• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Триумфатор жаңа шабуыл шебін көрсетіп берді

358 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы еліміздің өмірін тағы да жоғары сапалық деңгейге көтеру межесін көрсетіп берген бір игілікті іс бағдарламасы болып шық­ты. Бұл 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарла­ма­ның екінші жылындағы кезекті жұмыстардың жоспары ғана емес, сонымен бірге, ел экономикасын түпкілікті әртарап­тан­дырудың, отандастар әл-ауқатын сапалы жақсартудың, сондай-ақ ұлттық интеллект өсуі­нің жаңа бір жобасы іспетті құжат болып шыққан. Меніңше, құжатта 2020 жылға дейін алынуы белгіленген асуды мерзімінен бұрын игеру мақсаты жатқан болса керек. Осы уақытқа дейін біз Оңтүстік-Шығыс Азия жолбарыстары атанып жүр­ген қарқынды дамушы мемлекеттердің жетістіктеріне таң қалып келдік. Ал барлық ақиқатқа ғылыми негізде көз салса Қытай түгілі Малайзия, Индонезия, Сингапур секілді мем­лекет­тердің даму қарқыны мен жеткен жетістігі біздің елмен салыстыруға да келмейді. Осыған орай Президентіміз биылғы Жол­дауында нақты статистикалық ақпараттар келтірді. «Егемен дамудың алғашқы жиыр­ма жылында жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда 2 есе, Сингапурде 4 есе, Венгрияда 5 есе, Польшада 4 есе өскен» деген нақты көрсеткіштерді Елбасымыз мысалға келтірді. Ал 2010 жылдың қорытын­ды­сында бұл көрсеткіш Қазақ­станда 12 еседен артыққа өсіп, дәл қазір 9 мың АҚШ долларын құрап тұрғаны да мысалға алынды. Басқалар үшін жұмбақ болса да бұл нақты көрсет­кіш­тердің ақиқаттығы Оңтүстік-Шығыс Азия жолбарыстары­ның экономикалық даму та­рихын егжей-тегжейлі зерттеген маған бес саусақтай белгілі болатын. Иә, біздің даму қарқынымыз бұрын-соңды адамзат тарихында болып көр­меген ерекше бір ғажайып құбылыс. Өйткені, егемендікке дейінгі және одан кейінгі Қазақстан экономикасының даму тарихы да, әлемдік, оның ішінде Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің даму тарихы да белгілі. 50 жылдан асатын тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстарына ар­нал­ған ғұмырымда Еуразия түгіл АҚШ, Латын Америкасы мемлекеттерінің эко­номикалық даму барысын сараптан өт­кізген адаммын. Солардың ішінде мені ерекше риза ететіні Қазақстанның 20 жылдық даму тарихы. Тіпті, барша әлем «ғалам ғажайыбы» деп мойындаған Жапонияның даму қарқыны да, жеткен жетістігі де дәл Қазақстанның 20 жылда шыққан биігіндей риза етіп, таң қал­дырмайды. Себебі, біріншіден, Жапония екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген елдердің бірі болса да, оларда қалың бұ­қараның санасын өзгертуге күш жұмсау қажет емес еді. Бұл – басты байлық. Өйт­кені, нарық қоғамына қажетті заңдардың жүйесі сақталған және мемлекет тұрғын­дарының «мемлекет асырайды» деген масылдық ұстаным санасын улама­ған болатын. Екіншіден, оларға АҚШ басты көмекші болды. Үшіншіден, Жапония жан-жағынан ашық теңізге, яғни әлемдегі ең арзан тасымал жолына ие мемлекет. Міне, Жапониядағы осынау үш ба­сымдықтың бірде-бірі Қазақстанда бол­ма­ды. Керісінше, Қазақстан бүкіләлемдік қыспақ жағдайында тәуелсіздік туын көтерген мемлекет. Теңіз жолынан ал­шақ­тығымыз дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бұл – бір. Екіншіден, АҚШ біздің қуатты ел болуымызға ешқашан да мүдделі болған жоқ. Бастапқыда біздің қолда КСРО-дан мұраға қалған ядролық қару әлеуеті болғандықтан да үрке қарады. Үшіншіден, Қазақстан Ұлттық банкті құрған кезде онда бір унция алтын немесе бір цент