А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтің жыр кеші өтті. Білім ордасының үлкен акт залы ақын өлеңдерін тыңдауға келген студент жастарға және қала тұрғындарына толды. Ақылбек қазақ өлеңін өміріне балаған ақын ғана емес, жастарды білімге сусындатуға үлкен үлесін қосып жүрген ұстаз да. Сөзінің соңын «Ақылбекті мақтаймыз да, Ақылбекпен мақтанамыз да» деп аяқтаған университет ректоры Асқар Наметов оған «А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің академиялық профессоры» атағының куәлігін тапсырды.
Ақылбек Шаяхметтің алпыс асу уақыт ішінде 30 кітабы жарық көріпті. Ақын балалар поэзиясына да атсалысты. Сонымен қатар, оның драматургиялық және зерттеу шығармалары да оқырманының жылы ілтипатына ие болған еді. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов туралы жазған шығармалары облыстық қазақ драма театрының репертуарынан орын алған. Арқаның тақ-тақ ақыны атанған Нұржан Наушабаевтың шығармаларынан ғылыми еңбек те қорғады. Қостанай өңіріндегі ауыз әдебиеті маржандарын мысқалдап жинауда да Ақылбек Қожаұлының еңбегі зор.
Ақылбек Шаяхмет өлеңдерін орыс тілді оқырманға жеткізуде ақын Абдрахман Дос көп еңбек сіңірді. Биыл негізінен оның аудармасынан тұратын ақынның өлеңдер кітабы орыс тілінде жарық көрмек. Кешке жиналған өзге ұлт өкілдері ақынның өлеңін Абдрахман Достың және өзінің оқуында тыңдады. Сонымен қатар, кеште орыс бала бақшаларының бүлдіршіндері, колледждердің, университеттің ұлты қазақ емес студенттері ақын өлеңдерін қазақ тілінде оқыды. Тобыл өңірінде ана тіліміздің қанатын еркін жаюы үшін күрескерлік ұстанымынан таймаған ақынның арманы да осы еді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.