• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2011

Сын-ескертпелер сыры тереңде

459 рет
көрсетілді

Пәкстан үкіметі АҚШ-қа 2 мамыр күні пәкстандық резиденциясында көзі жойылған Усама бен Ладеннің жесірлерінен тергеу алуға немесе тіпті тұтқындауға рұқсат етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен бірге Вашингтон мен Исламабад «нөмір бірінші терроршының» көзін жою жөніндегі арнайы операцияға түсі­нік бере отырып, бір-бірінің атына сын-ескертпелер айтуды да тоқтатпай отыр. Керек десеңіз, бұл мәселені саналы түрде ұйым­дастырылған саяси ойын деушілер де жоқ емес. АҚШ-тың әскери топтарындағы өз ақпарат көздеріне сілтеме жасаған журналистердің мәлімдеуінше, 2001 жылы-ақ екі елдің сол кездегі басшылары Первез Мушарраф пен кіші Джордж Буш Усама бен Ладенді тұтқындау жөнінде құпия келісімге келген көрінеді. СИРИЯҒА ҚАРСЫ САНКЦИЯ Еуроодақтың санкциясына іліккен сириялық 13 шенеуніктің ішінде ел президенті Башар Асадтың інісі Махер Асад пен бөлесі Рами Маклуф та бар көрінеді. Сол сияқты тізімге сириялық арнайы қыз­­мет басшылары да іліккен. Маклуф Си­рия­дағы ең ірі ұялы байланыс опера­торы­ның, сол сияқты бірнеше құрылыс компанияларының қо­жайыны бо­лып табылады. Ал Махер Асад болса, рес­публикалық гвар­дияның қолбасшысы және маңызы жағынан елдегі екінші адам. 13 шенеуніктің бәріне де ЕО аумағына кірігуге тыйым салынған. Сол сияқты ЕО Си­рияға қару-жарақ жеткізуге де эмбарго енгізіп отыр. ТҮРКИЯ КЕДЕЙЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСУГЕ ШАҚЫРДЫ Ыстамбұлда өткен БҰҰ конференциясында Түркия президенті Абдулла Гүл әлемдегі ең кедей елдерге көмек көрсету бағдарламасының ауқымын кеңейте түсуге шақырды. Бұл туралы ол дүйсенбі күні әлемнің неғұрлым кедей 48 елінің қатысуымен Ыстамбұлда ашылған 5 күндік саммитте мәлімдеді. Оның айтуынша, ішкі жалпы өнімдері неғұрлым төмен елдердің ауыл шаруашылығын, білім беру жүйесін дамытуға көмектесіп, сонымен бірге, инвестициялардың өсуі үшін жағдай жасау қажет. Форумда ең кедей елдердің таяу онжылдықтағы даму жоспары талқыланбақ. Түркия президенті атап көрсеткендей, неғұрлым нашар дамыған елдер Жер тұрғындарының 13 пайызын құрайды, бірақ олардың үлесіне әлемдік экономиканың 1 пайызы ғана тиеді. ЕҢБЕКАҚЫСЫНАН УАҚЫТША БАС ТАРТТЫ Жапония премьер-министрі Наото Кан «Фукусима-1» атом электр стан­са­сын­дағы апатты жағдай үшін ел үкі­метінің жауапкершілікті екенін мойын­дады. Орын алған оқиға жауапкершілігі тек Tokyo Electric Power компаниясының ғана мойнында емес, сонымен бірге, атом энергиясы саласындағы саясатты белгілеген үкіметтің де мойнында деп мәлімдеді ол. Сол үшін мен жауапты адам ретінде бүкіл халықтан шын жүректен кешірім сұраймын. Осылай дей келіп, премьер маусым айынан бастап «Фукусима-1» стансасындағы жағдай реттелгенге дейін үкімет басшысы ретіндегі еңбекақысын қазынаға қайтаратынын хабарлаған. 16 БОСҚЫН ҚАЗА ТАПТЫ Ливиядан Еуропаға жетпек болған босқындар отырған кеменің апатқа ұшырауы салдарынан 16 адам қаза тапты. Оқиға негізінен Африка елдерінен шық­қан 600 босқын отыр­ған кеме тасқа соғылып, суға батып кетуіне байланысты орын алған. Соңғы өткен демалыс күндері Ливиядан шыққан қаш­қындар саны қауырт өсіп кетіп отыр. Сицилиядан 205 шақырым қашықтықтағы Лампедуза аралына соңғы күндері бортына 2,4 мың адам тиеген 5 кеме келіп тоқтаған. Тек Италияның өзіне ғана келген босқындар саны 11,23 мың адамға жетіп отыр. АҚШ-тағы СУ ТАСҚЫНЫ АҚШ-тың орта батысы мен оңтүстігіндегі 8 штат соңғы жылдарда орын алған ең алапат су тасқынның астында қалды. Табиғи апатқа Миссисипи өзенінің арнасынан асып кетуі себепкер болып отыр. Мыңдаған тұрғындар апат аймағынан басқа жерлерге көшірілді. Өзенге жақын орналасқан ғимараттардағы су деңгейі 2 метрге дейін жеткен. Төтенше жағдайлар зардаптарын жоюға әскерилер тартылып отыр. Синоптиктердің хабарлауынша, судың кері қайтуын әлі де 1 ай күтуге тура келетін көрінеді. КАДДАФИДІ ҰСТАП БЕРУ ТАЛАП ЕТІЛУДЕ Норвегия үкіметі Ливия көсемі Муа­мар Каддафидің украиналық медбикесі Галина Колотницкаяның өзіне сая­си баспана беру туралы өтінішін қабылдамай тастаған. Сонымен бірге, егер құқық қорғау органдары медбике білетін ақпарат­тарды елдің ұлттық мүддесі үшін қажет деп тапса, оған елде қалуға рұқсат берілуі де мүмкін. Ол ақпарат Каддафидің қай жерде жасырынып жүргендігі туралы болып отыр. Норвегия үкіметі болса, Галина Колотницкая ондай мәліметтерді біледі және айтып береді деп үміттенуде. БАНДЕРАШЫЛАР БЕЙБАСТАҚТЫҒЫ 9 мамыр күні Украинада Жеңіс күнін тойлау Львов қаласында шектен шыққан тәртіпсіздіктерге ұласты. Жеңіс күнін тойлауға риза болмаған жергілікті необан­дера­шы­лар осы күнді атап өтушілермен үлкен қақтығыстарға барды. Батыс Украинада тарихи зерде мәселесіне қатысты елдің басқа бөлігіне қарағанда, өзгеше көзқарастар бар екені ертеден белгілі. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлері емес, неміс нацистерімен қызметтес болған украин ұлтшылдары жергілікті батырлар болып саналады. Львовтық депутаттар өткен жылы-ақ Жеңіс күнін жоққа шығармақ болған. Ұлтшылдар «Бандера келеді – тәртіп орнатады» деп айқайлап, соғыс ардагерлеріне түрлі зат­тарды лақтырған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.