валюта болмады. Төртін­шіден, тәуелсіздік алған Қазақстанды дү­ние жүзінде ешбір мемлекет танымайтын еді десек, қателеспеспіз. Бесіншіден, тәу­елсіздік алған кезде Ельциннің көмектес­кісі келгенімен, Ресейде Қазақстанға бере қоятын нақты көмек күші жоқ еді. Өздері де тұралап жатқан болатын. Алтыншы­дан, іргедегі алып Қытайдың бізге қатыс­ты шекаралық дауы болды. Жетіншіден, оңтүстіктегі жақын көршілерімізде тер­рор­шыл-экстремистік әрекеттер өршіп тұрды. Ауғанстаннан Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан секілді бізге жақын мемлекеттерге күшті қауіп төнді. Сегізіншіден, КСРО әскери-ғарыштық стратегия­лық жобаларына қызмет еткен бүкіл зауыттар тоқтауға мәжбүр болды. Бұл Қазақстан индустриясының 80 пайызын еншілейтін алып ағза болатын. Түптеп келгенде, Қазақстанда халық шаруа­шы­лы­ғы тауарларын шығаратын өнеркәсіп саласы ел экономикасының 10 пайызын да еншілемейтін. Міне, осындай жағдайда, алапат рецессия, гиперинфляция, шексіз жұмыс­сыз­дық өріс алды. Басқасын былай қой­ғанда, ғалым менің өзіме осыларды тоқ­тату мүлде мүмкін еместей көрінетін. Ойлап қараңызшы, 1993 жылы теңгемізді өндіріске енгізген кезде оның долларға шаққандағы бағамы 1=4,5 мөлшерінде болатын. Көп ұзамай-ақ ол 1=150 дең­гейінен асып кетті. Ал ауыл шаруа­шы­лы­ғының қаншалықты күйзелгенін айтудың өзі қиын. Тіпті, оның жағдайын күні бүгінге дейін тү­зей алмай келеміз, бірақ жал­пы эконо­ми­каның ға­рыштық жыл­дам­дықпен да­мы­ғаны сон­ша­лық, 1994 жыл­ғы жан басына шаққандағы жылдық ішкі жалпы өнімнің 700 долларлық деңгейінен үстіміздегі жылдың алғашқы күніне дейін дәл осы көрсеткішті 9000 долларға жеткізе алдық. Мұндай қарқынды ғарыш­тық жылдамдық демегенде не дерсіз?! Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын сөздің тура мағынасында триумфаторға теңей­мін. Әрине, ол әскерлерін соңынан ертіп, жау қамалын алған жоқ. Бірақ, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы елдің жағдайы жау шапқан елден де жаман болды десем, ешкім мұның қате дей алмас. Халықтың тең жартысынан астамы жұмыссыз қалды. Міне, дәл осындай жағдайда теңселіп кеткен халқына жұба­ныш айту үшін сол кездері Нұрсұлтан Назарбаев қалың бұқарамен қазіргіден де жиі кездесіп жүрді. Бір қайран қаларлығы сол – халықты төзімге шақырған Президентіміз қиындықтың көп ұзамай-ақ артта қалатынына уәде етіп жүрді. Ол кезде «Шеврон» компаниясы біздің елге әлі келмеген. Каспий түбінен әлі бір шелек мұнай алынбаған шақ болатын. Жоғарыда айтып кеткенімдей, Батыс пен Шығыстың алпауыт инвесторлары біздің экономиканы көтеруге қаржы салмақ түгіл, шошитындай жағдайда еді. Өйткені, ядролық тажал қаруы бар ел болдық. Осының бәрін тәуелсіз­діктен кейінгі даму саясатының бағытын 180 градусқа бұра алған, бұл ретте одан әрі не болады деп мүлде қобалжымаған Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлігіне риза боласың. Ол нағыз триумфатордай батылдық танытып, барлық қиындықтар­ды жеңіп шығып жүрді. Алғашқы жыл­дарын Қазақстандағы шикізат қорын насихаттауға арнаған Елбасымыз жаңы­лыс­пады. Теріс қарап жүрген шетелдік алпауыттардың беті бұрылды. Әуелі «Шеврон» келді, сонан соң «Бритиж Петролиум», «Аджип», тағы басқалары ықылас таныта бастады. Қазір осындайлардың көпшілігі Нұр­сұлтан Әбішұлының қабылдауына кіруге ынтызар болып жүр десем, қателеспес­пін. Әр қадамын ғылыми негіздеп алып барып басатын Президентіміз еңбек май­данындағы шабуылдарын үдете түсті. Бірінші кезекте шикізат өндірісіне инвестиция