына шақырып, жақсы жұмысқа жанашыр болу – еңселі елдік іске қосылған иненің жасуындай болса да жақсы үлес деп білеміз. Қарғадайынан атажұртын көріп, ауасын жұтып, дәмін татқан ұрпақ өмір бойы Отаным менің Қазақ елі деп жүретініне иманымыз кәміл. Белгілі ғалым, профессор Диқан Қам­за­бекұлы бастаған қазылар алқасы білім сайысына келген 65 оқушыдан сынақ қабылдады. Оның біріншісі қалаған тақы­рыптарында шығарма жазу болса, екіншісі тіл саласы бойынша тест тапсыру, өз ойларын ортаға салып, өнер көрсету. Осы сынақтар кезінде Қытай, Монғолия, Өзбек­станнан келген талапкерлердің ұлт­тық рухы, тілді меңгеруі ерекше көрініс тапты. Миллиард халықтың ортасында өмір сүрсе де ділі мен тілін, ата салтын ұмытпаған оқушылардың әр сөзінен елге деген сағыныш лебі есіп тұрды. Тіпті, ата-жұртыма қалай жетемін деп көзіне жас алғандар да аз болмады. Мысалы, Хаутай Алтыншапақ «Таулардан асып, жолдарды басып сағынып сені келіп ем, Құшағымды ашып, мауқымды басып, білімге жүрмін талпынып. Егемендікке қолымыз жетті, бақыт қой жұртым бұл аса, Қайран қаза­ғым, қуанышыңа тосқауыл бір сәт болмасын,  Көгілдір туым, көкбайрағың­нан айналып кетсем болмас па», десе, Өзбекстаннан келген Ерген Манапов: «Күн кешу өзге елде қиын екен, Адам түгіл аңда бұны біледі екен. Мен де алыста жүр едім Отанымнан, Аңсағанда жас тамды жа­нарым­нан. Отаныма, шіркін-ай, оралсам деп, Бір балаң Ерген едім армандаған. Мен – қазақпын, сүйемін қазақ тілін, Мен – қазақпын өзге елде туылсам да», деп тол­ғанады. Әрине, бұл өлеңдердің көркем­дігі көңілге қонбағанмен, ішкі иірімі, жан сыры, Отанына деген сағынышы, тіліне деген құрметі көш жерден көрініп тұр. Тіпті Ресейден келген оқушылар өздерінің аты-жөндерінің бұрмаланып жазылатынына өкініш білдірді. Мысалы, Макарова Шолпан: «Әкемнің аты – Макар емес, Мәкәрім еді», десе, омбылық Мейрамгүл Лютова, «Әкемнің аты – Үліт еді», дейді. «Кейде біздің осы аты-жөнімізге қарап орыс ұлты екен дейтіндер де табылып қалады. Егер Отанымызға оралсақ, осындай қиғаштық­тан құтыламыз ғой», дейді үлпершектей қыздар. Жалпы, сыртта жүргеннен соң ба сынақ кезінде оқушылардың бойындағы қазаққа деген ықылас ерекше байқалды. Бір кездері Ресейден келген оқушылардың бойынан Қазақстанға деген ұмтылыс көп байқала қоймайтын. Осы жолы атажұртына деген ыстық сезім менмұндалап тұрды. Мәскеу қаласында оқитын 11 сынып оқушысы Әсел Байсақалова өзінің қалай да Қазақ­стандағы жоғары оқу орнында білім алуға талпынып отырғанын, бұл қадамы­нан таймайтынын айтып: өзге елде сұлтан болғанша, қазақ жерінде ұлтан болғаным әлдеқайда артық, дейді. Сол секілді Самарадан келген Диана Нұрақанова, өзі тұрып жатқан жерде жетімдерді асырап алу үрдісінің бар екенін, ата-анасының өзге ұлттың төрт баласын бағып алғанын, олар қазір ержетіп, өз алдына кеткенін, кейде хабарласпайтынына ренжитінін тілге тиек етіп, ендігі жерде өзіне тіреу болып отырған төрт бауырын