Жәмила Алмасқызы Стехликова 1962 жылы Алматы қаласында туған. Алматы медицина институтында оқыған. Мәскеудегі И.М.Сеченов атындағы Бірінші медицина институтын бітірген. Мамандығы – дәрігер-психиатор. 1988 жылдан бері Чехияда тұрады. Осы елдің бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет істеген. Қоғамдық-саяси қызметпен айналысып, Жасылдар партиясы төрағасының орынбасары болды. 2007-2009 жылдарда Чехияның Адам құқы және аз ұлттар жөніндегі министрі болып қызмет істеді. Қазір сол елдегі СПИД-ке қарсы күрес жүргізетін республикалық ұлттық мемлекеттік орталықтың директоры.
Жәмила Алмасқызымен Ыстамбұл қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік Түркі халықтарының форумында кездестік. Ол өзі қызмет істеп жатқан мемлекетінің атынан форумға делегат болып келді. Осынау іргелі басқосуда мазмұнды баяндама жасап, жиылған жұрттың назарын аударды. Форум аяқталған соң Чех елінде министр болған қазақтың қызымен кеңірек отырып әңгімелесуге мүмкіндік туды.
– Жәмила, сіз қандай ортада өстіңіз? Өзіңіз шыққан әулет жөнінде толығырақ айтсаңыз... Ата-аналарыңыз кімдер?
– Әр адамның ата-анасы сияқты менің әке-шешем де өмір жолымның қалыптасуына айрықша ықпал етті. Әкем Алмас Баймұқанұлы Ордабаевтың мамандығы архитектор. Ол өмір бойы қазақтың ою-өрнектерін зерттеумен айналысты. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауларына өнертанушының көзімен үңілді. Менің де түп-негіздерімді білуге деген құлшынысымды оятты. Бала кезімде үнемі жанына ертіп жүретін. «Жәмила, міне, қарашы, біздің бабаларымыз қандай шебер болған. Қандай ғимараттарды тұрғызған!» деп мені әлдебір тылсым дүниеге қарай жетелейтін. Қорқыт туралы аңыздарды көп оқытатын. Бабалар даналығынан ғибрат алуға баулыды. Сол бала күнімдегі естіген әңгімемнің әсері әлі күнге дейін тарқаған жоқ. Шешем – Рауза Хамитқызы Сембаева. Ол кезінде Қазақстанның Оқу-ағарту министрі болған Әбдіхамит Сембаевтың қызы. Жас күнімізден осындай елге танымал шаңырақтың тәрбиесінде болдық. Жауапкершілікпен жұмыс істеуге үйрендік. Белгілі бір мақсатқа жету үшін тынбай еңбек етуге талпындық. Анам да үнемі жетістікке жетуге ұмтылатын адам. Ол баяғыда-ақ зейнетке шығуы керек еді. Бірақ әлі күнге дейін қызмет істейді. Жалпы, Сембаевтар отбасының керегесі кең, тірегі берік болды. Ағайын-туыспен байланысымыз жақсы. Үнемі хабар алысып тұрамыз. Жақында ағам Дәулет Хамитұлы Сембаевтың мерейтойын өткіздік. Ол Қазақстанның қаржы саласының дамуына көп еңбек сіңірді.
– Әкеңіз қай жерде қызмет істеп еді?
– Архитектор болды. Ол – нағыз архитектор. Оқу орнында өнер, архитектура тарихынан сабақ берді. Ауылға бірге барып, ағайын-туыстарды аралаған кезімізде айналаның бәрін суретке түсіретін. Мені де бірдеңе білсін дегендей жанынан тастамайтын. Әкем менің ауылға деген махаббатымды оятты.
– Ол қай ауыл еді?
– Алматының маңайындағы Қаракемер. Таза қазақ ауылы. Менің атамекенім.
– Әкеңіз бар ғой?