құюшыларға жол ашты. Өйткені, КСРО заманының өзінде Қазақстанның металлургия, энергетика аталатын индус­триялық саласы негізінен шикізат өндіру­мен айналысатын. Соларды қалпына келтірсек, ірі қалаларымыздағы біраз адам жұмыс табатынын, ақыр аяғында осы тауарларды экспорттау арқылы елге валюталық кіріс түсіруге болатынын ол кісі дұрыс түсінді. Ақыры барлық іс Нұрсұлтан Әбішұлы ойлағанындай шешілді. «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасының бастапқы кезеңі дәл осылайша шикізаттық саланы игеріп, қор жинап, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп, елдің әл-ауқатын көтеруге арналғанын осы 30 жылдық ауқымды жоспарды жасауға қатысқан ғалымдардың бірі ретінде мен жақсы білемін. Нәтиже біз жоспарлағаннан да жақсы болып шықты. Шынын айтайын, дәл сол жоспарды жасап жатқан кезде, басқаны бы­лай қойғанда, өз басым күйзеліп тұр­ған Алматы көшелерінде 2010 жылы 450 мың жеңіл автокөлік күн сайын жүруі мүмкін екенін көз алдыма елестетпеп едім. Бұл бұл ма, қазір біздің Қазақстанда 2 миллиондай жеңіл автокөлік ресми тіркеуден өткен екен. Бұл дегеніңіз, әрбір сегізінші отандас немесе бас-аяғы 4 жаннан тұратын екі отбасының бірі көлік мініп жүр деген сөз. Мұндай байлықты әлемнің ешбір мемлекеті бас-аяғы 20 жылда қамтамасыз ете алған жоқ. Егер осы уақытқа дейінгі бейбіт ша­буылда алған шептерді есептер болсақ, онда «Қазатомпром» ұлттық атом өнер­кәсібі компаниясының уран өндіріп, экс­порттаудан дүние жүзі бойынша бірінші орынға шыққанын айтсақ та жеткілікті. Уран қоры жағынан бізбен шамалас және ашық теңіз жолына бірден шығатын, сондай-ақ төрткүл дүниеге ертеден таны­мал, ақыр аяғында бүкіл ғұмырын на­рықтық қоғамда өткізіп келе жатқан Австралия мен Чили секілді мемлекеттер біздің соңымызда қалып қойды. Ал осы­ның ішінде Австралия Ұлыбританияның, Ұлы­британия АҚШ-тың сенімді әріптесі екенін ескерсек, онда Қазақстанның шық­қан биігі ғалымдардың да басын айнал­дыратындай асқақ шың деуге болады. Триумфатор Н.Ә.Назарбаев ешқашан да жетістікке тоқмейілсіген тұлға емес. Ол ұлтының, мемлекетінің алдындағы өз жауапкершілігін жете сезініп, жұмыс істейтін нағыз көшбасшы. Иә, ол көп Пре­зи­денттің бірі емес, бірегей Ұлт Көш­басшысы. Сондықтан да өзінің білім-білігін, бай тәжірибесін ұлтының игілігі үшін, өзі шаңырағын көтерген мемле­кетінің өркендеуі үшін жұмсап келеді. Сондықтан да 2007 жылдың тамызында АҚШ ипотекалық жүйесінде басталып, бүкіл әлемге тараған дағдарыс зардабын Қазақстан оншалықты сезіне қойған жоқ. Өйткені, АҚШ-та басталған «дауылдың» түбінде бізге де жететінін жете түсінген Көшбасшымыз одан қорғанатын дуал тұрғызған жоқ, соның қуатын ел игілігіне пайдаланып қалу үшін жел диірмен жасап үлгерді. Мен кезінде «Қазақстан дағ­дарысты өз пайдасына шеше алады» деген едім. Болжамым өмірдің ақиқатына айналды. Себебі, Нұрсұлтан Әбіш­ұлындай білікті басшысы бар ел алыс бо­лашақты жарқын ету үшін алып бағдар­лама қабылдағаны баршаға белгілі. Сол 30 жылдық бағдарламаның екінші кезеңі индустрияландыру мен инновациялық өндіріс құруға, түсініктірек тілмен айт­сақ, шикізат емес дайын бұйым шыға­ратын кәсіпорындарды өмірге әкелуге арналған. Осы жерде айта кетейін, ат­қарушы биліктің алғашқы онжылдықта тындырған ісі соншалықты – біз келесі онжылдықтың индустриялық-инновация­лық бағдарламасын жасап жүзеге асыруға да, оған дейінгі бүкіләлемдік қаржы дағдарысын жеңуге де жететін қор жинап алған болатынбыз. Сол қордың арқа­сында дағдарыс қыспағын сезбедік, сол