• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

Бордақыланған малға сұраныс көп

402 рет
көрсетілді

Алты ай қысы арқырап тұратын Арқамен Бетпақдала арқылы жалғасып жатқан Созақтың құдай қосқан көршісі Бәйдібек ауданы да табиғаты қатал өңірлердің қатарына жатады. Сарыағаш­та­ғы­дай үй басы жылыжай салу шаруа үшін қып-қызыл шығын. Әйтсе де ауданның ортасынан кесіп өтетін, бір ұлып соқса өкпесі өш­кенше өршеленетін атақты Арыс­тан­ды Қарабастың желінің пайдасы да бар екен. Аудан әкімі Райымбек Жолдас пайда-зия­нын есеп-шотқа салып қойған, миықтан күледі. Айтқандай, зияны аздау, пайдасы көптеу. Облыс әкімдігі “Нью Смари Тнезджи” серіктестігі және “KEGOC” АҚ арқылы үш жақты меморандумға сай Жамбыл ауыл округінің жер кө­лемінен 700 га жайылым жер телімдерін жел электр стансасын салу мақсатында ресімдеп беріпті. Осын­дай құрылыс республика бойынша бес жерде ғана салынған екен. Ол пайдалануға берілген жағдайда тәу­лі­гіне 42 мегаВатт электр энергиясын өндіреді. Ал, аудан әкімі ауданға керегі 3,5 мегаВатт дейді. Сонда бүгінге дейін елдің жү­ре­гін май ішкендей кілкітіп келген Арыс­танды Қарабастың желінің пай­дасы мықтап тигені ғой. Құдай қос көрсе, осы электр энергиясы Бәйді­бек ауданы сияқты оншақты ауданға жетеді екен. Ауданнан бес шақырым қашық­тық­та жатқан Жамбыл ауылына бар­дық. Әу бастағы мақсатымыз мал бор­дақылап жатқан “Рысбек-Нұр” ЖШС-інің жағдайымен танысу еді. Жолсерігіміз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Әлімжан Бекболатұлы зерделі, іскер жігітке ұқсайды. Ауданнан шығаберісте мақсары майын сы­ға­тын шағын зауыт бар екен. Бас­ты­ғы монополистеу. Өйткені, жалғыз зауыт болғандықтан, аудан диқандары мақсарысын осында әкеліп өткізеді. Монополистеу бастық мақсарыны бір сығып алған соң облыс орталы­ғын­дағы ірі май зауытына апарады екен. Шыны құтыға құюға, жәшікке салып сатуға шығаруға. “Мақ­са­рыны аудан бойынша мен ғана қа­былдай алам, бәсекелес жоқ деп жүр­сің-ау. Бір күні осы ауданнан шыққан, ірі шәрде тұратын бір байшыкеш бір май зауытын ауданнан ашса, сен далада қаласың ғой. Несие алып, өзің неге цех ашпайсың”. Монополистеу бастық Біләлов Бейбіт сөздің астарын түсініп шошып кетіпті. Қазір несие алам, цех ашам деп шапқылап жүргенге ұқсайды. Осындай әңгіме айтқан Әлімжан­ның өзі де қаражаяу емес. Мектеп бітіргенде отыз жасыма дейін бизнеспен айналысамын, отбасымды толық қамтамасыз еткеннен кейін мемлекеттік қызметке келемін деп өзіне берген уәдесі бар екен. Орын­дапты. Отыз бір жасында мемлекеттік қызметке келген. Алдына мақсат қоя алатын,  ойында­ғы­сын орындайтын жігіттің осы қызметке келгені бізге де ұнады. Әкесі Ысқақов Бекболат ақсақал Ленинградтағы мал шаруа­шы­лығы академиясының түлегі. Кеудесін ұрмайтын жан ауданнан ұзамай, мал дәрігері қызметін атқарып, зейнетке шыққан. Мал жағдайын жақсы білетін, ауру-сырқауынан тез жазатын маманды кәсіпкерлер қоя ма. Мың бас асыл тұқымды өгізді бордақы­лауға қойған “Отырар өнімдері” ЖШС жұмысқа алған. Мал бордақылап жатқан “Рысбек-Нұр” ЖШС-іне келдік. Шаруашы­лықты жүргізуші Әбдірайымов Серікжан жап-жас жігіт. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген, ішкі істер бөлімі мен журналистік қызметті де көрген жігіт бір күні таңғы ұйқыдан тұр­ған­нан кейін бірауық ойланыпты. Қарап отырса жүрісі көптеу, тындырғаны аздау. “Мұным болмайды” деп қа­ла­мен қош айтысып, туған ауылына келген. Ауыл сыртынан жер алып, қора салған. Бір жақ бетінде 80 бас ірі қара, бір жағында 50 бас жылқы байлайды. Уақ малға бөлек қора са­лынған. Бір жылда 200 бас сиыр, 100 бас жылқыны бордақылауға қоя­ды. Шаруашылық жанынан шопанға, күзетшіге үй, өздеріне кеңсе салған. Мал сою цехы бар. Оның сыртында жемқойма, гараж сияқты қосалқы шаруашылықтары бар. Малды ауыл­дан сатып алады. Бұрындары бір жылқы 150 мыңдай болса, қазір 230-250 мың теңгенің үстіне шығып кеткен. Жылқы бағымда екі ай, өгіз тоқсан күн тұрады. Қорегі – бидай, құрама жем. Ірі қара жоңышқаға байланады. Сайрам ауданындағы өзбек ағайындардың мал бордақылаумен даңқы шыққан. Бордақыларының жонынан маса тайып жығылғандай. Бір ет, бір май. Бірақ, олар ірі қараны шрот, күнжара, мақтаның қауызы, кебек сияқты арзандау қалдықтардан быламық жасап азықтандырады. Ал Серікжанның бағымындағы малдар­дың қорегі балауса шөп, құрамажем болғандықтан тойға, сойысқа мал іздегендер көрші аудандардан арнайы келеді екен. Жамбыл ауылының жері жаңбыр жаумаса жұтаңданып қалады. Сон­дық­тан, жемшөп көбіне сатып алы­на­ды. Әр бордақыдағы малдан екі айда 30-50 мың теңге аралығында таза пайда алады. Бұған да қанағат. Негізі шаруашылықтың басшысы – Шар­дарбекова Іңкәр ханым. Қожалықтың қырда өз малы бар. “Бәйдібек несие” серіктестігінен 20  млн. теңгедей қаржы алған. Жылдық өсімі 7 пайыз­бен. Онсыз құлашты кеңге сермей ал­майсың. Ауыл жағдайында бір малмен шектелуге болмайды. Пайда­ның түрлі көзін іздеп көру керек. Серікжан мырза сөйтіпті. Шаруашы­лы­ғының бір жағына жеміс ағаштарын еккен. Алма, нәк (алмұрт), шабдалы сияқты. Енді жылыжай салу әрекетінде. Әңгімеге ауыл әкімі Ахметов Күмісбек араласқан. “Мұнда келген адам бір қолына ет, бір қолына помидор  ұстап шығады” дейді. Айтып тұрғаны дұрыс. Бұрын табиғаты қаталдау Бәйдібек ауылында қияр, помидор өседі десе ел сенбес еді. Ынта, жігер болса бәрі де мүмкін екен. Тек Серікжан сияқты жігіттерге серік болатын азаматтар ауылға көп керек. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.