– Бар. Алматыда тұрады. Жетпіс бес жаста. Жазға салым елге барғалы отырмын. Әкеме барам. Ағайынға ат ізін салмағалы көп болды. Әке-шешем ілгеріде ажырасты да, шешем Мәскеуге аттанды. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыды. Кейін сонда қалды. Қазір де Мәскеуде тұрады. Химия ғылымдарының кандидаты. Әкем екеуінің жасы шамалас.
– Жәмила, сіз қазақ деген халықты күллі Еуропаға таныстырған адамсыз. Ал енді өзіңіздің қазақшаңыз қалай?
– Мен орыс мектебінде оқыдым. Онда, әрине, қазақ тілі де оқытылды. Бірақ ол басты пәннің бірі болған жоқ. Баяғы кеңестік кезең. Талап жоғары болмады. Менің әке-шешем орысша сөйлейтін. Ал ата-әжелеріміз қазақша әңгімелесетін. Үлкендер үйге келгенде ғана қазақша әңгіме өрбиді. Мен барған балабақша да орыс тілінде тәрбие беретін еді. Сол балабақша қазір бар ма, жоқ па, білмеймін. Ол кезде таңдау болған жоқ. Заман солай еді. Әйтпесе ата-анамыз бізді әдейі орысша оқытқан жоқ қой. Балалармен қазақша сөйлесу керектігін атам мен әжем үнемі еске салып отыратын. Ақыры отбасының қарым-қатынас тілі орыс тілі болып қалыптасты. Несін айтайын, Алматыдағы көп шаңырақтың басынан өткен жәйт қой. Мен №25 орта мектепте білім алдым. Бұл мектепте менің ағам Дәулет Сембаев та оқыды-ау деймін. Басқа ағаларым да сонда оқыды. Сөйтіп, қазақшамыз жетілмей қалды.
– Мектепте сізбен бірге оқыған қыз-жігіттер: «Біздің сыныптан министр шықты», деп бөркін аспанға атып қуанатын шығар...
– Мүмкін... Ал енді сол сыныптастарымның көбі менің есімде жоқ. Талай жыл өтті ғой. Алматы медицина институтында бірге оқығандардың біразын білемін. 1979 жылы мектеп бітіре сала емдеу факультетіне түстім. Менімен қатар оқығандардың ішінен Салтанат Нұрмағамбетова деген белгілі ғалым шықты. Мамандығы — психиатр. Мен де психиатрмын. Ара-тұра халықаралық психиатрлар конгрестерінде кездесіп қаламыз. Мен 3 курстан кейін Мәскеуге ауыстым. Оқуымды И.М.Сеченов атындағы Бірінші медицина институтында жалғастырдым. Қазір бұл оқу орны академияға айналды.
– Чех жігіті Милославпен қалай танысып жүрсіз?
– Ол Мәскеуде оқыды ғой. Милослав МГУ-дің психология факультетін бітірген. Оқу орнында жүйкесі ауыратындар психологиясын зерттеуге маманданған. Соған орай біздің кафедрада жұмыс істейтін еді. Мен де институтты қызыл дипломмен бітіріп, психиатрия кафедрасында ғылыми қызметкер болып істедім. Студенттерге дәріс бердім. Сөйтіп жүріп, көңіліміз жарасты. Кандидаттық диссертациямның тақырыбын бекітіп, ғылыми еңбегімді жаза бастадым. Бірақ аяқтай алғаным жоқ. Тұрмысқа шықтым. Көп ұзамай біз Чехияға көштік. Әуелден-ақ оның қойған шарты да солай болатын. Бастапқыда екеуміз кездесіп жүргенде Кеңес Одағында қалмаймын деп бірден айтты. Ол біз аттанамыз дегенше кандидаттық диссертациясын қорғап үлгерді. Сөйтіп, әйгілі Карловы Вары қаласына келдік. Бөгде елге қоныс аударатынымды естігенде ата-анам кәдімгідей абдырап қалды. Әсіресе, әкем қатты уайымдады. Олар менің басқа мемлекеттің өкіліне күйеуге шыққаныма қарсы болған жоқ. Қызы біреуді жақсы көрсе, неге көлденең тұруы керек? Тек сыртқа кеткеніме қиналды.
– Сол сәтте кейін Чех елінің министрлерінің бірі болуға, яғни, өзге елде сұлтан болуға бара жатқаныңызды білсеңіз ғой...
– Қайдан?.. Біз әдепкіде Карловы Варыда оның ата-анасымен бірге тұрдық. Сосын өз бетімізше тірлік қылайық деп Солтүстік Чехияға көштік. Хомутов қаласына келіп қоныстандық. Мен мамандығым бойынша дәрігер болып жұмыс істедім. Бұл кезде Кеңес Одағы әлі тараған жоқ-тын. Өз елімнің азаматы болып қала бердім. Жалпы, чехтар мені жақсы қабылдады. Әсіресе, күйеуімнің ата-анасының маған деген ықыласы бөлек болды. Өйткені Милослав олардың жалғыз баласы еді. Оның үстіне күйеуім менен оншақты жастай үлкен-ді. Кемпір-шал немерелерін зарыға күткен екен. Баласының басқа елде қалып қоймай, қайтып оралғанына қатты қуанды. Ата-енем мен десе жаны қалмай, бәйек болатын. Ол екеуі ертелі кеш мені аман-есен босандыру мәселесімен айналысты. Сөйтіп, өмірге Кәмила келді.
Мен дәрігерлік жұмысқа кіріскенімде бастықтарым да тәуір адамдар болып кездесті. Қамқорлық көрсетті. Білім-білігімді көтеруге көмектесті. Олармен әлі күнге дейін қарым-қатынасымыз жақсы. Біз Хомутовта біраз уақыт тұрақтап қалдық. 1989 жылғы мамыражай төңкерістен кейін Прагага көшіп келдік. Мен мұнда СПИД ауруының алдын алу мәселесімен шұғылдандым. Бұған аса қажеттілік бар еді. Саяси режім өзгеріп, шекара ашылып, қарым-қатынастың аясы кеңейе бастаған тұста қауіп-қатер де ұлғая түсті. Әлгіндей аурулар жан-жаққа тарады. Нашақорлық өрістеді. Яғни, күйіп тұрған мәселе. Чехтар бұл тұста мұндай қадамдарға онша дайын емес еді. Қаупіміз расқа шықты. Бірақ Чехияда бұл дерт көп жайылған жоқ. Бірақ бәрібір кеселдің алдын алу керек болды. Мен енді бұл шаруамен ғалым ретінде айналыстым. Ғылыми жұмысымның тақырыбы осы болды. Қазір де айналысамын. СПИД-ке қарсы күрес жүргізу жөніндегі республикалық ұлттық мемлекеттік орталықтың директорымын. Яғни, мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Министр болған кезімде де осы мәселемен үзбей айналысуыма тура келді.
– Чехияда бұл саладағы жұмыс қалай жүзеге асырылады?
– Бұл іске көп адам жұмылдырылған. Мемлекеттік деңгейде мән беріледі. Арнайы команда қызмет істейді. Дербес лабораториямыз бар. СПИД-тен қорғау жүйесі барлық қалада орныққан. Осы мәселемен айналысатын гигиеналық орталықтармен тығыз байланыстамыз. Бұл өзі тұтас ұйымдық жүйе. Чехияда бұл ауру әзірге салыстырмалы түрде аз болғанымен жыл сайын көбейіп келе жатқаны рас. Дәрілер жеткілікті, мүмкіндіктер баршылық. Сондықтан біздің елде ол соншалықты жан шошырлық дерт емес секілді әсер қалдырады. Бірақ емделмейтін ауру сонысымен де қауіпті. Дәрі-дәрмектің түрі көбейген соң аурулар сабырлы кейіпке енеді. Журналистер бұған назар аудармай тұр қазір. Кейін жете мән беретін болады. Біздің мекеме Чехияның Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бірақ менің дербес шешім қабылдау құқым сақталған. Лабораториямызда бүкіл аймақтардан келген анализдердің қорытындысы шығарылады. Қызметте өз позициямыз қалыптасқан. Мен осы өз позицияммен кез келген қызметке бара аламын. Егер бір аймақта СПИД көбейіп кетсе, мен сол аймаққа келіп, гейтмандық қызмет жүргізуіме болады. Науқастармен тікелей сөйлесу үшін, қандай көмек керек екенін білу үшін осындай қадам жасау қажеттігі туады. Елдегі барлық саясаткерлер мені жақсы біледі. Маған түсіністікпен қарайды. Денсаулық мәселесі басты нәрсе екенін олар үнемі қаперде ұстайды. Жалпы, біздің жұмысымызда аймақтармен байланыс көп пайда береді. Сол жерлердегі осы шаруаға жауапты адамдардан хабар үзбейміз. Жұртқа қауіп-қатер жөнінде үнемі ескертіп отырамыз.
