Дамудың жаңа кезеңіне жарасты жасампаз істер еліміздің барлық өңірлеріндегідей отандық өндіріс қарашаңырағында да тынымсыз қазір. Мұның үстіне ел қуатының экономикалық тірегі саналатын аймақта көшбасшылық үрдісті сақтап, жаңғырту жауапкершілігі бөлек. Сол орынға берік болуға ұмтылыс қашанда ерекше. Биыл да соған айғақ ізденіс-шаралар жетіп артылады, тындырылғаны да аз емес, атқарылмақтығы бұдан да көп.
Өткен жылды жалпы өнім көлемі бойынша тұңғыш рет 1 триллион 16 миллиард теңгеге асырып, жемісті қорытындылаған облыс экономика мен әлеуметтік саланы одан әрі өрлетуге нық қадам баса түсті. Оған әлеует толық, мүмкіндік кеңдігіне бүгінде жер-жерде қайнаған жұмыстар дәлел бола алады. Бірінші тоқсандағы аяқ алыс алға қойылған міндет үдесінен шығуға үміттендіреді. Өнеркәсіпте, өңдеуші секторда өндірістің 13 пайызға артуы есебінен даму қарқыны қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға инвестиция көлемі былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 1,5 есеге өсуі ортақ іске зор қозғау болды. Соның ішінде құрылыстың қызу қолға алынуы нәтижесінде 68 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұның өзі өткен жылдағы осы кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға артқандығын алға тартар дерек. Осындайлық оң өзгерістер бюджет түсімдерінің молаюына да әсерін тигізуде. Кіріс бөлігі биылғы үш айда былтырғыдан 3 миллиард 404 миллион теңгеге артық толықты.
2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде Индустрияландыру картасына енгізілген, жалпы сомасы 47 миллиард теңгеден асатын 24 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұлардың қатарында жарық беретін шам өндірісін ұйымдастыру тәрізді республикалық маңыздағы жобалар бар. Мәселен, ол Қазақстанға жылына 300 Мвт генерациялық қуаттылықты үнемдеуге мүмкіндік жасайды. Көше шамдары көп орнатылған Алматы мен Астана қалалары үшін аса пайдалы. Шикізаттық емес экспортты ынталандыру мақсатында басталған «Экспорт-2020» бағдарламасы жергілікті өнімдер өтімділігін арттыруға ықпал етсе, ал 2011-2015 жылдарға және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған агроөнеркәсіп кешенін индустриялық-инновациялық дамытудың ауқымды іс-шаралары осы бағытта елеулі өзгерістер күттіріп отыр. Елбасының тапсырмаларына сәйкес өркендеу жолындағы жаңа бір қарышты қадам бұл күнде облыс тынысына осылайша тың серпін беріп келеді. Ел тарихындағы ең мерейлі мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын сүбелі табыстармен атап өтуге таудай талпыныс қарағандылықтарға ортақ ынта.
Облысқа жұмыс сапарын жалғастырған Президент Н.Назарбаев кеше Қарағандыда жаңадан қатарға қосылған әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап көріп, істерімен танысты. Ондағы ұжымдар Президентті сайлаудағы тамаша жеңісімен құттықтап, өздерінің қуаныштарын білдірді.
Алдымен Елбасы «Эргономика» ЖШС-інде болып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл кәсіпорын 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жылумен қамтамасыз етуде, энергия үнемдеуде және ауыз суды тазалау, есептеу жұмыстары бойынша жаңа, инновациялық технологияларды енгізу мақсатымен құрылған ғылыми-тәжірибелік орталық. Өндіріске енгізген кейбір жаңалықтарын фирма алдымен өздерінің кеңсесін салғанда пайдаланыпты. Сол «Эргономика» офисін салғанда қолданылған энергия үнемдеу технологиялары мен жабдықтары қазір де тиімді жұмыс істеп, фирманың осы шығындарға төленетін қаражатын айтарлықтай үнемдеп отыр екен. Барлығы 1850 шаршы метрді құрайтын офис ғимаратының энергетика мен жылуға төленетін қаражаты дәл өзіндей басқа ғимараттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрінеді.
