Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының Жер ресурстарын басқару агенттігінің басшыларымен кездесуінде жер туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кездесуді аша келіп комитет төрағасы Болат Жылқышиев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында аграрлық саланы одан әрі дамыту туралы алға қойған міндеттер тұрғысында бұл талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру, жер ресурстарын, әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану туралы мәселелерді әкімдер, «Нұр Отан» мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басшыларының қатысуымен сәуір айында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген болатын. Үкіметке жер қорына тексеру жүргізу және жайылымдар мен шабындық жерлерді тиімді пайдалану шараларын әзірлеу тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы алдында тұрған міндеттер аясында бірінші кезекте азық-түлікті қамтамасыз ету, саланың экспорттық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыруды атап өткен Б.Жылқышиев жер туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері аса маңызды екеніне тоқталды.
Бұл мақсатта, сенатордың айтуынша, Жер кодексіне, «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға, қолданыстағы заңдарға рұқсат беру жүйесі, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, шаруа (фермер) қожалығының жұмысы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік басшысы Ө.Өзібеков жерді тиімді пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы мекеме қызметі туралы хабардар етіп, биылғы жылғы жұмыстардың басым бағыттары туралы баяндады. Ө.Өзібековтің айтуынша, бұлар жерді есептеу және экономикалық бағалау, жер ресурстарының саны мен сапалық жайын және агрохимиялық мониторинг жағдайын ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру болып табылады.
Талқылау барысында жер ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды одан әрі арттыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығы мен өнімділігін жақсарту, жер туралы заңнамаларды сақтау, жерге қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды туындататын себептер мен жағдайларды түбірінен жою, халық арасында құқық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері туралы айтылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.