қордың арқасында индустриялық-инно­вациялық бағдарламаның бастапқы жы­лын табысты аяқтадық. Енді міне, «Екінші жылы не істеу керек?» деген сұраққа дәл осы Жолдауда жауап беріліп тұрған секілді. Бірақ, түсіне білген адамға Елбасының бұл Жолдауы бір жылмен шектелмей, алыс болашақтағы тұтастықты қамти отырып, ел экономикасын әртараптандыру, ішкі жалпы өнімдегі қосымша құны мол дайын тауарлы өндіріс үлесін ұлғайту, бұл үшін мүлде жаңа өндіріс орындары мен инфрақұрылымдар жасау, осыны түпкілікті баянды ететін ғылымды мейлінше қолдай отырып, ұлттық интеллектіні сапалық жоғары деңгейге көтеру, сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлының қызме­тін­дегі басты мақсат – қазақстандық­тар­дың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарта түсу, бір сөзбен айт­қанда, барлық істің нәтижесін отандастар өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, өмірі мен денсаулығында сезіну деген ауқымды шаралар тізбегін қамтыған. Бір қараған адамға жаңа өндіріс тек қана жаңа өнім берумен, әрі кеткенде соны сатқаннан түсетін кірісті молайтумен шектелетін секілді көрінгенімен, оның Қазақстанға, қазақстандықтардың болмыс-бітіміне, сана-сезіміне тигізетін ықпалы «соқамен жер жыртып жүрген адамның ғарыш кемесін игеруге қабілетті болып шыққанындай» әсер ететін аса бетбұрысты іс. Өйткені, жаңа кәсіпорын­дар негізінен инновациялық өндіріс орын­дары болып есептеледі. Ондағы қыз­меттердің атаулары да, еңбек ету жағдайы да мүлде бөлек. Өндіріс орнының сани­тарлық және экологиялық тазалығы жоғары деңгейде болады. Қызметкерлер мұнда өндірісті негізінен компьютер арқылы басқарады. Бұл үшін, онда жұмыс істейтіндердің білімі халықаралық жоғары деңгейде болуы шарт. Біз ғылым мен өндірістің кірігуі дегенде, әрқашан да ғалымдар ашқан жаңалықтардың нәтижесін конвейерлік өндірістен алу дегенді көзге елестетеміз. Бұл дұрыс та, бірақ ол ғылым мен өндірістің кірігуі деген үлкен ұғымның бір ғана тармағы. Ал, жоғарыда айтқанымдай, жаңа кәсіп­орын­дарда жұмыс істейтін маман қызмет­керлердің өндірісті компьютермен бас­қаруы сол «ғылым мен өндірістің» деген ұғымның келесі бір бөлшегі емес пе? Иә, дәл солай. Олай болса, жалпыұлттық жұ­мысшы табы қалыптасқанда, олар жо­ғары интеллектуалды болып шығады екен. Бұл дегеніңіз, нағыз ұлттық өрлеу. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев «басты мақ­сатымыз интеллектуалды ұрпақ тәр­бие­леп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру» десе, осынау ұстанымда бүкіл қазақ­стан­дық өндірістің біз жоғарыда айтқандай бағытта дамитыны айтылып тұр деп ұғынған жөн. Жолдауды ауқымды бағдарлама дедім. Енді осы сөзімді дәлелдей кетейін. Өз Жолдауында Елбасы «2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құ­райтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр» деді. Сондай-ақ осы инвестициялық жаңа жобалар жұмыс істей бастағанда 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылатыны да айтылған. Енді ойлап көріңізші, 161 мың адам инновациялық өнім шығаратын, қызмет көрсететін жаңа кәсіпорындарда жұмыс істейді. Олардың барлығы да осы заманғы озық техникамен жарақтанған нысандар болады. Демек, мұнда жұмыс істейтін осыншама адам жоғары білікті нағыз интеллектуалды тұлға болуы керек деген сөз ғой. Ұлттық даму деген осы. «Кемелденген социализм дәуірінде» қала­лардағы зауыттар мен фабрикаларда жұ­мыс істейтін қазақтардың саны 10 пай­ызға да жетпейтін. Өйткені, оларды өн­діріс орындарына жолатпау, қазақ­тарды