• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

Ағзада дерт, денеде тыртық қалмайды

436 рет
көрсетілді

Қостанайда балалар хирургиясының жаңа парағы ашылды Барлық іс те сәтімен болады. Об­лыстағы балалар хирургиясының жаңа па­рағы ашыл­ды. Наурыз айында облыс­тық балалар ауру­ха­насына белгілі хирург, медицина ғы­лым­дарының кандидаты Фазылбек Темірханов бас дәрігер болып келді. Облыстық ауруханада бөлім мең­герушісі болып қызметін ат­қарып жүр­генде-ақ ол балалар ауру­хана­сын­дағы су жаңа эндови­де­оап­параттың бекер қаңтарылып тұрғанын білетін. Жаңа қызметке келісімен осындағы хирургтерді жинап алып, жұмысты жа­ңаша бас­тауды, аппаратты да­йындауды ұсынды. Ла­пароскопиялық әдісті ұршық­ша үйіріп игер­ген өте тәжірибелі хи­рург­­тің өздеріне басшы болып келгеніне осын­­дағы әріптес­тері­нің қуанғанын көр­сеңіз. Қанша оқыған­мен операция столында қатар тұрып, кәнігі маманнан үйренгендей қайдан болсын. Міне, соның сәті келді. Облыста тұң­ғыш рет бала­лар­ға эндо­видеоаппаратпен опе­рация жасалды. Ауруханаға он үш жасар бала ауыр науқаспен түсті. Анасының айтуынша, баланың дерті қозып, іші ауырып, түйіліп жатып қала берген. Дәрігерлер жан-жақты тексере келгенде баланың өті тасқа толып кеткендігін анықтады. Опера­ция­ны лапа­ро­скопиялық әдіспен жасауды ба­ла­ның анасына ұсынып, оның артық­шы­лықтары түсіндірілді. Фазылбек Сәбит­бек­ұлы қа­сы­на ауруханадағы хирургия бөлімшесі­нің меңгерушісі Игорь Белобржицкийді алып, операцияны өзі жасап шықты. Ескі әдіспен баланың денесін тілуге тура келер еді, ал жаңа аппаратпен үш жерден тескені жеткілікті болды. Енді кешіккенде қа­бынған өт бауырды да за­қымдайтын екен. Өтті алып тастап, ағза­да­ғы қабыну кеткеннен кейін бала өзін бір­ден жеңіл сезіне бастады, айналасы бір аптаның ішінде ауруынан айығып, үйі­не қайтты. – Егер операцияны бұрынғы ескі тә­сіл­мен жасағанымызда балаға бір-екі күн дәрі құюмен болар едік, оның қимылдап, тұруы да кешеуілдейтін еді. Айығып кетуі ауыр, әрі ұзақ уақытты алатыны да сөзсіз. Бұл қай жағынан алғанда да тиімсіз. Жаңа әдіспен жасағаннан кейін науқас өзін жеңіл сезінеді, жара тез бітеді. Әдеттегі, операция жасаған­да дененің тыртығы қалып қоятын. Ол кейін тартылып, адам ыңғайсыздықты сезінеді. Ал жас сәби өсе келе әлгі үш тесіктен оның денесінде тыр­тық қалмайды, – дейді бас дәрігер Фазыл­бек Темірханов. Эндовидеоаппараттың тағы бір ар­тық­шылығы бар. Онымен дәрігерлер науқас­тың диагнозын дәл қоюға мүмкіндік ала­ды. Тіпті УДЗ аппараты көрсете алмаған ішкі ағзадағы ауру түрлерін анықтап береді. Жақында облыстық балалар ауруха­на­сына бір айлық нәресте ауыр халде жеткізілді. Баланың үлкен дәретіне қан ара­ласып түседі. Фазылбек Сәбитбекұлы бұл жолы да шешімді өзі айтты. «Әріптестер, науқасты эндовидеоаппаратпен тексеру керек, бұл іштен туған ішек ақауы болуы мүмкін» деді. Дәрігерлердің барлығы да бұл қорытындыны мақұлдады. Сәбиді эндовидеоаппаратпен тексергенде, расын­да, ішек ақауы болып шықты. Ішектегі