• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

25 миллион доллар сыйлық белгіленіп отыр

460 рет
көрсетілді

Әрине, бас лаңкес дейтін қызмет жоқ, бірақ Усама бен Ладенді солай атау қабылданған және бұл атау оның мазмұнына сай келеді. Сөйтіп, осы аптаның алғашқы күні Пәкстандағы Абботтабад қаласында әлемдік лаңкестіктің көсемі бен Ладеннің көзі жойылды. Газетіміздің өткен нөмірінде бұл жа­йын­да хабар жария­лан­ған. Бі­рақ осынау оқи­­ға тура­лы аз-кем ой тұжырым­дау қажет сияқты. Тарихта жақ­сы да, жаман да қа­лады. Жақсылығы­мен аты өшпейтін ұлы­лар бар. Біреулер жа­ман­дығымен де ұмытылмайды. Қаты­гезді­гімен, жауыздығымен аты шық­қан патшалар, қарақшы­лар өткен. Усама бен Ладен солардың сұрпынан. Қазіргі за­ман­ның жа­уызы, техника­ның соңғы жетістігімен мұз­дай қа­руланған, қолы ұзын, мүмкіндігі мол жауыз. Жалпы, өлімді мақұлдап, біреу­дің көзі жойылғанын жөн санап сөйлеу қиын. Мұндайда сол жа­уыздардың қолынан қа­за тапқан жазықсыз құрбан­дардың аруағын көз алдыңа елестете отырып сөз айтасың ғой. Осы­дан он жыл бұрын Нью-Йорк­тегі лаңкестік әре­кет­тен бір мезетте үш мың адамның қаза тапқаны тарих­тағы қара таңба болып қалары анық. Сол зұлым­дық бен Ла­деннің бас­шылығымен жа­сал­ды. Қаза бол­ғандар кәпір еді ғой деп, жүрегі таза бір мұ­сылман сол әрекетті ақтамасы да анық. Бен Ладеннің көзін жоюды ойластырғанға да он жылдан асты. Бүгінге дейін қолға түс­пей келді. Ақыры АҚШ-тың арнаулы қызметі оны сонау Пәкстан жерінен тауып, көзін жойды. Осыларға байланысты ай­та­тын әңгіме көп. Тірі қал­дырса, лаңкес­тер оны құтқару үшін адамдар­ды аманатқа алуы мүм­кін екен. Оның денесін ешбір ел қабыл­дамапты дейді. Ол бір жерге жерленсе, оны ра­ди­калды исламистер тағ­зым ететін қасиетті орынға айналдыруы ай­дан анық. Сірә, АҚШ бас­шылығы осыны ескерсе керек. Ең бастысы – әлемді тітіренткен қаныпе­зер­дің көзі жо­йылды. Бұл жайында пікір білдірген әлемдік тұлғалар мен мемлекет басшыла­рының бар­лығы да бұл өзі лаң­кес­тер қо­лынан таза тапқан­дардың аруа­ғы риза болғандай сауап­ты іс бол­ғанын, лаңкестік­пен күрестегі ор­тақ істің жеңісі екенін айтады. Біраз жерде жұрт шеруге де шы­ғып, қол­даған­дық­тарын білдірді. Әрине, бұл жерде екінші бір пікірді де аттап кете алмайсың. Біреулер мұны АҚШ-қа ғана керек істей бағалады. Палес­ти­надағы ХАМАС ұйымының кө­се­мі Хания мұны аме­ри­калық­тардың мұ­сыл­ман­дар мен араб­тарды тұ­қырту саясатының жал­ғасы санаса, ресейлік белгілі сая­сатшы Е.Сатановский оны Барак Обаманың сайлау алдын­дағы нау­­қанына қызмет ететін шарадай көреді. Бас лаңкестің көзі жойыл­ды. Бірақ оның ісі әлі жо­йыл­мағаны да анық. Орнын басар адам да бар. Сол орнын ба­сады деген екінші бас лаңкес саналатын Айман әл-Зауахи­ри қайда екенін көрсеткенге 25 миллион доллар сыйлық та белгіленіп отыр. Сонан соң Әбу Яхия әл-Либидің аты аталады. Енді лаңкестер күш біріктіріп, кек қайтарады деген де пікір бар. Ол негізсіз де емес. Сондықтан да олармен күресте де күш біріктіру