• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2011

Елордада математика пәні мұғалімдерінің съезі өтпек

402 рет
көрсетілді

Бұл съездің мақсаты – қазіргі қоғам қажетсініп отырған талап­тарға сәйкес, математикалық білім беру ісін жаңғырту. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінде өткен брифингте ай­тылды. Брифингте Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Б.Кәріпжанов алқалы жиынға дайын екендігін айта келе: «Білім беру департаменті осы жылы математика пәніне ерекше мән беріп отыр. Аталмыш съезде математикаға қатысты көптеген мәселелер қарастырылады. Департамент 2011-2020 жылдарға арнал­ған білім бағдарламасының шең­бе­рінде 2012 жылды физика мен информатика пәндеріне, 2013 жыл­ды химия және биология пәндеріне арнайтын болады», деді. Съезд «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін дамыту: қазіргі жай-күйі мен даму болашағы» деген тақырыпта болатын съезд 11-12 мамыр күндері өтпек. Кімдер қатысады дегенге келетін бол­сақ, барлық облыстар мен қала­лар­да, сәуір айында өткен конференцияларда жалпы білім беретін мектептер мен кәсіптік лицейлер­дің мұға­лімдері, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушы­лары ара­сынан 500 делегат сай­ланған бо­латын. Олармен қоса ресми адамдар, атап айтқанда Ресей, Болгария, тағы басқа мемлекеттерден 1000-ға жуық азаматтар қатыса­тын көрінеді. Математика пәні мұғалімде­ріне арналған І съездің делегат­тары үшін арнайы мәдени бағдар­лама да жоспарланыпты. Съездің қорытынды материалдары жинақ болып жарық көреді екен. Жұлдыз БАЙДІЛДА.