• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2011

Жастарға қамқорлық – келешек қамы

420 рет
көрсетілді

Бір топ студенттер тегін білім алу грантына ие болды Жетісу жерінде 508 мыңнан астам жас болса, оның 395 мыңы ауылда, 113 мыңы қалада тұрып, туған жердің гүлденуіне өз үлес­терін қосуда. Осы алып күшті қоғамның болашағына талғампаз­дықпен бағыттау үшін жанды қамқорлық пен нәтижелі жұмыс қажеттігі түсінікті. Жалпы жастарға, оның ішінде әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы, жетім және жартылай жетім бала­лар­дың жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасаудың мәні зор десек, Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында нақты тапсырма беріп келеді. Осыған орай 2006 жылдан бері облыс әкімінің гранты тағайындалып, осы аралықта 470 студенттің тегін білім алуына бюджеттен 192,4 млн. теңге жұмсалыпты. Бүгінгі күні олардың 63-і оқуын аяқтап, мамандықтары бойынша түрлі салада еңбектерін жалғастырған. Биыл осындай 354 студенттің қалаған мамандықтары бойынша тегін білім алуына 80,6 млн. теңге бөлінсе, Ілияс Жансүгіров атын­дағы мемлекеттік университетте ғана 164 жас әртүрлі мамандық бойынша білімдерін толықты­руда. Оқу орнындағы 6 факультетте 6,5 мың студент оқиды десек, олардың қатарында арнайы грантпен оқуын жалғастырған студенттердің болуы, әрине, үлкен қуаныш. – Ұлттық бірыңғай тестілеуден 88 балл жинағаныммен мемлекеттік грант иегері бола ал­мадым. Анам екінші топтағы мү­ге­дек, әкем жоқ. Облыс әкімінің гранты бар екенін естіп, құжат­тарымды тапсырдым. Сөйтіп, мақ­сатыма жетіп, қуандым. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің 1 курс студентімін, – деген Әйгерім Шаншарбаева да қуанышын жасырмады. Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп атап көрсетілді. Ел болашағы жастардың ойы да, бойы да таза, сұлу, сымбатты, парасатты бо­лып өсуіне екі жақтағы бай­ланыстың әсері мол екендігіне көз жетті. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.