қойымен ауылдарда «қамап ұстау» ол кездегі саясаттың көзге көрінбейтін тіні еді. Енді, міне, тәуелсіздіктің бар болғаны алғашқы 20 жылының ішінде сол қойлы ауылдағы қазақтардың балалары компьютермен басқарылатын өндіріс орын­дарын­да жұмыс істейтін болады. Ұлттық рухани даму деген осы емес пе! Жолдаумен танысып шыққаннан кейін үлкен ойға қалдырған тағы бір мәселені көргендей болдым, ол – Президентіміздің өзін-өзі қамтамасыз етушілер тобына жататындар есебінен кәсіпкерлікті одан әрі дамыту туралы өміршең ойы. Иә, біздің осал тұсымыз, қол жетпей жатқан жеріміз осы еді. Ал мұнда ел эконо­ми­касын өсіретін толып жатқан ресурс бар. Дәлірек айтқанда, бұл шамамен 2 миллиондай отандасымызды нақты өскелең, өміршең экономикамен айналысуға бейімдеу туралы бастама болып тұр. Олай дейтін себебім, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің тізімінде 2-3 ірі қарасы, 20-шақты қойы есебінен күн көріп, ауылда жүргендер осы топқа жатқызылады. Ауылда да жағдай әртүрлі, 5-6 немесе оншақты сиыры, 40-50 қойы барлар да кездеседі. Міне, осы­лардың өнімі мемлекеттік статистикаға енбей жүруі әбден мүмкін. Сондықтан да бұлардың басын ең әуелі кооперативтерге біріктіріп, сонан соң аудандарда сол кооперативтер мүшесі болып саналатын акционерлік қоғам құрған дұрыс секілді. Айталық, дәл осылай істесек, бір ауданда 20-30 кооператив өмірге келеді. Олар бастапқыда сойыстыққа арнайтын еркек малдарын бордақылап сататын алаңдар құру жұмысынан ісін бастаса, өте жақсы болады. Бұл малдар аудан орталығындағы мал сою және дайын ет өнімдерін өндіру цехында қажетке жаратылады. Алыстағы аудандарда шұжық цехын ұйымдастырса – ұтатын тұс осы. Өйткені, сүйектің өзі біраз тасымал шығынын көтеретін жүк қой. Ал мүмкіндік болып жатса, осы сүйектен сүйек ұнын жасаса, бұл шошқа шаруашылығына сатылатын өтімді тауар. Осылай істеген жағдайда шағын несиелерді беретін заңды тұлға қалыптасады. Кәсіпкерлік деген осылай өмірге келеді және оның берері мол болмақ. Ал біз күні бүгінге дейін бұл жерді мемлекетіміздің қамқорлығынан тыс қалдырып келдік. Ол ол ма, сол ауылдағылардың жоспарсыз, жүйесіз жұмыс істеуінен мал басын біраз кемітіп алдық. Мінеки, біз айналысатын нақты нысанды, шешетін нақты мәселені Елбасымыз атап көрсетіп отыр. Бұған, әрине, бүкіл ел болып қуануға тиіспіз. Тек жергілікті атқарушы биліктің бұл мә­се­лені қалай шешетіні белгісіз. Әрине, дұрыс болуын қалаймыз. Себебі, ауылдар Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің базалық негізі. Оларды күшейтпесек, бүгінгідей азық-түлік қымбатшылығынан арыла алмаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да бейбіт «шабуылдарында» ұдайы жеңіске жетіп, триумфатор болып жүр. Елді қыс­паққа алған тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы қиындықтан көп ұзатпай шығарамын деді, шығарды! Кешегі дағда­рысты жеңемін деді, жеңді! ЕҚЫҰ төрағасы болып жарты әлемге Қазақстан сөзін тыңдатамын деді, тыңдатты! Енді келіп біз әңгімелеп отырған асқаралы межені алуға елін бастайтынын жариялады. Менің толық сенетінім, триумфатор Н.Ә.Назарбаевтың бұл майданда да толық жеңіске жететіндігі. Ендеше, бұл құжатты дәстүрлі жолдаулардың бірі деп емес, ұлттық өрлеуге бастаған жеңімпаз Көшбасшының жаңа бейбіт майдан шабуылы шебіне халқын шақыруы деп ұғынған жөн. Көшбасшының жоспарын дұрыс түсініп, оның соңынан ергендер жеңіске жететінін 20 жылдық тарихымыз дәлелдеп берген. Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы,  ҰҒА академигі.