• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Бір шаңырақ астында бірнеше ұлт өкілі берекелі тірлік кешіп келеді

739 рет
көрсетілді

Адал еңбек, ынтымақ пен бірліктің алмайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Осы құндылықтар өмірдің өзегіне айналғанда ғана еліміздің өркендеуіндегі белестер биіктей бермек. Ал, отбасы  шағын мемлекет десек, осындай мамыражай түсіністік қажеттігі басы ашық әңгіме. Отбасындағы шаңы­рақты шалқытып, өмірлерін ізгілікпен өріп, ұлтына қарамастан, сыйластықтың жібек жібін жалғағандар қатары қаншама десеңізші! Ораз Жандосов көшесіндегі № 8 үйдің шаңырағына келгенде ауласын реттестіріп, бір сәт дамылдаған азамат қауызын ашу­ға «талпынған» қызғалдаққа көз тіге қалыпты. Айнала мұнтаздай. Реттіліктің лебі еседі. Бізді жады­рай қарсы алды. Амандықтан соң, келген мақсатымызды түсіндірдік. – Бәрекелді! Бұл үй Қазақ­стан­дағы көп ұлттың басын біріктірген қасиетті шаңырақтар қатарынан. Тіпті, қанша ұлт екенімізді санамаппыз да. Бірақ  мә­­се­ле сонда ма екен. Жең­ге­ле­рің Райхан өзбек, келіндерім Наталья орыс, Елена ұйғыр қыз­да­ры. Құда-жекжаттар да өзге ұлт­тар­дың өкілдері, деді отағасы Марат көңілдене сөйлеп. Марқұм Жұмабай атамыз Мүкәрам атты өзбек қызымен отасып, үбірлі-шүбірлі болыпты. Шаңырақтағы Маратқа да өзбек қызымен тағдырын қосу бұ­йыр­ған. Мұны ұрпақ жалғас­тығы, тағ­дыр сыйы деуге келеді. ­ Шаңырақтың киесі саналған Райхан ана тіліміздің майын та­мызып, Мараттан гөрі әңгімені қыздырып әкетті. Отбасы мүше­лері түгелімен Ұзынағаштағы «Ри­нат» фотосалонында жұмыс істейді екен. Марат сонау жыл­дары Ақтөбе қаласындағы фото­учи­лищені  бітіріп, көп жыл ау­дан­дық тұрмыс қажетін өтейтін мекемеде жұмысын жалғастырған. – Кеңес одағы ыды­ра­ған кезде адамдардың абдырап қалғаны жасырын емес. Жан бағу керек. Бәзбіреулер ала қабын арқ­алап, базар жағалады. Енді біреулер жұмыс іздеп қалаға тарт­ты. Осындай өлі­ара сәтте мен де көп ойға қалдым. Не істеу керек, неден бастаған жөн? Туған ауы­лың­ды, от жаққан ордаңды тастап қайда бармақсың. Сонымен, тәуе­кел­ге бел буып, 1999 жылы кәсі­бім­ді аш­тым. Оны тұң­ғыш неме­рем­нің есімімен «Ринат» деп ата­дым. Бар мүм­кіндікті жұмыл­ды­рып, бар қа­ра­жатымды салып, ар­найы орын алдым. Сөйтіп, маған жұмыс та­был­ды. Балаларым Та­йыр­ды, Ру­фатты да үйретіп, оқыт­тым. Нарық есептен тұратын болса керек. Шы­ғын мен пайданы шот­қа салдым. Тұтыну­шының тал­ға­мын зерттесек, таза табыс едәуір екеніне көз жетті. Еңбектің жанғаны деген осы. Сөйтіп, от­ба­сым­дағы әйелімнен бастап, бар­ша­ның қызығушылығы арта түс­ті. Мұнымен қоймай, ауыл-ауыл­ды аралауға, қызмет көрсетуге кірістік, дейді отағасы. Ер жігітке жеті өнер де аз деген. Олар мемлекеттік тапсы­рыс­тарға да қатысқан. Мәселен, аза­маттарды төлқұжатқа суретке тү­сіру, фототауарлар сату, деген секілді. Мектеп оқушыларының ре­фераттарын көркемдеу, үйлену тойлары мен  мерейтойларды суретпен қамтамасыз ету, айта берсек жұмыс жетеді екен. Жалпы, қол қусырып, бос отыратын кездері жоқ көрінеді. Осылайша ауыл­да тұрып жатыр. Ешкімге алақан жаймайды. Ерінбей еңбек етсең, еңбектің жанаты­ны­на көз­дері жеткен. Міне, ерлі-за­йыпты Бараковтар осылай дейді бір-бірінің әңгімесін толықтырып. Бала-шағаларымен үлкен ша­ңы­рақтың астында берекелі ғұ­мыр кешкендердің тірлігіне риза бола­сың. Тайыр мен Руфат әке-ше­ше­лерін құрмет тұтып, алды­нан қия өтпейді. Келіндері Наталья мен Елена енелерінің қолын ұзартып, ізеттіліктерін таныт­қан. Елена­ның әкесі ұйғыр, шешесі Людмила Михайловна орыс. Биыл Әлем тілдері инс­титутын бітіретін Карина татар жігітімен көңіл қо­сып, мамыр мерекесінен кейін ұзатылатын болыпты. Фотосалонда Бараковтардан басқа сегіз адам жұмыспен қам­тылған. Аудан бюджетіне қоса­тын үлестері де қомақты. Әй­теуір олар қатыспайтын мәдени шара кемде-кем. Осынау еңселі үйдегі ынты­мақ көршілерге де жұғысты. Болат пен Гүлнәр, Нұрлан көрші­лері мерекеде бас қосып, бір-бірінің қуаныш­тарын бөліседі. Ал, Уәлиханов атындағы орта мек­теп директоры Зоя Қырғыз­баева көп ұлтты отбасындағы балалардың тәрбиесі жайлы ойын жеткізді: – Карина зерек, әрі тәрбиелі. Енді, міне, ағылшын тілінің ма­ма­ны болды. Диана 3-сыныпта оқи­ды. Қазақ, орыс, өзбек тілдерін жақ­сы меңгерген. Бараковтар ата-аналар комитетінің белсенді мү­ше­лері. Бала тәрбиесіне арналған іс-шар­аларға қатысып, әлеуметтік жа­ғынан жеткіліксіз қамтылған­дар­ға қамқорлық көр­се­теді. Жал­пы, тілі басқа, тілегі бір, жүзі бас­қа, жүрегі бір осы бір жандардың өмірлері ізгілікпен нұрлана түс­кен, деді. «Тірліктің күші – бірлікте, бірліксіз істе – береке жоқ». Қазақтың осы бір даналық сөзін жүректеріне мықтап түйген отбасы дәулетке қол жеткізіп, тұрмыстарын сәу­лет­тендіре түсіпті. Бақыты мен бағын адал еңбекпен өрген шаңырақтағы шаттыққа куә болып марқайдық. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. _______________ Суретте: ұлттар достығы жарасым тапқан Бараковтар шаңырағында.