• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Мамыр, 2011

Міндет айқын болса, жол ашық

341 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев  облыс активін жинап,  кеңес өткізді. Жиын Елбасының 17 сәуір күнгі кеңесте Үкіметтің алдына қойған міндеттерін өңір бойынша жүзеге асыру барысына арналды. Соған орай, облыс басшысы  өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағытында қол жеткен табыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндап, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында алда атқарылуға тиіс  мәселелерді атады, оны орындауда жергілікті билік өкілдеріне арнайы тапсырмалар берді. Өңірде үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы ойдағыдай жүзеге асуда. Ішкі өнім өндіру көлемі 7 пайызға өссе, сыртқы сауда ай­налымының 2 есеге жуық ұл­ғайғаны байқалуда.  Жыл басы­нан бері  өңірге 25 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарты­лы­пты. Бұл күндері облыстағы барлық аудандар науқанға сай көктемгі егіс жұмыстарын да бастап кетті. Шаруаларға 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Биыл аг­рар­лық саланы қолдауға 6,5 млрд. теңге жұмсалмақшы. Железинка ауданының шаруалары 260 миллион теңгенің техни­каларына қол жеткізді. Қазірде 29 арнайы кешенді техника тұ­қым себуге сақадай сай тұр. Осылайша, бұл жылы астықты алқапты өткен жылғыға қара­ғанда 16 мың гектарға ұлғайту мүмкін болып отыр. Ауданның мал шаруашы­лықтары ет өн­дірісін дамытуға мән беруде. Мысалы, «Пахарь» серіктестігі 7 мың гектар жерді суармалы жүйемен игеруге кіріскен, сон­дай-ақ алда мал бор­дақылау ор­та­лығы мен көкөніс қоймасын салуды жоспарлап қойған. Азық-түлік бағасына тәртіп нарық жолымен іске асыры­ла­ды. Ал, облыс өзін-өзі қажетті азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады. Павлодар ауданына қарасты Чернояр ауылдық аумағында суармалы алқаптық жүйе қайта қалпына келтірілді. Бұрын онда 2,5 мың гектар жер суарылса, биылдан бастап  тағы да 5 гектар алқап­қа су жіберіледі. Бұл көкөніс өнімі көлемін 63 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін арт­тыру­­ға мүмкіндік береді.  Олай болса, енді барлық басқа аудандар осы жүйе бойынша суармалы алқаптарды көбейтуге кірісулері қажет. Азық-түлік қауіпсіз­дігі дегендегі тағы бір мәселе, жалпы облыс бойынша көкөніс қоймаларының аздығы. Былтыр жалпы сыйымдылығы 3700 тон­на болатын үш қойма ашылды. Өз аудандарында көкөніс қой­маларын  жасау туралы аудан әкімдері нақты ұсыныстар білдіре алмай отырғандары өкі­нішті.  Биыл облысқа 3 млрд. теңге көлемінде субсидия беріледі. Қайтарымсыз қаржыны ал­ған өнім өндірушілер өз кезегінде баға тұрақтылығын сақ­тау­ға да көмектеседі деген үміт бар. Елбасы тапсырмасына сәй­кес, өңірдегі ауыл шаруа­шы­лы­ғының жер қорын тексеру жұ­мысы жүргізіледі. Әлі 380 мың гектар жер мемлекетке қайта­рыл­ған жоқ. Бұл «мақсатқа сай пайдаланылмайды», «мүлдем қол­данылмайды» деген желеумен тұрғындардан жерін дөрекі түрде тартып алу деген сөз емес. Барлық заң талаптары сақ­талуға тиіс. Сонымен қатар, соңғы жыл­дары шағын және орта кәсіп­керліктің, соның