Бүгінгі таңда Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – студенттерді спорттық қырынан танытып жүрген білім ордасы. Былғары қолғаптан есе бермей жүрген ұлттық құрама еліміз үшін ғана емес, әлем алдында биік беделге ие. Бұл орайда былғары қолғап шебері болуға құлшыныс жасап жатқан жастардың баршылығы көз қуантады. Ал білім беру мекемесінің жас спортшыларды қолдап, бақтарын баптарымен ұштастырудағы еңбектері ерекше.
Аталмыш жоғары оқу орны спортсүйер қауым назарына былғары қолғаптан талай сында топ жарған жігіттер легін ұсынды. Кешегі Гуандчжоуда өткен ХVІ Жазғы олимпиада ойындарынан алтын медаль алып келген Данияр Елеусінов, Бейжің олимпиадасында еліміз құрамасының сапында өнер көрсеткен Мерей Ақшалов, сонымен қатар жастар арасындағы өз салмақ дәрежесінде Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бақытжан Қожабеков сынды жігіттерімізді шаршы алаңға шығарған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті десек, онда бұл жетістік университет үшін ерекше мәртебе.
Білім және ғылым министрлігі Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бағдарламасына сай өтетін жоғары оқу орындары студенттері арасындағы VI жазғы универсиаданың биылғы жылғы бокстан біріншілігінің С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да ұйымдастырылуы да осы жетістіктің негізінде болса керек. Астаналық білім ордасы өз мәртебесін универсиада барысында тағы бір сәт мойындатты. Еліміздің түпкір-түпкірінен 30 команда бойынша 165 спортшы қатысқан бәсекеде университет құрамасы 1-орынды иеленді. Сонымен қатар, ең үздік былғары қолғап иегері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенті, өз салмақ дәрежесінде алтын медаль алған Нұрлан Әбжанов атанса, ең үздік бапкер мәртебесі университет құрамасының жаттықтырушысы Жанат Манашевқа бұйырды.
Ерлер арасындағы 7 түрлі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жүлделі болған жас жеңімпаздардың жеңісі университет тарапынан Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналса, еліміз бұл жеңімпаздар есімін ұлттық құрама тізімінен көруге мүдделі.
Білім мен ғылымды спортпен табысты ұштастырған жоғары оқу орны дәстүрге сай әлі де былғары қолғап шеберлерінің талай буынын тәрбиелей бермек.
Еркежан КҮНТУҒАН.
Астана.