– Біздің елде министр қызметіне келетін адам бұған дейін бірнеше сатыдан өтеді. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрі болу үшін жергілікті жердегі шаруашылық директоры, аудандық, содан соң облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, департамент директоры, министрдің орынбасары, т.б. қызметтерді атқарасың. Ал сіз қайттіңіз? Жалпы, Чехияда министрлер қалай тағайындалады?
– Біздің партия сайлауда жеңіп шығып, парламентке келді. Мен Жасылдар партиясы төрағасының орынбасары едім. Партияның төрағасы Мартин Бурсик Чехия Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. Партия бойынша оның екі орынбасары бар еді. Екеуміз де әйел едік. Қызмет бөліскен кезде біреуіміз Білім және ғылым министрі, екіншіміз, яғни, мен Адам құқы және аз ұлттар мәселесі жөніндегі министр болдым. Мен Білім министрі болғым келген жоқ. Өйткені, әріптесім Дана Кухтова білімі жағынан педагог еді. Оның үстіне мен өзіме таныс осы саланы лайық көрдім. Адам өзі аз халықтың өкілі болған соң басқа аз ұлттардың да жағдайын жақсы түсінеді. Мен оның үстіне чех тілін акцентпен сөйлейтін адаммын ғой. Аз халықтың өкілі ретінде біршама тәжірибем бар.
Мен биліктің биігіне көтерілген тұста жұрт менен: «Қайдансың?» деп жиі сұрайтын. «Қазақстаннанмын», деймін. Қысқасы, менің министр болғанымның арқасында чехтар Қазақстанды бұрынғыдан да жақсырақ білді.
Бізді Президент тағайындады. Үкіметтегі үш партия алдымен немен айналысатынымызды келісіп алдық. Үкімет басшысы Президентке министрлерді қызметке бекіту жөнінде ұсыныс білдіреді. Ол қолдаса, тағайындайды. Елді салтанатты түрде сарайға жинап, ресми түрде таныстырады. Президент Вацлав Клаус мені салтанатты сарайда қабылдап, қызметке бекітті. Чехия – президенттік республика емес. Президентке қарағанда, Премьер-министрдің өкілеттігі көбірек. Түркиядағы секілді ғой. Президент қызметі өте құрметті, бірақ көп мәселені үкімет басшысы шешеді. Мемлекетте оннан астам министр болады.
– Сіздің атқарған қызметіңізде міндетті түрде ұлты чех емес азамат отыруы керек пе?
– Жоқ, міндетті емес. Словактар да болған. Енді олардың түп-тамыры жақын ғой. Мен, сірә, атам заманнан бері Чехияда тумаған әрі басқа халықтар арасынан шығып, министр болып тұрған бірінші адам шығармын. Тіпті Чехияның тарихында министр қызметіне тағайындалған сырт елдің тұңғыш өкілі болармын. Немістердің ішінде чех парламентіне өткендер бар. Олар көп халық қой. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында олардың саны тым көп еді. Сөйтіп, Чехия басқа ұлттардың да бұл елде емін-еркін өсе алатынын көрсетті. Мұның тәрбиелік мәні де болды. Мен осы елдің азаматымын. Сондықтан қазақтың қарапайым қызы ретінде өсіп-өнген жеріме қызмет еттім. Жақсы жұмыс істесе адам биікке жете алатынын дәлелдедім ғой деп ойлаймын.
