• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2011

Жеңіс туы желбірей түседі

523 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңіс мейрамы қарса­ңында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес агенттігінің Қаржы полициясы академиясында Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен сындарлы кездесу болып өтті. Сұм соғыстың зобалаңын көріп, өлім мен өмір айқасқан қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен шайқасқан жаужүрек жан­дардың жаралы жүректерінен жыл­дар жылжыған соң ақтарыл­ған сырларын академияның про­фессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылары зейін қоя тыңдады. – Соғыстың салған зардап­тарын кейінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс, – деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген Қаржы акаде­мия­сының бастығы полковник Марат Бәшімов. Бүгінде Ұлы Жеңіске 66 жыл толып отыр. Осыған орай біз ардагерлерді шақырып, тыңдау­шылармен кездестіріп, оларға со­ғыстың қандай сойқан әке­летінін және ел, жер үшін жан аямай жаумен шайқаса білу керектігін майданда болған отан қорғаушы­лар­дың өз аузынан естіртіп отыр­мыз. Бұл ардагерлер қатары күннен-күнге сиреп бара жатқан уақытта өте қажетті іс. Оның жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Мұнан кейін сөз алған ауған­дық ардагерлер одағының төраға­сы, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңе­сінің мүшесі Ш.Өтегенов, Ұлы Отан соғысының ардагері Б.Гальченко және тыл ардагері Д.Сухоносенколар академия тың­даушы­ларына өз жүрекжар­ды тілектерін жеткізді. Қазақ­стан жерінде ұлт­тар достығы нығайып, шынайы бірлік пен бейбіт тірлік жалғасын таба берсін деді. Олар қазіргі әлемде беделі орасан артқан еліміздің одан әрі дами түсуі үшін және тыныштық пен ынтымақтың сақталуына әлі де өз үлестерін қосуға даяр екенін білдірді. Оқалы киімдегі сыптай тар­тылған тыңдаушылар сап түзеп, соғыс жылдарында жауын­гер­лер­дің жүрегіне жылылық ұялатқан әсем әндерді жастықтың жалын­ды жігерімен шырқай алдарынан өткенде ардагерлер өздері де майданға аттанарда тап осындай тепсе темір үзетін қалыпта бол­ған­дары елестеп, солғын жанар­лары­на жан бітіп, кірпіктеріне тамшы ілінді. Оларға бүгінгі ел қорғайтын жаңа ұрпақ легі ізет білдіріп, құрмет көрсетті. Аға ұрпақтың ел шетіне төнген қиын-қыстау кезінде асқан ерлік көр­сет­кенін олар енді жақсы түсіне­ді. Ал ардагерлер де соғыста қыр­шын болғандардың ұмытылмай­тын­ды­ғын білдіріп, даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бас иді. Сөйтіп, 9 мамыр – Жеңіс кү­ні­не арналған «Желбіре, Жеңіс жа­лауы» атты салтантты шара­ның соңы би мен сазды әуенге ұласты. Александр ТАСБОЛАТОВ.