"Алтын белгі иегерлері көбейіп барады" (Е.Қ.31.03.2011 ж.)
Ауыл мектебі мен қала мектебінің ара салмағында айырмашылық бар. Біріншіден, қала мектептері ауыл мектептеріндей емес, мұғалімдерден тапшылық көрмейді. Қалада жұмыс сұрап өтініш білдіргендерді таңдап іріктеп алуға толық мүмкіншілік бар. Жұмысқа орналаса алмай жүрген, ауылдан барған білікті ұстаздар қаншама? Олардың кейбірі жоғары санатты мұғалімдер. Бұл қала мектебінің ажарын ашпай ма? Сондай-ақ алыс ауылдағы бастауыш мектептердің жай-күйі де автордың көзқарасына ілігуі керек еді. Қашықтықтан оқыту, интернеттік жүйе, т.б. озық жайлар ауыл мектептерінде әлі де ақсауда. Қала мектебінің базалық қуаты да алыстағы ауыл мектебінен әлдеқайда артық десем, асыра бағалау болмас. Сөйте тұрса да кейбір ауыл мектептерінің ҰБТ көрсеткіші жекелеген қала мектебінің дәрежесінен артық болмаса кем емес екеніне нанатын шығармыз. Ауылда жаппай көзбояушылық, «жалған іс» етек алып жатқанда қала мектептері де «қарап отырмағаны» және анық. Тағы бір айтарымыз, «Алтын белгі» алғандардың бәрі бірдей мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін біле ме екен?» дейді автор. Меніңше, бір жауап: бүгінгі ауыл мектебі ана тілі жөнінен қала мектебінен көш бойы озық. Сондай-ақ мақалада осы жөнсіздіктерге (бағаны көтеріп қою, ұялы телефон арқылы оқушыға сұрақ жауаптарын беру, т.б.) «Оған кінәлі мектеп, не мұғалім емес, өтірік беделге ұмтылушылар» дейді. Сонда ұмтылушылар кімдер? Автор ашып айтпай ма? ҰБТ қорытындысы ең бірінші балаға білім берген мұғалімге, мектепке бедел екені айдан анық. Егер анық болса, неге оларды арашалаймыз? Сапалы білім беруге қабілеттері жетпей, жалған жетістіктерге жетудің ең төте жолын үйретіп жүрген солар болмай ма? «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді халық. Жоғары орындардан келген бақылаушыларды «сатып» алады, болмаса, көңілін табудың басқалай әрекеттерін іске қосады деген әңгіме де ел аузында. Осылардың бәрін анықтап дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп, төрелік шығаруымыз керек. Онсыз білім сапасы көтерілмейді. ҰБТ-ның беделі кетеді. Ойластыра келгенде, автор бәрін тек өзінің республикадағы ең озық мамандандырылған дарынды балалар мектебімен салыстыра қараған сияқты. Біз ауылда тұратын барлық балаларды мектепке қабылдаймыз. Ал аталған мектеп ең озат деген оқушыларды іріктеп алады және 5 сыныптан бастап оқытады. Ол оқушылар бастауышты ауылда оқып, қалада қатардағы мектептерде білім алғандар. Сонда бейнет кімдікі, атақ кімдікі?
Бүгінде барлық мектепте алдағы көктемде басталар ҰБТ-ға әзірліктің қызған шағы. Мұғалім де, оқушы да қарбалас уақытты босқа өткізбей, білім сынына ықтиятты әзірлікке көшкенін көп жерден аңғарып жүрміз. Он бір жыл алған білімінің қаншалықты екенін бағамдау әр шәкірт үшін маңызды. Олқы жерлеріңді толықтырып, барыңды одан әрі молайтып, шыңдай түсу ертеңгі күні орта жолда қалдырмайды. Оқуың сапалы болса санаң салмақты, ойың да орта болмайды. Мектептердегі білім сапасы жөнінде Ақжайық ауданы білім бөлімінің бастығы Абдуғажиев Марат бізбен бірде ой бөліскен.
– Соңғы жылдары Ақжайық ауданының мектеп бітірушілері облыста алдыңғы көште келе жатыр. Бұл ҰБТ-ға тиянақты қамданыс, білім беруге жан-жақты қамқорлық нәтижесі десем, артық бағалау болмас. Биыл мектеп бітірушілер 650 оқушы болса, соның 619-ы білімін ҰБТ-да сынауға тілек білдіріп отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Осы уақытқа дейін 5 рет алдын ала тест бақылауларын өткіздік. Үшеуін – мектепте, екеуін – аудандық тест орталығында. Байқаулар нәтижесі әзірлікті шыңдай түсуді қажет етеді. Әлі де ширатар тұстар баршылық. Бұл жағдайлар мектеп басшылары мен ұстаздарға ескертілді. Талқыланды. Қалған уақытты тиімді пайдалану ортақ істің нәтижелі болуының кепілі. Оқушылардың білім сапасы оқытушыға тәуелді. Олардың білімін жетілдіру үнемі назарда. Өткен жылы жоспар бойынша 250 мұғалім өз білімін көтеруге тиіс болса, бізде 337 мұғалім өз біліктілігін арттырды. Аудан бойынша өткен оқу жылында мектептер түгел оқулықпен қамтылып отыр. Ал енді газеттегі көтерілген мәселеге тоқталар болсақ, ауыл мектебінің біліміне күдіктене қараудың ешқандай қисыны жоқ. Өткен жылғы жоғары оқу орнына түскен грант иегерлері облыс бойынша 1511 болса, соның 1006-ы ауыл мектебінің түлегі. Біздің ауданнан оқуын алып жүре алмай қайтып келген оқушыны естіген жоқпын. Ауылдағы тест орталықтарын жабуға болмайды.
Бір сөзбен айтқанда, әлі де қала мен ауылды салыстыра қарау үшін теңгермешілік шекараның сызығы салмақтауды қажет етеді. 125 балды тек қалалық оқушылар жинауы шарт емес шығар. Ауылда да үкілі үмітке лайық білімді оқушылар жетерлік, соған қуанамыз – деді ол.
– Онысы рас. Ауыл мектебін бір ұдай күстәналай бермейік.
Тілес ЖАЗЫҚБАЙ, Қазақстан Республикасы оқу ісінің озаты.
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.