Оның өмір мектебі − қатал соғыс болды. Асыл жастық шағы адам қаны суша аққан майданда өтті. Отан үшін от кешіп, жаумен қасық қаны қалғанша айқасты. Бұған “Қызыл ту”, “Александр Невский” ордендерін, оннан аса медальдар алғаны нақты айғақ. Ұрысқа алғаш кіргенде техник еді, соғыстың ең ауыр кезеңі, 1942 жылы батальон командирі болып тағайындалды. Ол кезде Шаймұхан Мұханов небәрі жиырмадан енді ғана асқан еді. Бір батальонда 4 рота, 15 взвод бар десек, қазақтың өрімдей жігітіне 600 адамның тағдырының сеніп тапсырылуы командирлік тәжірибесін, ерлігін бағалау болатын. Сөйтіп ол соғыстың алғашқы күнінен аяғына дейін алдыңғы шептен ғана көрінді.
Иә, Шаймұхан Мұханов 1940 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Новочеркасск қаласындағы әскери-техникалық курсқа қабылданады. Арада жыл өтпей жатып Ұлы Отан соғысы басталады. 19 жастағы жалын атқан Шаймұхан бір топ жолдастарымен Ленинград қаласының іргесіндегі Боровичи шәріне келеді. Осы жерде жасақталған 177-атқыштар дивизиясының жауынгерлерімен бірге шілде айының 10-ы күні алғы шепте жатып, соғыстың нендей кесепат екенін сезінеді. Жас жігіт өмір мен өлімнің аралығы қас қағым сәт екенін сол күні аңғарады. Алғашқы айларда басынан кешкен қатерлі сәттерді естелігінде тәптіштеп баяндауы содан болса керек.
Сол естеліктердің бірінде айтылғандай, жауынгерлерді қару-жарақпен қамтамасыз ететін қызметтің бастығы подполковник Сидоров Шаймұханға: «Оқ тиелген 5 арбаны алдыңғы шепке жеткіз!», деп, қасына бірер жауынгер қосады. Жолшыбай оларға жаралы солдаттар кезігіп: «Әй, ақымақ, мына жарақты кімге апарасың? Алдыңғы шепте қару ұстарлық жауынгер қалған жоқ...» − дегеніне сеніп, кері қайтады. Подполковник оның жауабын тыңдамай, балағаттап, атып тастамақ болып, тапаншасын суырады. «Менің бағыма сол сәтте полктың тылын басқаратын, жасы алпысты алқымдаған қартаң офицер келе қалып, әлгі әкіреңге: «Тапаншаңды шошаңдатпа! Немістің оғынан жусап жатқан боздақтар аз емес. Әуелі алдыңғы шептегі жағдайды білейік!..», деп біздің жігітті ертіп, бірде бүкеңдеп, бірде жер бауырлап жетсе, қолына қару ұстарлық тірі жан қалмағанын аңғарады. Екеуі содан ұрымтал тоғайға шегініп, тыңнан шеп құрған бөлімшеге тап болады. Нәтижесінде техник жігіт 5 арба жарақты соларға жеткізіп беріп, ерекше бөлімнің тергеуінен аман құтылады.
Фашистермен жан аямай шайқасқан Шаймұхан Мұхановтың әскери беделінің өсуі 3-батальонның пулеметшілер ротасына командир болғанда айрықша байқалған. Пулеметшілер ротасының міндеті − танкілердің соңында келе жатқан жаяу әскерді құрту. «Бір кезде біздің зеңбіректер гүрсілге басты. Танкілер алға жылжи алмай, кейін қарай жалт берді. Сол сәтте мен пулеметтің құлағына жармасып, сатырлатып ата бастадым. Өзге пулеметшілер де тұс-тұстан оқ жаудырды, − деп сипаттайды Шәкең өз ротасы жүргізген шайқасты. − Дәлдеп жаудырған оғымыз жау солдаттарын танкілерден бөліп тастап, көпшілігін жер жастандырды. Сол күні немістер үш дүркін шабуылға шықты, Екінші шабуылдан кейін өз кісілерімді түгендесем − 11 пулеметтің үшеуінде ғана атқыштар қалыпты. Кеш бата тағы түгендедім. Бүкіл ротадан төрт-ақ адам аман қалған, біреуі − өзім...»
