Қазақстанның алтын күнге бір табан жақын қаласы Шымкент жыл өткен сайын ажарланып келеді. Елбасы да осы облысқа іссапарында: “Шымкент шырайлы шаһар”, дегенді мерейленіп айтқан еді. Облыста Қасымбай Әбдіқалық деген кәсіпкер жігіт бар. Бірде Алматыдан достары келіпті. “Ішіп-жем, ештеңеден кенде емеспіз, Елбасының өзі мақтаған қалаңды көрсетпейсің бе? – дейді ғой.
“Ойпыр-ой” – дейді Қасымбай. Күнде ортасында жүрген соң байқамайды екенбіз. Қала кереметтей өзгеріпті. Анау дендробақ түнде түгілі күндіз кірсең қорқынышты еді. Қазір ертегідегі иран бағындай жайнап тұр. Бұрын қиыр-шиыр базар басқан қала ортасындағы Шәмші гүлзары қандай?! Екі-үш жылда осындай жиырмадан астам нысандар бой көтеріпті. Астана, Алматыны көрген, ештеңеге таң қала қоймайтын достарым “Шымкент – сұлу қала” екен деп таңданып қайтты. Мен де қуандым. Бір табан жақын жүресіздер ғой, облыс әкімі мен қала әкіміне жұрттың ризашылығын жеткізіңізші” деген.
Реті келді. Қасымбай-Қасекең қашан ашылады екен деп күткен тағы бір нысан пайдалануға берілді. Күні кеше Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелері тоқайласып жатқан Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік монументін жалғастыратын Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Қошқар ата өзенінен ағып баратын екі су бұрқақ аясындағы “Отан Ана” мүсінінің биіктігі сегіз метр. Кешендерді аспалы көпір байланыстырып жатыр. Шырқау биікте шаһар үстінде желбіреген Қазақстанның көк байрағы еңсесі биік елдің әлеуетін танытқандай көзге ұрады.
Ашылу салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйледі. Биыл елiмiз үшiн ерекше жыл екенi белгiлi, – деді облыс басшысы. – Ол тарихи – Тәуелсiз мемлекетiмiздiң 20 жылдығы. Бұл той тойлау емес. Шын мәнiнде тәуелсiздiк бiзге не бердi? Қандай жетiстiктерге жеттiк? Оған құрметiмiз қандай? Осы талаптар тұрғысында талдауға тиiспiз. Шүкiр, мемлекеттiк рәмiздерiмiз ресми түрде мәртебе алды. Ашылып отырған бүгiнгi нысанның әрбiр элементi сыр шертедi, ой тарқатады. Қазақстанның картасында мемлекет құраушы елдiң өткенi мен бүгiнi, ұрпақтар сабақтастығы жайында Елбасымыздың қанатты сөздерi жазылса, жанында тұрған 7 тұғырдың символикалық маңызы зор. Кең байтақ туған жерiмiздi қорғап қалған найзаны елестетедi. Ел қауiпсiздiгiнiң қорғаны дегендi бiлдiредi. Тәуелсiздiкке тағзым ең алдымен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсетуден басталады.
Бұдан кейiн облыс басшысы бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында осы нысандарды іске қосуға атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс хат тапсырды.
Ары қарай алаңда сегіз гектар аумақты алып жатқан «Тәуелсіздік саябағы» жалғасады. Саябақ темір жол вокзалы жағынан биіктігі – 15 метр, ені – 50 метр болатын салтанатты қақпамен ашылады. Кең аллеяның айналасына түрлі гүлдер отырғызылған. Гүлзарлар тәуелсіздігіміздің әр жылындағы елеулі оқиғалар сипатталған естелік белгілермен толыққан.
Болашақта саябақтың орталығында «Ел бірлігі» монументі тұрғызылады. Мықты гранитті стилобатта Қазақстан халқының барельефімен «Шаңырақты» ұстап тұратын 137 қиғаш уықтан құралған композиция тұрғызылуда. Бұл уықтар Қазақстанда тұратын халықтың берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын білдіреді.
Саябаққа келген қала тұрғындары мен қонақтарды рухани байлықпен сусындататын кешеннің мәні – ел бірлігі. “Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын” деген осы.
Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.
Суретті түсірген Хусан Азизов.