Төрткүл дүниеде үздіксіз өтіп жататын пән олимпиадаларынан Қазақ елінің оқушылары жүлдесіз оралған емес. Жақында тағы да сондай қуанышты хабар Ресей астанасы Мәскеуден жеткен. Ол халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысқан ұл-қыздарымыздың химия пәнінен абыройға кенелуі еді.
Биылғы жылды әлемдік қоғамдастықтар химия жылы деп жариялағаны мәлім. Бұл жас таланттарды қолдау, солардың арасынан мықтылардың бағын ашу ниетінде атқарылған игі іс еді. Осы арада соңғы уақыттар ішінде қазақстандық оқушылар химиядан өткен білім сайыстарында бас жүлдені жеңіп алып жүргенінен бірер дәлелдер келтіре кетсек дейміз. Мысалы, өткен жылы сондай биіктен Жалғас Серімбетов (Жамбыл облысы), халықаралық «Туймаада» олимпиадасында тараздық Ернұр Төлеп абсолютті чемпион деп танылды.
Жалпы, әлемдік деңгейде өтетін Менделеев олимпиадасына әр мемлекет өзінің 6 оқушысын ұсынуға құқылы болса, Қазақ еліне онға дейін оқушы жіберуге мүмкіндік беріп келеді екен. Мұның өзі біздің мемлекетімізге деген ерекше ілтипат болса керек. Жақында Мәскеу қаласында өткен 45-ші халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысқан оқушыларымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екенін тағы да танытты. Олимпиданың алтын медалін Тараз қаласынан қатысқан Абылай Шахназаров, күміс медальді Владимир Должников (Солтүстік Қазақстан облысы), Владислав Қамысбаев (Алматы), Ернұр Төлеп, Нұрбек Серікұлы (Жамбыл облысы), Мирас Бекбергенов (Астана) алса, қола медальді Далер Байдилов (Павлодар облысы), Мұрат Сұлтанов (Алматы), Әзім Аманжолов (Астана) ие болыпты. Олимпиада кезінде Ернұр Төлепке химия пәні бойынша жасаған зерттеу еңбектерін жоғары бағалаған BASF химия концерні Германияға барып қайту үшін арнайы жолдама бергенін айта кеткеніміз жөн. Жалпы, осындай игілікті істерге ұйытқы болып келе жатқан Білім және ғылым министріне қарасты «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы екенін айта кетсек дейміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.