Немістің әскербасылары негізгі күштерін Мәскеуді тезірек алуға жұмсап, Ленинградты жермен-жексен ететін ұрыстарды кейінге шегергені Ұлы Отан соғысының тарихынан мәлім. Алайда, ұзақ қантөгіспен жаулап алған күнбатыстағы аймақты уысынан шығармау үшін неміс командованиесі бірнеше дивизия ұстауға мәжбүр болған. Кеңес әскербасылары да Ленинград төңірегінде бекінген әскерді қозғамаған. Біздің жігіт − қорғанушы топтың жуан ортасында... «Тоғай ішінде бірнеше ай жаттық. Ұрыс саябырлаған сәтте жауынгерлерге қару-жарақты ұтымды пайдалану тәсілдерін үйретеміз. Мен көбіне мерген винтовкасын ұстап, жау жақты аңдимын...» − деген лебізді Шәкең осы мезгілге арнаған. «Бірде батальон командирі ротаға келіп, маған алғыс жариялады. Сөйтсем, зеңбірекшілердің бақылау пунктінен неміс мергенімен менің жекпе-жегімді байқағандар болыпты. Жау мергенін жайратқаным үшін маған “Ерлігі үшін” медалі беріліп, іле-шала Коммунистік партия қатарына мүшелікке қабылдандым» − делінген естелікте. Бір айдан кейін ол батальон командирінің орынбасары міндетін атқаруға кіріседі. Ал сәуір айында 21 жасқа енді ғана аяқ басқан қазақ жігіті, аға лейтенант Мұханов батальон командирі болып тағайындалады.
1944 жылдың маусым айының бас кезінде Нарва өзенінен өтіп, Выборг қаласын жаудан азат ету үшін басталған шабуыл кезінде капитан Мұханов мина жарықшағынан ауыр жарақаттанады. Емделіп, Иванов облысының Кинешма қаласындағы госпитальда төрт ай жатыпты. Содан сауығып шыққан кезде ол әскери рәсімді тәрк етіп, өзі бауыр басқан дивизияға қайтып келеді. 1945 жылғы сәуірдің 29-ы күні бұлардың дивизиясы Курляндия түбегіне пойызбен жеткізіледі. Осы жерде немістердің 350 мың әскері шоғырланған, олар және ақтық оғы таусылғанша қарсыласпақ дегенді естиді. Сондықтан 3-батальонның командирі 8 мамыр күнгі ертеңгілікте әр жауынгерге автоматтың 4 дискасын, 4-5 граната үлестіріп, винтовка ұстағандарды да мол оқпен көтергенінше жабдықтап, шабуылға шығуға сақадай сай отырады. «Шабуылға бұйрық күтіп дегбірсізденіп тұрғанда телефон шырылдап, байланысшы трубканы маған ұсынды, − деп сыр шертеді Шаймұхан ақсақал кітабында. − «Тыңдап тұрған капитан Мұханов», деп едім, полк командирінің саяси орынбасары М.Ферберев: «Шаймұхан, жеңіспен құттықтаймын!» − деді бар даусымен айқайлап. Сол сәтте не дегенімді білмеймін, есім шығып, трубканы тастай салып: «Қымбатты жолдастар, соғыс бітті. Біз жеңдік! Ура... − деп үнім қарлыққанша айқайлай беріппін» дейді. Содан Шаймұхан 1946 жылдың маусымында, яки жеті жыл ұдайы әскери міндетін үздіксіз атқарудан соң елге қайтады.
Омырауы ордендер мен медальдарға толы, майдангер майор, коммунист, жасы жиырма бестің шебінен енді ғана асқан жігіт әуелі Талдықорған облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысына кіреді. Олар оны бірден обкомның ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп тағайындайды. Бір жарым жылдан кейін Шәкең ұйымдастыру бөлімінің орынбасары болып тағайындалады. 1950 жылдың басында сол кезде Қаратал ауданы аталатын аупарткомға екінші хатшы болып сайланады. Екі жылдан соң Талдықорған қалалық партия комитетіне хатшы болып ауысады.