қажет-ақ. ОБАМАМЕН КҮРЕСПЕКШІЛЕР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ Үлкен саясат үлкен тұлғалардың төңірегінде жасалады. Жұрт кейбір елдер басшыларының ауысқанын да білмей қалады. Ал АҚШ президентінің сайлауына бір жарым жылдай уақыт болса да, Барак Обамаға қарсы республикашылар арасынан кім шығады деген әңгіме қызып тұр. Демократ­тар­­дың қалауы – Обама. Адам­да­ры билікте болса, пар­тиялар жа­ңа адам іздеп жат­пайды. Ал рес­публи­ка­шы­лар ал­дымен өз арала­рынан біреуді анық­­та­ғанша, біраз айтысып-тар­ты­сады. Кейін біреуге тоқта­ғаннан кейін бәрі де соған дауыс береді. Әрине, қазір олардың әңгі­ме­сіндегі басты арқау – Оба­маны сынау, қазіргі прези­дент­тің ақсап жатқан тұсын айту. Бұл ретте олардың мүмкіндігі көптеу. Биліктегі президенттің жұмысы жұрттың көз алдын­да, іздегенге кемшілік табыла­ды, сонымен бірге, оның ат­қар­ған жұмысы да көрініп тұр. Оған америкалықтар ғана емес, әлем куә. Әдетте биліктегілер көбіне жеңіп жатады. Олардың таны­мал­­дылығы жоғары. Оларды қарсылас партияда жаңа күшті тұлға пайда болғанда ғана жеңеді. Саясатшы­лардың па­йым­дауынша, респуб­лика­шы­лар қатарында соңғы кезде ондай «жарық жұлдыздар» пайда бола қоймаған сыңайлы. Сөйт­се де күреске білек сыбанып шыққандар бар және олардың қатары көбейе­тіні де даусыз. Алда әлі уақыт баршылық. Жұрттың айтуынша, әзірге Барак Обамаға бәсекелес бола­тын адам – Мит Ромни. Өткен сайлауға да қатысқан. Онда ол Массачусетс штатының губер­наторы еді. Одан бұрынырақ Юта штатын басқарған. Сон­дай-ақ Солт-Лейк-Ситидегі Қыс­­қы олимпиаданың ұйым­дас­­тыру комитетін басқарып, көзге түскен. Тіпті Обамамен бедел жарыс­ты­рып та жүр. Би­ылғы қаң­тар­да Обаманың рейтингі 51 пайыз, ал оныкі 38 па­йыз болса, дәл бүгін тиісінше 47 және 45 па­йыз­ды құрап отыр. Бұл оның беделі өсіп келе жатқанын аңғартады. Республикашылар үміт­кер­ле­­рінің арасында екінші орын­да – Майк Хаккаби. Арканзас штатының бұрынғы губер­нато­ры. Кезінде Билл Клинтон да сол штаттан президенттікке кө­теріл­ген. Хаккабиді де жергілікті халық барынша қол­дайды екен. Бірақ бұл ұлттық ауқымда қолдау болады деген сөз емес. «Ескілерден» Аляс­каның бұрынғы губерна­торы Сара Пэйлинді айтуға болар. Рас, ол өткен жолы вице-президенттікке түскен, енді өзі болғысы келеді. Қазір әкім­шілікте емес, теле­видениенің маңында жүр, жай емес, қазір­гі президентті сынауды кәсіпке айналдырған. Жұрттың пікірінше, Рон Пол мен Мишель Бахман «пре­зиденттікке де таласқан» деген атақты қанағат етумен шектелетін сыңай­лы. Оның есесіне жұрттың аузында кә­сіпкер Рональд Трамптың аты жүр. Ол өзінің насихатын Барак Обаманы қаралауға негіздеген. Бұрын да айтылған Барак Обама АҚШ-та тумаған деген (демек, президент болып сайлануға қақы жоқ) әңгімені қайта қоздырып, оны қалай да дәлелдемек. «Дұрыс емес президент жойылсын, Американы сүйетін кәсіпкерге дауыс бе­ріңдер» деген ұран насихат қазір жиі естіледі. Одан қазіргі президент те сескенетіндей. Мамадияр ЖАҚЫП.