• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Саз әлемінің сардарына құрмет

517 рет
көрсетілді

Өзі тұрған көшеге, өзі құрған оркестр мен кон­сер­ваторияға Құрманғазының атын бергізген, тіпті күй атасы Құрманғазыны Бетховенге теңегені үшін «бур­жуазиялық ұлтшыл» атанған Ахмет Жұбанов сынды саз әлемі сардарының есімі де, қазақ мәде­ниетінің өркендеуіне қосқан үлесі де ұмытылмақ емес. Бұл күндері айтулы сазгердің туғанына 105 жыл толып отыр. Ахмет бабамыздың мерейтойына ар­нал­ған барлық іс-шаралар өзінің төлтума перзентіндей болған Құрманғазы атын­дағы ұлт-аспаптар оркестрінің қара ша­ңырағында – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтті. Ахмет Жұбановтың ұлттық өнердің өркендеуіне қосқан еңбегі өлшеусіз десек, бұл артық айтқандық емес. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, да­муы және өркендеуінің жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер орда­лары­ның құрылуы мен кәсіби ұжым­дардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құрылғанына 70, 60 жыл толған Құрман­ғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория және сол оқу орнындағы халық аспаптар кафедрасы,  Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ  мә­дениетінің ірі қайраткері Ахмет Жұ­бановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар екенін тағы да бір қайталай кеткеннің артығы болмас. Жазушы С.Мұқанов Ахмет Жұбанов­ты ұлы Абайдың бейнесін жасаған Мұх­тар Әуезовпен салыстырса, ол да – ақиқат. Ахмет Жұбановты ардақтау шарасы алдымен  консерваторияның үлкен холы­на қойылған бюстің ашылуымен бас­талды. Бұл жолы да Жұбановтың тасқа көш­кен бейнесін Суретшілер одағының мү­ше­сі, мүсінші Тілеуберді Бинашев жасаған екен. Ол бұған дейін де Жұбанов зира­тындағы, А.Жұбанов атындағы музыка­лық мектеп-интернатының ауласындағы және Атырау­да­ғы ескерткіштерін жасаған шебер. Кәкім­жан Наурызбаев сынды суреткердің шәкірті   Абылай ханның, М.Әуезов пен К.Бай­сейітова­ның, Созақтағы Керей мен Жәнібек ханның мүсіндерін қашаған. Қазіргі күндері Тілеуберді Бинашев тағы бір үлкен жұ­мыс­тың үстінде отырған көрінеді. Яғни, Құр­ман­ғазының ескерткіші де аяқталуға жақын. Сонымен Ахмет Жұбанов бюстінің ашылу салтанатында Ажар  Жұбанова мен Құрманғазы оркестрінің директоры Еркебұлан Мүсіреп сөз алып, жиналған қауымға жылы лебіздерін білдірді. – Әкеміздің бейнесі конверваторияның концерт залына қарама-қарсы қойылғаны да бекер емес. Жұбанов қай кезде де өз шәкірт­терімен бірге деді, – Ажар Ахметқызы. Осыдан кейін Ахмет Жұ­банов атын­дағы қоғамдық қордың тұсау­ке­сері өтті. Бұдан кейін Жұбановты ұлық­таған шара үлкен концертке ұласты. Құр­манғазы ор­кестрінің сүйемелдеуімен өт­кен концертте алдымен Мәдениет ми­нистрі­нің орын­басары Асқар Бөрібаев  мазмұнды баяндама жасап, музыка өнері­нің түрлі жанрында жемісті қызмет еткен Ахмет Жұбанов әлеміне кеңінен тоқталып өтті. – Ахмет Жұбановтың шығармашылық өмірі түгел зерттелген жоқ. Маңызы толық ашылған емес. Сондықтан атқа­ры­латын істер әлі де алда, – деді вице-министр Асқар Бөрібаев. Құрманғазы оркестрінде 40 жылдай еңбек еткен Қазақстанның халық әртісі Алдаберген Мырзабековтің сөзінде де талай адамның тағдыры жатыр. – Менің бүгін  сөйлемей қалуға қақым жоқ. Ахмет Жұбанов – ұлтымыздың маң­дайы­на біткен теңдесі жоқ ұлы тұлға. Хал­қымыздың тұрмысы төмен кездің өзінде колхоз-совхоздардан біз сияқты музыкалық сауаты жоқ жастарды жинап, тұңғыш рет халық аспаптары оркестрін дүниеге әкелуі­нің өзі өлшеусіз еңбек. Оркестрде ойнау үшін кемінде музыкалық училищеде білім алу қажет. Ол заманда ондай музыка маман­дары болмады. Осы­ны жоғарыдағы шенеуніктерге түсін­діріп, нәтижесінде Құрманғазы оркестрін әлемге танытты. Басқасын айтпа­ғанның өзінде, ол кісінің адамгершілігі де жоғары болды. Өнер адамдарының болмысы мен табиғатын терең түсінді. Шәкірттерін шабыттандырып, оларды ұдайы қолдап отырды, – деді Алдаберген Мырзабеков. Сонымен, Құрманғазының «Серпер»  күйімен басталып, «Сарыарқасымен» аяқ­талған концертте оркестрдің әр жыл­дардағы ардагерлері мен Ахаңның көзін көрген шәкірттері киелі сахнамен, байырғы тың­дар­мандарымен қайта қауышты. Айнаш ЕСАЛИ. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ. Алматы.