артық өскін қабынған кезде қанаған. Заманауи аппараттың көмегімен сүт пісірімдей уақытта-ақ дәрігерлер артық өс­кінді сылып тастады. Нәресте аман қал­ды. Дәрігерлер кеңірдегіндегі ісікті осы аппаратпен алып тастаған бала да төрт күнде жүгіріп ойнап кетті. Бір айдың ішінде ғана облыстық балалар ауруханасында жиырмадан аса балаға лапароскопиялық, яғни тесікті әдіспен операция жасалды. Мұндағы дәрігерлер де Гиппократ антына берік жандар. Игорь Белобржицкий осы қымбат аппарат алын­ғасын-ақ Израильге оқуға барып келген болатын. Алайда бір дәрігерге, оның үстіне жас хирургке жаңа әдісті жаңа аппаратпен бастап кету қиынға соққан еді. Міне, енді Фазылбек Сәбитбекұлының келуі үлкен істің басталуына мұрындық болды. Облыстық балалар ауруханасына пер­зентінің науқасы жанына батқан ата-ана соң­ғы үмітін арқалап жетеді. Жансақтау бөлім­шесінің меңгерушісі Евгений Соловьев, тә­жі­рибелі дәрігер Лариса Данченко, хирург Дмитрий Герасимов және облыстың бас пе­диатры Сара Алдабергенова бар мүмкіндікті салып баланы ажалдан арашалап қалады. Дегенмен, ауыр патологиямен түсетін бір жасқа дейінгі нәрестелерді емдеу күрделі жұмыс. – Қазір біздің ауруханаға іштен ақау­мен, кеміс болып туған бір жасқа дейінгі нәрес­телердің барлығы дерлік ауыр халде түседі. Бет сүйектің, аяқ-қолдың қисықтығы, еріннің, таңдайдың жырығы және ішкі органдардың кемістігі сәбиге күрделі емді қажет етеді. Табиғи ақаудың күрделілігі сондай, кейде бала шетінеп кетеді. Болашақ ана жүктілікке барынша жауапкершілікпен қа­рауы керек. Кейде әлеуметтік тұрмыстағы қиын­дықтар да ананың күтіміне жағдай туғызбайды. Жүкті­лік кезде тұмаумен ауыру, денсаулықтың на­шарлығы нәрестенің кемдігіне әкеліп соға­ды. Оның үстіне ішетін су­дың, ауаның лас­та­нуы­нан болатын зардап­тар­ды да жоққа шы­ғармаймыз, дейді Фа­зыл­бек Сәбитбекұлы. Осындай қиындықтардың барлығына қа­зір дамыған елдердегі медицинаның озық үлгілерін әкеліп пайдалану, заманауи меди­ци­налық құрал-жабдықтар алу және маман­дар­дың кәсіби біліктілігі арқасында қарсы тұра алатынымызды айтады дәрігерлер. Об­лыс­тық денсаулық сақтау басқармасы тағы да озық үлгідегі осындай үш аппарат алғалы отыр. Сонымен қатар, алыс аудандардағы, елді мекендердегі науқастарды орталыққа жеткізу мәселесі тағы да пысықталатын болады. Ол үшін санитарлық ұшақпен қоса енді тікұшақ та қосылады. Оның үстіне жаңа туған сәбиді ананың құрсағындағыдай температурамен ұстап жеткізетін камерасы бар санитарлық автокөлік алу да ойда бар. Осы­ның барлығы ана мен баланың амандығын қамтамасыз ететін болады. Өткен жылы облыста әр мың балаға шаққанда 14 нәресте көз жұмған еді, үстіміздегі жылғы көрсеткіш те мұнан жоғары болған жоқ әрі ол бұрнағы жылдарға қарағанда төмен. 2015 жылы бір жасқа дейінгі нәрестелерді әр мың балаға шаққанда 8-ге дейін төмендету туралы Елбасы тапсырмасы осындай ізденістер ар­қасында мүмкін боларына қостанайлық дәрі­гер қауымының сенімі мол. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.