– Чехияда аз ұлттар деп кімдерді айтады?
– Мұнда әр халықтың өкілдері өте көп тұрады. Ресми түрде аз ұлттардың 11-і бар. Олар, әрине, елдің тарихымен бірге жасасып келе жатқан ұлттар.
– Қазақтар, әрине, олардың қатарына мүлде кірмейтін шығар...
– Қайдан кірсін? Мұнда өте аз ғой қазақтар. Оларға чехтар тарихи этнос деп қарамайды. Ондай этнос дәрежесін иелену үшін чехтың тарихымен байланысты болуың керек. Немістер, цыгандар, словактар, поляктар, гректер, орыстар аз ұлттарға жатады. Бұл елде біраз вьетнамдықтар да бар. Олар да аз ұлт болып есептелмейді. Себебі, саны әлі жеткіліксіз. Оның үстіне олардың Чехияда тұрақтаған мерзімі соншалықты ұзақ емес. Ал былайша аз ұлттар баршылық. Бірақ оның біразы шетелдіктер. Орталық Азиядан келгендердің азаматтығы жоқ. Бұлар да шетелдіктер тобына жатады. Чехия шетелдіктерге барынша жағдай туғызуға, тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге тырысады. Жалпы, Чехияның халқының саны 10 миллиондай болады. Ұлттар саны жағынан бірінші орынды чехтар алатыны белгілі. Одан соң словактар.
– Сіздердің үкіметтеріңіз саяси аренадан қалай кетті? Себебін айтыңызшы...
– Біздің үкімет парламентте сенімге ие бола алмады. Бұл көп коалициялы парламентте ара-тұра болып тұратын жағдай. Егер үкіметте бірнеше партияның өкілдері отырса, ол аса тұрақты болмайды. Үкіметке қолы жетпеген партиялар оған өту үшін парламент ішінде жанталасады. Бұл баяғыдан солай. Бір-бірімен бәсекелес болады. Кейбірі үкіметке қарсы жұмыс істейді. Осыны тиімді пайдаланған оппозиция партия ішіне іріткі салуға тырысады. Екі жылдан аса мерзімде небір текетіресті бастан кештік. Үкіметішілік үлкен проблемалар да алдымыздан шықты. Оппозиция қашан да үкіметтің қалағанын істегісі келмейді. Олар біздің жалпы блоктың адамдарының біразын өз жағына тартты. Белгілі бір бастамаларды үкімет қолдайды. Ал оппозиция қолдамайды. Олар үкіметтің реформаларын сынап-мінейді. Бір күні өз партиясының атынан сайланып, ортақ мүддені сатқан, солардың жағына шыққан біздің блоктағы кейбір депутаттардың кесірінен оппозиция артық бір дауыс алып кетті. Сөйтіп, үкімет орнынан түсті. Біздің үкіметтің кететінін ешкім де болжай алмап еді. Бұл жағдай жұртқа Чехияның саяси сахнасында жер сілкінгендей әсер етті.
– Сол кезде Чех республикасы Еуроодақтың төрағасы емес пе еді?
