Елордамызда өтіп жатқан IV Астана экономикалық форумы жұмысы шеңберінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның бұрынғы премьер-министрі және аталған елдің Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лигасының төрағасы Юкио Хатоямамен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы сөз басында биылғы көктемде болған зілзаланың қасіретін шеккен Жапония халқына көңіл айтты. Юкио Хатояма кезінде Қазақстан халқы Семей сынақ аймағында болған ядролық жарылыстардың зардаптарын шеккенін жан-жүрегімен түсінетінін жеткізді. Сондықтан табиғат апатына ұшыраған жапон халқының жағдайына ерекше назар аударған қазақстандықтарға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты дамыту осы басқосу барысындағы әңгіменің негізгі арқауына айналды. Мәжіліс Төрағасының мәлімдеуінше, Жапониямен стратегиялық әріптестік байланысты өрістету – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдық берілген бағыты. Президент Н.Назарбаевтың 2008 жылғы маусым айында Токиоға жасаған ресми сапары екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндігі мол екендігін көрсетті.
Тараптар парламентаралық кездесулер саяси үнқатысудың маңызды тетігі болатынын атап өтті. Соның жарқын көрінісі өткен жылы қараша айында Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстан парламентшілерінің Жапонияға барған ресми сапары болып табылады. Сол сапар барысында Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі Жапонияның парламенттік лигасымен кездесулер болып өтті. Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде де Жапония Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі достық тобы бар.
Осы орайда Мәжіліс Төрағасы Юкио Хатояманы Қазақстанмен достықты нығайту жөніндегі парламенттік лиганың төрағасы қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Және де парламенттік достық лигасының бірлескен отырысын өткізу жөнінде ұсыныс жасады.