• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Мәшине жасау ісі өрге бассын десек...

619 рет
көрсетілді

Бүгінгі ел экономикасында шикізаттық емес саланы да­мы­ту мен өрге бастыру жетекші мәнге ие. Соның бірі, бірі емес-ау, бірегейі – мәшине жасау ісі. Сонымен бірге бұл сала 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламаның да көш ба­сында тұр. Мемлекеттік бағдар­ла­мадағы осы жауапты міндетті батысқазақстандық мәшине­ жа­сау­шылар қалай атқарып жүр? Ендігі әңгімені осы сауалға жауап тұрғысынан жалғастыр­ғымыз келеді. Иә, мәшине жасау мұндағы жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлер үшін бұрын беттесіп көрмеген, тосын сала емес. Олардың бойында мұндай кәсіби дағдылар мен шебер­лік­тің қалыптасқанына талай жыл өтті. Осы аралықта оралдық өнер­­кәсіп иелері ауыл шаруа­шы­лы­ғы мен мұнай-газ, қорғаныс кәсіпорындарына, энергетикаға қа­тысты мәшине жасау ісін бес саусақтарындай меңгере білді. Орал қаласында сол кездің өзінде құрылған конструкторлық бюролар осы күнге дейін өз ықпалын жоғалтқан жоқ. Сандық бағдар­ла­мамен басқарылатын жабдық­тар жөнінде де жасалар түйін осындай. Оралдық мәшине жасаушы­лар бәсекеге қабілеттілікті да­мы­та отырып, өз өнімдерін тұрақты түрде экспортқа шығарып келеді. Сонымен бірге, олар бүгінгі ішкі рыноктағы қажеттіліктерді де өтеп жүр. Мұндағы кәсіпорын­дар­дың конвейерінен шыққан жаңа да сапалы өнімдер таяу және алыс шет елдегі өндіріс­ші­лер тарапынан тиісті сұраныс­тар­ға ие. Әйтсе де, талдаулар барысы би­ылғы жылдың бірінші тоқ­са­нын­да өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда өндіріс көле­мі сәл де болса төмендегенін көр­сетіп отыр. Оның басты себептерін тендерлердің жай өткізіл­ге­ні­нен, 2011 жылдың осы кезеңінде өрт сөндіру мәшинелері мен таза су қондырғыларының өндіріл­ме­ге­нінен іздеген жөн. Бұл мә­се­ле­ге біз сәл кейін кеңірек тоқта­ла­тын боламыз. Экспортқа шығарылып жүр­ген өнімдердің алғашқысын республикада баламасы жоқ газ-турбиналы электр стансасы және газ айдау агрегаттары өндірістері құрайды. Батыс Қазақстан мә­ши­не жасау компаниясы шығарып жүрген осынау өнімдердің өтім­ділігі жоғары. Өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі «Зенит» Қорғаныс министрлігінің тапсы­ры­сына сай катерлер және кемелер жасаумен шұғылданып келеді. Сондай-ақ, облыста мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемесе де, өздерінің тұрақты тұтыну­шыларын таба білген кәсіп­орын­дар туралы айта кетудің өзі бір мерей. Айталық, «Қаз­АрмаПром» кәсіпорны өз өнім­дерінің тоқсан пайыздан аста­мын экспортқа шығарады. Мұн­да «Бизнестің жол кар­та­сы-2020» бағдарламасы шең­бе­рінде арнайы жабдықтар мен ұнтақтағыш шарлар өндіру жо­басы жүзеге асырылуда. Оған 13 миллион доллар кө­лемінде қаражат жұмсалған. Биыл оның бірінші кезеңі аяқ­та­лып, алдағы жылы ол толық­тай іске қосылмақ. Метал­лур­гия­лық сала тізбегіне кіретін бұл іргелі жоба өндіріс өнім­ділігін көтеруге елеулі үлес қо­сады деп күтілуде. Осы арқылы «ҚазАрмаПром» республика­ның Мұнай және газ министрлігі, сонымен бірге «Қазақ­стан темір жолы» ұлттық ком­панияларымен тығыз байланыс орнатпақ. Орал өңірінде мұндай мы­сал­дар жеткілікті. Осы орайда «Орал механика зауыты» кә­сіп­орнының конвейерінен шыққан өнімдердің 75 пайызы ресейлік тұтынушыларға жөнелтіліп жүр. Ал «ҚазТрубПром» ЖШС шы­ғарған коммуналдық құбыр­лар­дың 80 пайызы  Ресейдің «Құ­бырлық металлургиялық ком­би­наты» сауда үйіне жол тартады. Иә, мамандар Ақжайық өңі­ріндегі мәшине жасау саласы кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін жоғары бағалап отыр. Әйтсе де, осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайды. Осын­дай «әттегенайларды» айта кету де журналистік парызымыздың бірі деп санаймыз. Біз жоға­рыда биыл облыста таза су қон­дырғысы шығарылмаған­дық­тан ол өңір өндірісінің сәл де болса төмендеуіне әсер еткенін жаз­ған едік. Орал қаласында мұн­дай өндіріспен «Омега» АҚ шұ­ғылданады. Сөз жоқ, бұл рес­публиканың қай өңіріне де аса қажет қондырғы. Оның үстіне Елбасының биылғы Жолдауын­да тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі өткір қой­ылғаны белгілі. Осыған қара­мас­тан соңғы уақытта оған тап­сырыс көлемі мүлдем азайып кеткен. Сондықтан да, респуб­ликаның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі кә­сіп­орынды қажетті тапсырыс­пен қамтудың нақты мүмкіндік­терін қарастырғанын қалар едік. Екіншіден, біз жоғарыда би­ылғы жылдың бірінші тоқса­нын­да «Орал агрореммаш» АҚ-та өрт сөндіру мәшинелерін шы­ғару тоқталып қалғанын жаз­ғанбыз. Бұл мәселе жөнінде өткен қаңтар айында газетімізде «Үкімет назарына» деген айдармен сараптамалық-талдау ма­қала жарияланды. Онда ар­найы техниканы шығару жөні­нен мол тәжірибелері мен кәсі­би шеберліктері қалыптасқан агрореммаштықтардың тендерден орынсыз шеттетілгені сы­налған болатын. Осы мақала жазылып жатқан кезде тілшілер қосынына аталған кәсіпорынның жетекшісі Ғимран Бисенов әділеттілік қалпына келгенін, тендерде жеңіп шыққанын хабарлап, мәселені орынды көтер­ген «Егемен Қазақстан» газетіне ризашылығын жеткізді. Ендеше, осы арқылы биылғы жылдың І тоқсанында Оралда сәл олқы түскен өндіріс көлемі өз орнына келеді деп сенеміз. Енді тағы да көтеріліп отыр­ған басты мәселеге оралсақ.  Бү­гінгі күні республикада өнер­кәсіп­тің дамуындағы ең күрделі проблема кәсіпорындардағы құ­рал-жабдықтардың ескіргені бо­лып отыр. Сондықтан, қолданыс­тағы мәшине, механизмдер паркін қайта жаңғырту өзекті де қажетті мәселеге айналды. Қолда бар деректер облыстағы мәшине жасау саласында негізгі өндіріс­тік қорлар мен құрал-жабдық­тардың тозу, ескіру деңгейі алпыс пайыз құрайтынын көрсетеді. Бұл республикалық орташа көр­сет­кіштен 3,4 пайызға жоғары. Бұл жәйттің өзі технологиялық жабдықтарға инвестиция тарту деңгейін шұғыл көтеру қажет­тігін аңғартады. Осы арқылы экспортқа бағыт­талған жаңа өндірістердің өрісін одан әрі кеңейтуге жол ашы­ла­тыны анық. Бұл ретте республикада қолға алынған «Өнім­ді­лік-2020» бағдарламасынан кү­тер үміт мол. Соған сәйкес ірі және орта кәсіпорындарға екі ба­ғытта қолдау көрсетілмек. Яғни ол, біріншіден, бизнестегі жаңа бас­тамаларды қолдауға бағыт ұстаса, екіншіден, жұмыс істеп тұрған кә­сіпорындардың құрал-жабдық­та­рын жаңғыртуды көз­дей­ді. Үшінші бір қызметі, ірі және орта бизнесті сауықтыруға қолдау көрсетеді. «Өнімділік-2020» бағдарла­ма­сы­ның тағы бір ұтымдылығы – шет елдерден жоғары білікті мамандар тартуға мемлекет та­рапынан ықпал жасау. Бұл арада Үкімет тек ықпал жасаумен шектелмей, мамандар тартуға жұмсалатын шығынның 50 пайызын төлейтінін де айта кеткен жөн. Талас жоқ, бұл өте үлкен көмек. Ендеше, респуб­ликадағы мәшине жасаушы кәсіпорындар бұл мүмкіндікті қалт жібермегендері жөн. Оралдық мәшине жасаушы­лар­ды қажетті кадрлармен және мамандармен қамтуда жер­гілікті атқарушы органдар тарапынан оң қадамдар белгіленгені де атап айтуға тұрар­лық мәселе. Кадрлардың қа­жет­тілігіне талдаулар мен маркетингтік зерттеулер жүргізу ісі де осы арнадан бастау ала­ды. Бүгінде Орал өңірінде техникалық кадрлар әзірлеу ісінің басты ошағы – Батыс Қа­зақстан аграрлық-техникалық университетіндегі мәшине жасау факультеті мен облыс орта­лығындағы №1 кәсіптік-техни­калық мектеп болып отыр. Өнеркәсіптің өзге салала­рын­дай емес, мәшине жасау ісі­нің өрісі мен ауқымы өте кең. Оны бір өңірдің немесе бір мемлекеттің шеңберімен тұйықтап, тұсап тастай алмай­сың. Саланың өзіндік ерекшелігі мұндай өлшеммен мүлдем сыйыспайды әрі өркендей де алмайды. Оған жоғарыда ай­тылғандай географиялық кең тұтыну рыногы керек. Бұған Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында құрыл­ған Кеден одағы да тек игі әсерін тигізбек. Оралдық мәшине жасаушылар бүгінде осы талаптар үдесінен шығуға бекем бел буған. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.