– Иә, солай еді. Өте ыңғайсыз болды. Төрағалық кезінде әрбір министр сол сала бойынша тұтас Еуроодақтың да министрі болады. Үкімет сол ұйымды басқаратын үкімет болады. Мен, қарапайым қазақтың қызы, бірнеше ай бойы Еуроодаққа кіретін барлық елдер министрлерінің басшысы болдым. Бұл қызметте отырып, бүкіл Еуропаның тағдырын шешесің. Брюссельдегі ұйымның аппараты – сенің аппаратың. Сондықтан осындай аса жауапты кезеңде үкіметіміздің құлағаны дұрыс болмады. Премьер-министріміз беделінің жартысын жоғалтты. Айналамыздағылардың бәрі таңқалды. «Неге бұл мәселені төрағалық мерзімі аяқталған соң шешпегенсіңдер, сонша асыққандарың не?», деді. Премьер-министр біздің Жасылдар партиясынан емес, қазір Чех үкіметін билеп тұрған партиядан еді. Ол үкіметтен кеткен соң партияның төрағалығынан да кетті. Жасылдар партиясының төрағасы да ауысты. Біздің партия парламентке өте алмады. Сондықтан оның ішіндегі белгілі тұлғалар да ешқандай қызметке ілінбеді. Сайлауда жеңіліп қалдық. Бірақ соған қарамай партиялық жұмысымыз жалғаса береді. Алайда парламентке өтпеген соң, сенің қоғамдық жұмысыңның мәліметтерін көпшілік біле бермейді. Жұртқа соншалықты қызықты емес. Сондықтан мен қазір негізінен өз кәсібіммен айналысып жатырмын.
– Сізге Чехияның басшыларының ішінен қай саясаткердің басқару тәсілі көбірек ұнайды?
– Бұл тұрғыдан Чехословакияның соңғы, Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавел үлгі болды деп ойлаймын. Мен онымен жақсы таныс болдым. Ол – мен үшін идеалданған тұлға. Өзі танымал жазушы-драматург. Гавел Чехияның президенті болып тұрған кезде үнемі қарапайым адамдардың қамын ойлады. Менің ұстанымым да қоғамның әлсіз тобын қолдау еді. Өздерін өздері қорғай алмайтындарға үнемі қамқоршы болдық. Көбісінің құқы жоқ, бар болған күннің өзінде мүлдем жеткіліксіз. Әділетсіздікті көп көреді олар. Сондықтан мен солардың мұң-мұқтажын көбірек жоқтаймын. Гавел маған осы тұрғыдан жақын.
– Сіз Гавелдің тұсында қандай қызмет атқардыңыз?
– Ол кісі президент болып тұрған кезде мен әлі үлкен қызметке келген жоқ едім. Бірақ азаматтықты Гавелдің тұсында алдым. Бізге көп көмектесті. Мен оның бұрынғы әйелі Ольга Гавловамен жақсы таныс болдым. Жиі кездесіп тұратынбыз. Бір күні әйелі арқылы өтініш айттық. Осыдан соң мемлекет басшысы арнайы келіп, біздің СПИД ауруына байланысты жұмыстарымызбен танысты. Мен онымен осы шаруаны ұйымдастырушы ретінде кеңірек пікірлестім. Президент барлық мәселеге адами тұрғыдан қарайды. Саясаттағы қадамдарына тәнтімін. Басқа саясаткерлер мені соншалықты таңғалдырды дей алмаймын.
– Жалпы, саясат әйел адамның қолы ма екен? Әйелдің негізгі болмысы екінші кезекте қалып қоймай ма? Биліктің биігінде болған сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
– Әйелдің саясатпен тұрақты айналысуы қай жерде де дұрыс нәрсе ретінде саналмайды. Чехияда да, Германияда да, Австрияда да солай. Мен саяси жұмыста жүрген барлық әйелдермен үнемі сөйлесіп отырамын. Мысалы, Германияда бір танысым бар. Өзі депутат, бес баланың анасы. Сол айтады: «Мені депутат етіп сайлаған кезде жұрттың бәрі шошып кетті. «Сен парламентте қалай жүресің? Сен өзі қандай әйелсің? Бес балаң бар. Соған қарамастан күні бойы жиналыста отырасың. Үйіңе кім қарайды?», деп сансыз сұрақтың астына алды». Міне, саясатта жүрген әйелдің отбасы болса, ел оны осылай кінәлайды. Ал тағы бір құрбым бар. Жасы да сол шамалас. Бірақ оның күйеуі де, баласы да жоқ. Оған жұрт былайша мін тағады: «Енді оның одан басқа не қызығы бар? Басқа еш міндеті жоқ қой. Таңертеңнен кешке дейін саясатпен айналысса, қайдағы бала-шаға?» Демек, он балаң болса да, балаң болмаса да күстаналайды сені.
