Бір топ студенттер тегін білім алу грантына ие болды
Жетісу жерінде 508 мыңнан астам жас болса, оның 395 мыңы ауылда, 113 мыңы қалада тұрып, туған жердің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Осы алып күшті қоғамның болашағына талғампаздықпен бағыттау үшін жанды қамқорлық пен нәтижелі жұмыс қажеттігі түсінікті.
Жалпы жастарға, оның ішінде әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларындағы, жетім және жартылай жетім балалардың жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасаудың мәні зор десек, Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында нақты тапсырма беріп келеді. Осыған орай 2006 жылдан бері облыс әкімінің гранты тағайындалып, осы аралықта 470 студенттің тегін білім алуына бюджеттен 192,4 млн. теңге жұмсалыпты. Бүгінгі күні олардың 63-і оқуын аяқтап, мамандықтары бойынша түрлі салада еңбектерін жалғастырған.
Биыл осындай 354 студенттің қалаған мамандықтары бойынша тегін білім алуына 80,6 млн. теңге бөлінсе, Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетте ғана 164 жас әртүрлі мамандық бойынша білімдерін толықтыруда. Оқу орнындағы 6 факультетте 6,5 мың студент оқиды десек, олардың қатарында арнайы грантпен оқуын жалғастырған студенттердің болуы, әрине, үлкен қуаныш.
– Ұлттық бірыңғай тестілеуден 88 балл жинағаныммен мемлекеттік грант иегері бола алмадым. Анам екінші топтағы мүгедек, әкем жоқ. Облыс әкімінің гранты бар екенін естіп, құжаттарымды тапсырдым. Сөйтіп, мақсатыма жетіп, қуандым. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 1 курс студентімін, – деген Әйгерім Шаншарбаева да қуанышын жасырмады.
Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп атап көрсетілді. Ел болашағы жастардың ойы да, бойы да таза, сұлу, сымбатты, парасатты болып өсуіне екі жақтағы байланыстың әсері мол екендігіне көз жетті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.