ішін­де ауылда­ғы кәсіпкерліктің дами түскені кө­ңіл қуантады. Облыс әкімі осы бағытта «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру жалғасын тауып жат­қа­нын атап өтті. Биыл бұл бағ­дар­лама аясында республикалық бюд­жеттен 2 млрд. теңге қаржы бө­лінді. Ал алдағы жылы  «Өнім­ділік-2020» бағдарламасы іске қосылады. Биылғы жыл басынан бері бір мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны құрылыпты. Өңірде қол­ға алынған үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы да  табысты орын­да­лу­да. Биыл 122 инвестициялық жоба  осы бағдарламаға енгізілді. Оның жалпы құны 1 триллион 121 млрд. теңге тұрады. Өткен жылы өңірде 30 жоба сәтті іске қосылғаны белгілі, биыл тағы да    осындай 40 жобаның тұсауы кесіледі деп күтілуде. Жаңа өнді­рістер ашылуымен қатар, өнім­ділікті арттыруға бағытталған жаңа бастамалар ұсынылып отыр. Өндірістер қазірден бастап тех­но­логиялық жаңғыруға батыл кіріспесе кәсіпорынның өнімдері бә­се­кеге қабілетті бола алмайды, сұ­ранысқа жауап бере алмайды. Жобаларды қаржыландыру мәсе­ле­сіне келгенде, екінші деңгейлі банктердің де мүдделестігі ауадай қажет.  «Өнімділік-2020» бағдар­ла­масы аясында облыс ішіндегі өн­дірісті жаңғыртуға және өнім­ділікті көтеруге негізделген 49 жоба ұсынып отыр. Ел Прези­денті­нің ұстанған саясаты бой­ын­ша алғаш рет бизнес саласына же­ңілдетілген несиеден бастап, кадр даярлауға дейінгі қолдаудың 100 түрі көрсетіле бастайды. Ел­басы  шағын және орта бизнестің жолында кездесетін әкімшілік кедергілерді жою үшін барлық заң­намаларға тексеру жасауды тап­сыр­ды. Бизнеске бөгет жасау­шы­лар орталық аппараттарда ғана емес, қалалық кеңселерден де табылады. Сол себепті бизнес өкілдері арыздарының қаралу ба­рысын қадағалауға мүмкіндік беретін интернет-сервис қызметін әзірлеу тапсырылды. Онлайн тәр­тібіндегі бұл  жаңа қызмет түрі 1 шілдеге дейін дайын болуға тиіс. Тағы бір мәселе, Ресеймен көр­шілес орналасқан облыс үшін Кеден одағының маңызы зор. Яғни, кәсіпкерлер Ресей және Беларусь елдерінің рыногын зерттеп біліп алулары қажет. Ал жергілікті кә­сіпкерлер шетелдің тех­но­логиясын алып келуді ғана біледі. Облыс орталығындағы екі университет ғалымдары иннова­ция­лық  жаңа­лық­тар ойлап тап­қа­ны­мен, әзірге оларды тәжі­ри­бе­ге алып, танысып жатқан ешкім жоқ. Өндірісті өңір үшін кә­сіби мамандар даярлауды жаңа деңгейге жеткізу мақсатында об­лыс орталығындағы №7 кәсіптік лицей енді  металлургия саласы­на мамандар дайындайтын орта­лыққа ай­на­лады. Сонымен бірге, Екібастұзда да отын-энергетика саласының жұ­мысшыларын даяр­лайтын оқу ор­нының ғимараты са­лынуда.  Биыл  облыс орталы­ғын­да жаңа үлгіде білім беретін интел­лектуалды мектеп салына бастай­ды. Яғни, 2016 жылға қарай үш тіл меңгертіледі, соның ішінде ағыл­шын тілі бірінші сы­ныптан бастап енгізіледі. Өкі­ніш­ке қарай, біздің  облыста да «Бо­лашақ» бағдарла­масы бойынша шетелдерден білім алып келген тү­лек­тер  жұмыс таппай жүр. Әкім осын­дай біраз жайлардың өңірде нақты жүзеге асуын билік орын­да­ры­на жүктеді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.