Қазақтан ұшқан қыраным,
Заманның көнбей ырқына, –
Алладан теңдік сұрадың,
Алаш дейтұғын жұртыңа.
Пенденің басына салмаған,
Жүк таптың, ауыр іс таптың.
Хан Кене таба алмаған
Кәуірдің тілін сен таптың!
Тарих көшінде сыналып,
Бүгінге жеткен дүркірі, –
Қазақстан дейтін мына жұрт
Қазақ болады бір күні!
Алашым –
Саяси картада,
Түсіріп құран-хатымды, –
Астана салып Арқаға,
Тәнті еттің адамзатыңды!
Бүтіні керек іргенің,
Нұр керек өскен гүлдерге.
Алла бар көкте білгенім,
Алаш бар, сонсоң бұл жерде!
Қазақтан ұшқан қыраным,
Заманның көнбей ырқына, –
Алладан медет сұрағын,
Алаш дейтұғын жұртыңа.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын.