Ғылым жолы қашанда жеңіл болмаған ғой. Данышпан Абай оның инемен құдық қазғандай қиын екенін бекер айтпаса керек. Бүкіл саналы өмірімді осы салаға арнадым. Соңғы кездері екі көзім сыр беріп, қаншама ақ халатты абзал жандардың алдына бардым.
Қос жанардың шырақшысындай болған Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институты астаналық бөлімшесінің ашылғанын естіп, сонда барған едім. Он күн емделдім. Бұлдырай беретін көзім қазір ашылған секілді. Кейде сонда қызмет ететін абзал жандардың ізеті шипа болды ма деймін.
Бөлімше директоры Альмира Бұлғақова бастаған дәрігерлер мен медбикелердің жылы жүздері, биязы сөздері көңілге нұр құяды. Он күннің ішінде мен олардың әкесіндей, олар менің қызымдай болды. Осындай асыл жандарға ел газеті арқылы әкелік алғысымды айтсам деймін.
Күн санап көркейіп келе жатқан Астанадан іргелі институт бөлімшесінің ашылуы үлкен жетістік деп білемін. Болашақта бөлімше айтулы орталық болып, қос жанарынан қиындық көріп жүрген мен сияқты қарттарға үміт сәулесін шаша беретіні сөзсіз.
Томан ЖҰМАДІЛҰЛЫ, профессор, тыл ардагері.