Кеше Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) құрылғанына 10 жыл толуына байланысты «Шанхай ынтымақтастық ұйымына – 10 жыл» мерейтойлық монетаның тұсаукесері және Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығына орай «Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы» атты пошталық марканың рәсімі болды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, еліміздің ШЫҰ мәселелері бойынша ұлттық үйлестірушісі Шахрат Нұрышевтің хабардар етуінше, Қазақстан 2010 жылдың маусымынан бастап ШЫҰ-ға төрағалық етіп келеді. Еліміз ұйымға мүше барлық мемлекеттермен келісілген 2010-2011 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын және Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығының Іс-қимыл бағдарламасын басшылыққа ала отырып, төраға ретінде белсенділікпен жұмыс істеуде. Он бір ай ішінде төрағалық аясында ұйымға мүше мемлекеттердің аумағында 100-ге жуық түрлі деңгейдегі және пішіндегі іс-шаралар өткізді. Қазақстанның осындай беделді ұйымдағы төрағалығы 15 маусымда Астанада ШЫҰ-ның 10 жылдығына арналған саммитпен аяқталғалы отыр. Алдағы іс-шараның мерейтойлық сипатын және Қазақстанның ұйым тарихындағы осындай елеулі оқиғаның қарсаңында төрағалық етуін ескеріп, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ШЫҰ хатшылығының қолдауымен, сондай-ақ Ұлттық банкпен және «Қазпошта» АҚ-пен бірлесе отырып, естелік монетаны және пошталық марканы айналымға шығарды.
– Бүгінгі «ШЫҰ-ның 10 жылдығы» атты мерейтойлық монетаның тұсаукесері және «Қазақстан Республикасының ШЫҰ-дағы төрағалығы» маркасының салтанатты өшіру рәсімі Қазақстанның төрағалығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі және Астанада өтетін саммит туралы оң сипаттағы ақпаратқа қосқан біздің ортақ үлесіміз болып табылады. Аталған монета мен марка халықаралық филателистер мен нумизматтар тізбелерінде лайықты орын аларына сенімдіміз, – деді Шахрат Нұрышев.
ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің атап өтуінше, Қазақстанның төрағалығы белсенді әрі қарқынды жүруде. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қолдауымен алдағы мерейтойлық саммит өз деңгейінде өтеді. Монета мен пошта маркасының шығарылуы ұйымның 10 жылдық мерейтойына үлкен тарту болмақ.
Бұдан соң Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бақытжан Тәжияқов пен «Қазпошта» АҚ-тың басқарма төрағасы Әркен Арыстанов мерейтойлық монета мен пошталық марканың сыртқы көріністеріне сипаттама берді. Бақытжан Тәжияқовтың айтуынша, мерейтойлық монетаның үстіңгі бетінде ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің әлем картасындағы орналасқан аумақтары бейнеленген. Оны қоршаған «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деген сөздер қазақ, орыс және қытай тілдерінде жазылған. Монетаның екінші бетінде еліміздің мемлекеттік нышаны – елтаңбаның бейнесі орналастырылған. Монета 4 мың данамен шығарылып отыр. Құны 6 мың теңге, таза күмістен жасалған.
– 15 маусымда Астана әлемдік саяси қоғамдастық өкілдерінің назарын аударатын ірі халықаралық іс-шара – ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитін қабылдайтын болады, – деді «Қазпошта» АҚ-тың басқарма төрағасы Әркен Арыстанов. – Саммитті өткізу қарсаңында «Қазпошта» Қазақстанның ШЫҰ-ның басымдылығына қол жеткізуге деген ұмтылысын, Орталық Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қолдай отырып, ұйымның құрылғанына және Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығына арналған мерейтойлық пошта маркасын шығарды.
Маркада ШЫҰ логотипі және қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдеріндегі мәтіндік композиция бейнеленген. Марканың құны – 210 теңге, көлемі – 28 х 40 мм, таралымы – 50 000 дана. Перфорациясы жоталы, төрт түсті бояумен, офсеттік тәсілмен басылған. Суретшісі – Данияр Мұхамеджанов. Мерейтойлық пошта маркасы Қазақстан Республикасының пошта маркалары коллекциясындағы 729-шы марка болып табылады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.