Елбасы Н.Назарбаевқа қолданылған жабдықтар мен технологиялар көрсетіліп, олардың жұмыс істеу тәртібі таныстырылды. Соның ішінде жылуды бұрынғыша қабырғалар арқылы беру емес, аяқтың астынан жіберу, сондай-ақ суық көбірек енетін солтүстік қабырғаларды тұтас қойып, терезені оңтүстік жақтан шығару идеясы Елбасына қатты ұнады. Кәсіпорын басшылығы жылу беретін маусымда осы жабдықтарды пайдаланудың арқасында жылуға төленетін 650 мың, ал электр энергиясына төленетін 300 мың теңге үнемделгенін айтты. «Эргономика» ЖШС аясында көптеген кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізу туралы ұсыныс түсіріп, оны тәжірибеден өткізеді. Соның ішінде ЖШС «АлмазСервис» суды бұзылудан сақтайтын «Пенетрон» гидроизоляциялау жүйесін, Қазақстан мен Германияның «Минова Казахстан» БК жылу жүйесіндегі жылудың температурасын төмендетпейтін изоляциялау материалдарын алдымен тәжірибеден өткізіп, қазір өндіріске енгізіпті. Ал «Қарағанды Жарық» ЖШС электр жүйелерін жаңарту мен дамытуға қажетті «АСКУЭ 0,4-10 кв» инвестициялық жобасын іске асырыпты.
Н.Назарбаевтың Қарағандыда атбасын тіреген екінші нысаны облыстық қан құю орталығы болды. Аумағы 12 993 шаршы метр болатын бұл ғимарат көлемі 1,6 гектар жерді алып жатыр. 2008 жылы басталған оның құрылысы жақында ғана аяқталыпты. Орталық жылына 20 мың литр қан сақтай алады. Осынау алып медициналық мекеменің жалпы құны 2,7 млрд. теңге екен. Елбасы оның көптеген блоктарын аралап, орталықтың жұмыс істеу тәртібімен танысты. Ғимаратта қарсы алып, оның ішін аралатып жүрген облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Әбілқасымов аймақта медициналық мекемелерді салу қарқыны артып, олардың материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқанын айтты. «Президент бекіткен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында белгіленген мақсаттарды толығымен орындау жолында алға баса беретін боламыз», деді ол. Қан құю орталығының директоры В.Лактионов Елбасын донорларды іріктеудің алғашқы кезеңінен хабардар етті. Сондай-ақ қан дайындау бөлімшесін, плазмоферез бен плазмоцитоферез залдарын, қан кетуді тоқтатуға және жара орнының тез бітуіне арналған фибрин атты медициналық желім әзірленетін зертхананы көрсетіп, олардың функцияларымен таныстырды.
Бұл орталық қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін жоғары технологиялы диагностикалық және қан мен оның компоненттерін сақтайтын терможабдықтары, қан арқылы берілетін инфекцияны анықтайтын тестісі бар бірегей кешен болып табылады. Оны салу Елбасының тікелей тапсырмасының нәтижесінде жүзеге асқан.
Кешенді аралап шыққан соң Н.Назарбаев Қарағандыға жасаған сапарын қорытындылап, журналистермен брифинг өткізді. Осындай қан орталықтары Шымкентте тіркелген трагедиялық жағдайлардан кейін қолға алынды. Онда жауапсыз, бей-берекет өмір сүріп жүрген кезбелердің қанын құюдың салдарынан адамдар өліміне жол берілген еді. Алдағы уақытта сондайды болдырмас үшін біз сапалы қан орталықтарын ашу ісін шұғыл түрде қолға алдық. Оның алғашқысы Шымкентте, одан кейін Астанада, енді міне, Қарағандыда да ашылып отыр, дей келіп, Елбасы орталықтың жетістіктері туралы айтып берді. Дер кезінде қажетті қанды құю арқылы адамды өлімнен алып қала аламыз. Соның арқасында ана мен бала және басқа да адамдардың өлімі азайып, халық саны да артатын болады. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 72-ге жеткізу мақсат етіліп отыр, деді Президент.
Елбасы Қарағандыдағы денсаулық сақтау саласының жалпы жұмысы туралы айтқанда, оған толық қанағаттанатынын білдірді. Соңғы бес жылда ғана облыста он сегіз денсаулық сақтау мекемесі салынған және олар жоғары талаптарға жауап беретін құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Денсаулық сақтау саласының жаңа жүйесін енгізу арқылы дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуы да жақсарып, жалақы өскен. Кардиологиялық орталық та ашылғалы жатыр. Сөйтіп, облыс азаматтары жүрек-қан тамырлары ауруларының қымбат отасын шетелге барып жасатпай, өздерінде-ақ жасата алатын болады. Осының өзі өлімді азайтып, халықтың өмір сүру жасын ұлғайтуға мүмкіндік береді, деді Президент.
Облыстың жалпы даму қарқынына баға бере келе, Елбасы оның дұрыс бағытта екенін атап айтты. Барлық салада да қарағандылықтарда ілгерілеу бар. Соның ішінде үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы бойынша биыл 24 нысан іске қосылмақшы, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш, деді Елбасы. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы, ғылым және басқа салаларда да үлкен жетістіктер барын атап өтті. Сөзінің соңында Президент қарағандылықтарды Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, жақсылық тіледі.
Жақсыбай САМРАТ,
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.