Жақында Астана қаласындағы «Ақ шаңырақ» мейрамханасында елордамызда тұратын ұйғыр қауымдастығы Наурыз мерекесін тойлады. Оған астаналық ұйғырлармен бірге еліміздің басқа облыстарын мекендейтін осы халықтың өкілдері де келіп қатысты.
Мерекенің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Исрапул Саттаров, Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Түсіп Рысбеков және аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Сафура Бисенова астаналық ұйғырлардың жігіт басы Мұрат Мөрдинов, тағы басқалар жиналған қауымды ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Мереке барысында Алматыдан келген қонақтар — Қ.Қожамияров атындағы республикалық Ұйғыр музыкалық комедия театрының «Нава» фольклорлық және «Рухсара», сондай-ақ аты өнерсүйер қауымға әйгілі «Яшлиқ» ансамбльдерінің әншілері мен бишілері өнер көрсетті.
Мереке барысында қонақтар ұйғыр ұлттық тағамдарының, киім үлгілерінің және саз аспаптарының көрмесін тамашалады. Думанның соңы жастардың би кешіне ұласты.
Ершат ӘСМӘТОВ, журналист.