мақтанышпен атап: өзің өлтірмейді деген осы шығар, мен де биыл Қазақстанның жоғары оқу орнына келуге бел байлап отырмын. Жақында ата-анам Орал қаласындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетіне келіп, ма­ған қандай мамандықтың лайықты бола­ты­нымен танысып барды. Мен қазақ еліне оқуға түссем, ата-анам көшіп келетініне се­німдімін, дейді ол. Ұлттық ұрық дегеннен шығады, Алтайда тұратын қандас­та­ры­мыз «Дала және жұлдыз» деген журнал шығарып жатқан көрінеді. Онда сол жерді мекендейтін таланттардың өлең­дері мен әңгімелері жарияланады екен. Бұл рухани дүниемізді жоғалтып ал­майық, тасқа ба­сып кейінгі ұрпаққа қалдырайық, деген ниеттен туған ой еді, дейді Есболат Самашев. Қазақ тілі мен әдебиетіне арналған халықаралық олимпиаданың қорытын­ды­сында 11 талапкер жүлдегер деп танылды. Гран-Приді Ә.Әуесұлы (Қытай),  бірінші дәрежелі дипломды А.Өнерхан (Мон­ғо­лия), үш екінші дәрежелі дипломды А.Бе­йімбет (Монғолия), М.Бақытбекұлы (Қытай), А.Қази (Монғолия) алса, үшін­ші дәрежелі дипломды Д.Нұрбақыт (Қы­тай), Е.Манапов (Өзбекстан), Ә.Бай­сақалова (Мәскеу), А.Бөлекбаев (Қыр­ғыз­стан), А.Абатова (Қосағаш, Ресей), Н.Ырсалиева (Қырғызстан) ие болды. Тағы бір айта кететін мәселе, осы оқушылар келген мемлекеттердің ішінде Қытайда, Өзбекстанда, Монғолияда қа­зақ мектептері болса, төскейде малы, төсекте басы қосылған Қырғызстанда, тату көрші Ресейде ондай шарапатты іс жоққа тән. Ол елден келген үміткерлер өздерінің талпынысымен қазақ тілін, ұлттық рухын жоғалтпай жүрген шын патриоттар, ұлтшыл ұрпақтар. Әрине, қа­зақ мектебі жұмыс істеп жатыр деген елдерден келген азаматтар ойлануға тұрар­лық мәселелерді қозғап, Қазақ еліне жал­тақ­тайтындарын бүгіп қала ал­мады. Әсі­ресе, Қытайдан келген қан­дастар қазір біраз әңгімеге арқау болып отырған виза алу мәселесінің қиындап кеткенін жеткізсе, өзбекстандық қандас­тар латын әр­пі­н­е көшудің нәтижесінде жастардың Қа­зақстанмен жазу жағынан  алшақтап бара жатқанын тілге тиек етеді. Тіпті олар «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның арты­нан өзі де жоғалуға бейім тұрады... Дү­ние­де өзге жұрттар қатарын­да қор бол­ма­йын, тұқымым құрып кетпесін деген халық өзінің шежіресін имани дәрісінде ұғып білуге тиіс болады» деген Әлихан Бөкей­ханов сөзін тілге тиек етіп арқа сүйер елі Қазақстан деп білетіндерін еститін құлақ болса әлденеше рет назарға салды. Президенттің Жарлығы аясында сегіз жылдан бері өтіп келе жатқан бұл олимпиаданың жеңімпаздарына өзге халықаралық білім сайыстарына қа­тыс­қандардың  қатарында мемлекеттік грант тағайындау соңғы жылдары біраз қиын­дықтар туғызып жүр. Кейбір мекеме басшылары мемлекеттік мәртебеге ие болған тілден сыныққа сылтауларды жоғары қойып, ұзын арқан, кең тұсауға орын беріп жүргені өкінтеді. Өткен жылы сондай шырға­лаң басталғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің рек­торы, қазіргі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов азаматтық көрсетіп қандас қазақтардың бала­лары­на қамқорлық жасап, оқу орны­ның арнайы грантын берген еді. Ондай шиырлы шырғалаң  биыл бол­майтын шығар, өзі куә болған іске Бақытжан Тұрсынұлы шарапат жасап, елім деп келген балаң ұл, бүл­діршін қызды жоғары оқу орнына түсірер деген үміттеміз. Иә, шетте жүрген алдыңғы толқын ағайындар келіп, кетіп жүр. Оларға ар­налған Құрылтай да өткізілуде. Осы олим­пиаданың үстінде қилы кезеңдерде ба­лапандай бас сауғалап кеткен, қазір алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қандастар ұрпағының басын қосатын, ұл мен қызды қазақ топырағында табыс­ты­рып, таныстыратын жас буын құрыл­тайын өткізу мәселесі қозғалды. Бұл ұр­пақтар есінде мәңгі қалумен қатар, үлгі алар үрдіс болар еді. Мұны олим­пиадаға қатысқан үлкен-кіші құп көріп, оқу­шыларды бастап келген жетекшілер өз елдері бұған оң көзқарас таныта­тынын, атажұрттағы Қазақ елі, Білім және ғы­лым министрлігі ұйытқы болса, нұр үсті­не нұр десті. Олар мұнымен бірге, бұл бі­лім сайысына қазір ұйытқы болып жүр­ген адамдардан кейін жалғасын таба ма, шетте жүрген жас ұрпақ жыл сайын осылай атажұртына келуге мүмкіндік туа ма деген пікірлерін де бүкпесіз жеткізіп, осы мәселені бұлжымас ұлт ісіне айнал­дыру жағын қарастырып, әр өңір өздері өт­кізу­ге тілек білдіріп жатса, жөн болар еді, деді. Бұл күдік те негізсіз емес. Кейде елге қажет, ұлтқа қажет, ұрпаққа керек іске немқұрайлылықпен  ат үстінде оты­рып жауап беруге бейім тұратын­дардың, жо­ға­ры­дан нұсқау келмесе, өзінен аулақ­та­т­а­тындардың бар екенін жасыра алма­сақ керек. Біз бұл арада ондайлар­дың кездесіп қалатынын білген соң айтып отырмыз. Алыстан алты жасар бала келсе ал­пыс­тан асқан аға-ұрпақ алдынан шығып құрмет көрсететін баяғы ата-салт бойын­ша дүниенің төрт бұрышынан жеткен жетпіске таяу оқушы мен олардың жетекшілерін Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық маманданды­рыл­ған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқы­татын орта мектеп-интернаты, Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия ұжымы құшақ жая қарсы алды. Бірі бауырларымызды Алатаудың баура­йына ақшаңқан үй тігіп, Наурыз мейра­мын ұйымдастырып төрге шығарса, екіншісі «Атажұртқа қош келдің, Ағайын, туыс бауырым. Өздеріңмен жүздескен, Қуа­нышты қауымым!» деп, ұлттық рух­ты оятатын мектеп ішімен таныс­ты­рып, Мұқағали жырларымен қауыш­тыр­ды. Осындай шат-шадыман тірлікті ұйым­дастырған білім ұяларының бас­шы­лары Мұқтар Ибрайымов пен Сания Тілеу­баева­ға алыстан келген ағайындар шы­найы ілтипаттарын көрсетті. Сол секілді шеттен ұрпақ келді дегенде үйде шәниіп жата алмай, құстай ұшып жеткен ақын-жазушыларды да осы арада айта кеткеніміз жөн шығар. Олардың қата­рын­да, Исраил Сапарбай, Рафаэль Ниязбек, Жәр­кен Бөдеш, Серік Қапшықбай, Әділғазы Қайырбеков, Аман­хан Әлім жүрді. Сүлеймен МӘМЕТ.