Біздің некеміз де өмірдің қиындықтарына шыдас бермеді. Мен саясатпен айналыса бастағанымда, күйеуім немқұрайды көзқарас танытты. Ол бізге оппозиция болып саналатын партияның жыртысын жыртты. Оның үстіне саяси тұрғыдан табысқа жете алмады. Мен министр болып жұмыс істей бастағанымда күйеуім іштей дағдарысқа түсті. Біз төрт жылға тағайындалып едік. Бірақ екі жылдан сәл асқанда кетіп қалдық қой.
Мен ылғи теледидардан түспеймін. Қасымда кейде еркек саясаткерлер де жүреді. Балаларға қарау жағы кемшін болды-ау деймін. Ол маған осы тұрғыдан кінә қойған сияқты. Менің қызметті тастағанымды қалады. Онысын ашық айтты да. Бірақ мен жолымнан таймадым. Мені көндіру оңайға түскен жоқ. Сөйтіп, айырылыстық. Дау-дамайсыз-ақ жолымыз екіге бөлінді. Кейін ол Хомутовқа кетті... Сонымен, солай болды.
– Біздің жиендер немен айналысады?
– 1988 жылы туған қызым Кәмила Амстердамдағы көркемсурет академиясында оқиды. Қазір сол елде жүргеніне үшінші жыл. Көркем фотомен айналысады. Осы мамандықты өзі қалады. Бұл академия барлық сала бойынша маман дайындайды. Онда мүсін өнері де оқытылады. Қысқасы, Кәмила менің әкемнің жолын қуды деуге болады. Архитектор, суретші деген мамандықтар төркіндес қой. Өз басым соған қуанамын. Ұлым Аланның жасы он алтыда. Гимназияға барып жүр. Оның келешекте кім болатыны белгісіз. Әлі жас қой...
– Қазақстанда құрбыларыңыз бар ма?
– Саясаткер қыз-келіншектердің ішінде араласатын адамдарым жоқ. Алматы медицина институтында бірге оқыған құрбылардың кейбірімен ғана ара-тұра хабарласамын. Биатлоннан Ванкувер Олимпиаданың күміс жүлдегері, VII Азия ойындарының жеңімпазы Елена Хрусталевамен танысып, жақын араласып кеттім. Хат-хабар алысып тұрамыз. Оны да құрбым деп есептеймін.
– Шет елде тұратын қазақ қыздары баршылық. Олардың кейбіреуі беделді қызмет істейді. Санкт-Петербург Поляр академиясының ректоры болған Азургет Шәукенбаева, Чувашияның Экономика министрі болған Гүлмира Әшімбаева, Ресейдің бизнес-ледиі атанған Гүлжан Молдажановалармен байланысыңыз бар ма?
– Білемін оларды. Айтулы жиындарда ұшырасып қаламыз. Біразымен өткен жылы Астанада кездестім. Бәріміз де ешнәрсеге қолымыз тимейтін адамдармыз. Жоғарыдағыдай кездесулерде ғана аз-кем тіл қатысамыз. Бірде олармен Елбасының қатысуымен өткен жиында жолықтық. Біраз әңгімелестік. Көшені бірге аралауға да аздап мүмкіндік туды. Мен оларды құрметтеймін. Егер тағы кездессем, тек қана қуанар едім. Бірақ бір-бірімізді іздеп барып, қатысып тұратындай дәрежеге жеткеніміз жоқ. Мен тығыз аралас-құраластықты қалар едім. Олардың уақыты мүлде жоқ екен. Менің де бос уақытым шамалы еді. Алыста тұрамын оның үстіне... Барыс-келістің реті келе бермейді.
