Аграрлық ғылым мен өндірісін дамытуда артына өшпестей із қалдырған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Қасым Асановтың туғанына 70 жыл толуына орай өзі ұзақ жылдар қызмет істеген қарашаңырақ – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
15 жылдан аса уақыт ғылым мен өндіріс бірлестігінде азық пен жайылым барысында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның тиімділігі мен сапасын арттыруға өзіндік үлесін қосқан ғалым өмірінің соңына дейін өзі жетекшілік еткен республикадағы «Жем және жайылым» ғылыми-техникалық бағдарламасы бүгінде оң нәтижесін беріп келеді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан өңірінде мәдени жайылымдарды тиімді пайдаланудың, Каспий аймақтарындағы жайылымдардың құнарлылығын арттырудың, Волга мен Орал, Атырау аумақтарындағы жем өндірісінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізін қалады.
Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстардың ауыл шаруашылығы саласы үшін берері көп екендігіне мамандардың көзі жетті. Сондықтан да ғылым жолында асқан табандылық көрсеткен Қасым Асановтың қол жеткізген жетістіктері өміршеңдігімен құнды. Ол жөнінде конференцияда жан-жақты айтылып, ғалымның ғылыми еңбектері зертханада практикалық жағынан да көрсетілді. Жиында сөйлеген қонақтар, белгілі ғалымдар Қ.Асановтың ашқан жаңалықтарының халықаралық маңызын айта келе, ол кісінің азаматтық келбетіне, адами қасиеттеріне де тоқталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.