Кеңес Одағының билігін қолына алған Н.С.Хрущевтің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан социалистік басқару жүйесіне пайдалы да, залалды да өзгерістерді күштеп енгізіп, халықтың дағдылы тірлігін қауырт өзгертуге ұмтылғаны мәлім. Солардың бірі, сірә, ең сәттісі − мемлекеттік қауіпсіздік органын игі істерімен сыннан өткен, тәжірибелі партия кадрларымен күшейту әрекеті болған секілді. Осы науқан Шаймұхан Мұхановты да айналып өтпеген, сөйтуге, сірә, әскери тәжірибесі де ескерілген. 1962 жылы ол осы жүйенің Алматы облыстық комитеті төрағасы болып тағайындалады. Бірер жылдан соң қайтадан құрылған Талдықорған облысындағы басқармаға ауысады. Одан кейін Жамбыл облысында істейді. Өз айтуынша: «КСРО қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» деген мәртебелі атаққа ие болдым. Партия сенімін ақтау үшін аянбай еңбек етіп, КСРО-ның қорғаныс қабілетін сақтауға, арттыруға хал-қадерімше қызмет еттім. Ақыр аяғында жасым егде тартып, денсаулық сыр бере бастаған соң өз қалауыммен зейнетке шықтым», дейді.
Зейнетке шыққан соң-ақ жас күнінен бауыр басқан Талдықорған қаласына көшіп келеді. Бірақ, жергілікті әкімдер қайраткерлігі мен іскерлігі мәлім зейнеткерді үйінде отырғызбапты, келген бетінде-ақ облыстағы ардагерлер кеңесіне төрағалыққа тағайындайды. Шәкең соны да абыроймен атқарады. Сөйтіп жүргенде 1996 жылдың қоңыр күзінде Талдықорған қаласының байырғы тұрғыны, дербес зейнеткер Шаймұхан Мұхановтың балалары өткізбек болған “алтын тойға” кенеттен қала әкімдігі араласады. Сөйтсе Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов қала әкіміне телефон соғып: «Маршал Дмитрий Язов және мен ертеңгі ұшақпен сіздерге келеміз. Майдангер Шаймұхан ағамыздың соғыс жылдарында оған командир болғанын, сірә, сіздер білмейсіздер. Маған соны Дмитрий Тимофеевич Мәскеуден телефон соғып, қарт ұстазын құттықтау үшін келетінін хабарлады...», − дейді.
Содан ноян әскербасылар ұшақтан түскенде, қолдарына гүл ұстаған бір қауым ел әуежайда күтіп тұрады. Оркестр марш ойнап, кең алаңды дүбірлете бастағанда, маршал Язов адымдап келіп: «Жолдас взвод командирі, өзіңіздің орынбасарыңыз, қазіргі маршал шәкіртіңіз шақыруыңыз бойынша құзырыңызға келгенін мәлімдеймін!..» − деп рапорт береді. Шәкең де бойын тіктеп: «Рахмет, Митя! Рапортыңды қабылдадым. Өзің бір кезде адал қызмет еткен қазақ еліне хош келіпсің!» − деп құшағын айқара ашады.
Олар ұзақ қауышқанда, оркестр туш ойнап, алаңдағы жұрт дүркірей қол соғып, мәре-сәре болыпты... Өйткені, кезінде әскери училищені жедел тәмамдап, кіші лейтенант шенімен Ленинград майданына келген өрімдей жас, талдырмаш жігіт Митя Язов сол қарсаңда Шәкеңе орынбасар болып, блиндажда жарым жылдай уақыт бірге болыпты. Шәкеңнің әскери дәрежесі өсіп, рота командирі болғанда, ол өз взводын жас офицерге тапсырған. Содан өзі батальонға ие болғанда, рота командирі етіп тағы да осы жігітті тағайындапты. Қалайда қимыл-әрекеті жіті әрі ақылмен әрекет ететін бозбалаға ерекше сенім білдіріп, жантүршігерлік ауыр соғыстың қатал мектебінен тезірек өтуіне септігін тигізген.
Иә, адам қаны суша төгілген соғыс күндерінде байланған достықтың бекем болатыны әлмисақтан мәлім. Демек, біздіңше, Дмитрий Язовтың жүрегінде мәңгі ұялап, маршал атанған мәртебелі шағында да өзіне қамқорлық көрсеткен алғашқы командиріне ізетпен қарауының түп себебі осы деп білеміз.
Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы.