• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2011

Әзірше «Арландар» алда

447 рет
көрсетілді

Жеңімпаз команда тағдыры келесі жекпе-жектерде шешілетін болады Кеше Гуянг қаласында былтырдан бері Халық­аралық әуесқой бокс қауым­дастығының бастамасы­мен өткізіліп келе жатқан Дүниежүзі­лік бокс серия­сының финалдық кездесу­лері­нің алғашқы жекпе-жек­тері өтті. Гуиджи провинциясы универ­ситетінің спорт аренасында керілген шаршы алаңда Азия, Америка және Еуропа құрлық­тары­нан қатысқан 12 коман­даның арасынан финалға жолдама алған «Астана арлан­дары» мен «Париж юнайтед» командасының алғаш­қы бестігі күш сынасты. Осы күнгі жекпе-жектерге шар­шы алаңға бас бапкер Бейбіт Есжановтың жетекшілігімен Қа­нат Әбутәліпов, Мерей Ақшалов, Қанат Сіләм, Рамжон Ахмедов пен Руслан Мырсатаев шығып, қарсыластары – фран­ция­лық клубтың грузин легионері Георгий Клинавамен, тегі африкалық Рашид Аззединмен, Стефан Гуеваспен, Хрвож Сеппен және аса ауыр салмақтағы Тони Йокамен қолғап түйістірді. Бұл айқастар­дың бәрінде қазақ боксшылары Қытайдан құрала­қан қайту үшін емес, жеңіске деген зор құлшы­ныс­пен келгендерін көрсетті. Ең жеңіл салмақта рингке шыққан Қ.Әбутәліпов (50-54 кг. арасы) грузин бокс­шы­сымен күш сынасып, таза жеңді. М.Ақшалов  пен Р.Аззединнің ара­сын­дағы кездесуде (57-61 кг. арасы) жеңіс қазақстандықтың қарсыласына бе­рілді. 68-73 кило салмақта шар­­шы алаңға шыққан Қ.Сіләм кез­десу тағ­дырын алғашқы раунда-ақ шеш­ті. Қарсыласы С.Гуевас жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Ал Р.Ах­медов пен Х.Септің (80-85 кило арасы) арасындағы бәсе­ке қы­зық­ты әрі тартысты өтті. Екеуі де жеңіс үшін барын салып жұ­ды­рықтасты. Сөйтіп, ең соңғы раундта жеңіс біздің бокс­шыға берілді. Аса ауыр салмақ­тағы (91 килодан жоғары) Р.Мыр­сатаев өзінің қар­сыласы Т.Йокамен кездесуінде жеңілуге мәжбүр болды. Сөйтіп, алғашқы күнгі жекпе-жектерден кейін «арландар» 3:2 есебімен алда тұр. «Арландарға» алдағы жекпе-жектер де оңай соқпайтын сыңайы бар. Ол да түсі­нікті. Өйткені, бұл финал ғой. Бұл бәсекелерге азиялық төрешілер қазылық жасаған жоқ. Бас төреші бразилиялық болса, қалғандары Еуропа мен Америка құрлықтарынан келген қазылар болды. Енді финалдың екінші күні Міржан Рақымжанов, Ержан Мү­сәпіров, Бақыт Сәрсекбаев, Марат Молдагереев пен Сардор Абдуллаев қолғап түйістіреді. Жалпы, «Астана арландары­ның» финалға дайындығын бас бармақпен бағалауға болады. Бәрінің жарысқа сақадай сай дайындалып келгендері көрініп тұр. Сол үшін команданың бас директоры Болат Манкенов пен бас бапкер Бейбіт Есжановқа, бокс­шылардың жаттықтыру­шы­лары мен дәрігерлеріне, коман­да­ны күзден бері жеңіске жетелеп келе жатқан басқа да ма­мандарға алғыс айтқанымыз жөн. Ал финалдық кездесу өткен Гуиджи провинциясы университеті спорт кешенінің Алматының ҚазҰУ қалашығына ұқсастығы көп екен. Бұл жерде спорт аре­на­сынан басқа білім ордасына керекті нәрсенің бәрі бар десе бо­ла­ды. Оқу орнының айналасы ғи­мараттарға толы, арасында спорт аренасынан басқа халықтың дене тәрбиесімен айналасуына бола­тын орындар көп. «Астана арлан­дары» командасы Қытайға келген күні боксшылар осы жердегі жаттығу залдарында финалдық сынға алғашқы дайындықтарын бастады. Финалды ұйымдастыру жағына осылай көңіл бөлініп жатқанда біздің жігіттер де үш күннен бері осында жаттығып, жекпе-жектерге дайындалды. Қы­тайға келгенде біздің боксшы­ларымыз Гуянгтің ауа райына тез бейімделіп, екі-үш күнде жергілікті табиғатқа үйренісіп қалды. Ал негізі боксшыларға шетелге шыққанда бес-алты күн керек екенін белгілі. Қытайлықтар финалды ла­йық­ты өткізу үшін 1 млн. АҚШ долларын жұмсап, спортшы­ларды сақтандыру үшін де әрбір боксшыға белгілі бір көлемде қар­жы бөліпті. Бұл мәселемен жергілікті сақтандыру компа­ниясы айналысқан. Сақтандыру­дың мер­­зімі 28 мамырға дейін жарамды. Тағы бір айтатын нәрсе, осы айқасқа 200 еріктілер тар­тылса, жарысты насихаттауға кел­ген шетелдік журналистердің саны 100-ге жетеді. Финалдық жекпе-жектердің алғашқысын «Еуроньюс» телеарнасы тікелей трансляция арқылы көрсетсе, бас­қа 30 елдің телеарналары да кездесулерден  репортаж беруді жоспарлап отыр екен. Осы екі күндік финалда жеңіске жеткен команда бас жүлдеге ие болып, 500 000 АҚШ доллары табыс етіледі. Сонымен бірге, әр номинация бойынша бапкерлер мен боксшылар мара­патталады. Ал финалдан кейін біздің боксшыларды тағы екі маңызды жекпе-жектің күтіп тұрғаны белгілі. 27-28 мамыр күндері Макаода WSB жарысының жекелеген чемпионатында күзден бері Дү­ниежүзілік бокс сериясының ең жоғары рейтингісіне ие бол­ған Қанат Әбутәліпов пен Ержан Мүсәпіров қолғап түйіс­тіреді. Қанаттың қарсыласы алжирлік Әбділхамид Беншабла болса, Ержанмен күш сынасатын боксшы қытайлық Жимин Ванг. Осы жекпе-жекте жеңгенге 20 000 АҚШ долларымен қоса, Олимпиадаға жолдама беріледі.  Жеңілген бокс­шы 10 000 АҚШ долларын алады. Ал Гуянгтегі финалда же­ңілген ұжымға 150 000 АҚШ доллары тиеді. Дастан КЕНЖАЛИН, – Гуянг (ҚХР-дан).