– «Азаттық» радиосының кеңсесі Прагада орналасқан. Онда қазақтар жұмыс істейді. Олармен байланысыңыз бар ма?
– Анда-санда кездесіп тұрамыз. Мен де сол маңайда жұмыс істеймін ғой. Кейде түстік асқа бірге барамыз. Журналист Сағат Батырханмен қарым-қатынасым жақсы.
– Қанша тіл білесіз?
– Орыс, чех, ағылшын тілдерінде жақсы сөйлеймін. Өз тілімдегі әңгімелерді жақсы түсінемін. Бірақ сөйлеуім қиындау. Бірде «Азаттық» радиосының тілшісі қазақша сұрақ қойды. Тез-тез айтып беру керек екен. Сұрақтың бәрін де ұқтым. Мен бұрнағы жылы Қазақстанда болғанда Елбасының алдында қазақша сөйледім. Сөзім түгел қазақша жазылған-ды. Қазақстанның ілгерілегені, Астананың өсіп-өркендегені туралы айттым. Негізінен мен қазақ тілімен теориялық тұрғыдан айналысып жүрмін. Өз бетімше игеріп жатырмын. Сөйлеуге, оқуға, түсінуге тырысып бағамын. Бірақ тәжірибе болмаған соң қиын екен. Кезінде әке-шешемізбен үнемі орысша сөйлестік. Қанға сіңіп кеткен соң қиын, әрине. Сондықтан менің қазір өз тілімді түсінетінімнің, аздап газет оқи алатынымның өзі үлкен жетістік. Сөздікті үзбей пайдаланамын. Неміс тілін аздап білемін. Қанша дегенмен көршілеріміз ғой.
– Қазақ жұрты кейде түсіңізге кірмей ме?
– Кіргенде қандай! Алматым түсіме жиі кіреді. Әркімге де балалық шағы өткен қала ыстық қой. Есейген сайын ел суреттері түсіме жиі енеді. Әсіресе, бала күнімді көп көремін. Ата-әжем, әке-шешем кіреді. Сағынғаннан шығар... Елді жиі ойлаймын. Тағы да Алматыға жүргелі отырмын. Бір журналист қыз мен туралы кітап жазғысы келеді. Сонымен кездесуім керек. Ол кітап жазбаса да менің өз естелігім жеткілікті.
– Чехтар қандай халық өзі? Әрі Чехияның азаматы әрі қазақтың қызы ретінде сипаттама беріп көріңізші...
– Чехтар ұлттық мінез-құлқы жағынан қазаққа қатты ұқсайды. Сол елде ұзақ тұрған соң мұны анық байқайды екенсің. Төзімді, бейбітсүйгіш, сабырлы халық. Мысалы, қазақты қонақжай, шыдамды, мәселені шиеленістірмей, қайғы-қасіретке апармай, қайырымдылықпен, бітісу жолымен шешетін халық дейміз ғой. Чехтар да осындай тыныштықты қалайтын, өте ұстамды халық. Көршілеріне қарағанда әлдеқайда салқынқанды. Бұларды поляктармен мүлде салыстыра алмайсың. Мінез-құлқы словактарға да, немістерге де ұқсамайды. Чехтар жүрегінің жылылығы жағынан да қазаққа келеді. Қазақтар секілді мәселені бейбіт жолмен реттеуге ұмтылады. Мінездері жұмсақ. Лып ете қалмайды. Әп-сәтте қаны басына шауып, тепсініп шыға келмейді. Қызуқанды емес, байсалды. Әрине, адам болған соң аласы да, құласы да кездеседі. Бірақ көпшілігінің болмыс-бітімі сондай. Сондықтан маған Чехияда тұрған ұнайды. Оларды басқалармен салыстырамын. Тұрақтылықтың қадірін білетін қазақ жұртында туған қыз тыныштығы бұзылмаған елде өзін жатсына қоймас.
Әңгімелескен Бауыржан ОМАРҰЛЫ.
Ыстамбұл – Астана.