ҮКІМЕТ
«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
«Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады». Нарықтың экономика деп айдар таққан мына қоғамдағы тұтынушының көңіл-күйін атам қазақ баяғыда-ақ дөп басып, диагнозын қойған. Бүгінде базар бағасы ауыздығымен арпалысқан аттай. Ал бағаның шарықтағаны, халықты қанағаттандырмайды. Өйткені қалтасына артық салмақ түсіп, жүйкесін жұқартып, теңгесін тауысады. Бүгінде республика көлемінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің түрлі жоспарлары жасалып, жүйелі жұмыс жүруде. Осы орайда Қызылорда облысында да агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Облыс бойынша 2011 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауыл шаруашылығының жалпы өндірісі 3795,0 миллион теңгені құрады. Ал бұны өткен жылмен салыстырсақ, өнімнің 3,3 пайызға артқанын байқаймыз. 2011 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 31,6 пайызға арттырылды. Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 3077,1 млн. теңге бөлінді, оның ішінде 2399,7 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің қаржысы есебінен берілді. Биыл шаруашылықтардың барлық нысандары бойынша 162,9 мың гектарға егiс орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде дәндi дақылдар 85,7 мың, картоп, көкөнiс, бақша 21,9 мың, майлы дақылдар 2,7 мың гектарды құрайды. Жалпы егіс көлемінің 76,9 мың гектары күріш алқабы екенін айтқан дұрыс. Алдын-ала мәлімет бойынша биылғы жылы 317,1 тонна күріш, 102,6 мың тонна картоп, 99,4 мың тонна көкөніс, 129,6 мың тонна бақша, 16,8 мың тонна ет, 91,7 мың тонна сүт және 13,8 млн. дана жұмыртқа өндіріледі деп күтілуде. Бұйыртса, бұл биыл халықты тарықтырмайтын басты жол болмақ. Аймақ халқын арзан ұнмен қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылдың қыркүйек айында қол қойылған 5 жақты меморандуммен Қазақстанның Астық одағы арқылы облысқа ай сайын 1-сортты бидай ұнын килосы 46 теңгеден жеткізу қамтамасыз етілуде. Бүгінге дейін Сыр бойына барлығы 19128 тонна ұн жеткізілді. Нәтижесінде нан тұрақты бағада сатылып, орташа бағасы 38 теңге аралығын ұстап тұр. Тұрғындарды негізгі азық-түлік өнімдерімен қолжетімді бағада қамтамасыз ету мақсатында облыста 31 рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, 70,9 млн. теңгенің өнімдері рынок бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының 5 ірі сауда орталықтарынан әлеуметтік қатарлар және көлік үстінен сату үшін 5 сауда алаңдары ұйымдастырылып, онда өнімдер базар бағасынан 10 пайыз төмен бағада сатылады. Баға саясатын жүзеге асыру мен келелі мәселелерді шешу жөнінде жергілікті атқарушы органдар бизнес құрылымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға отырып, өзара әрекет жасауда. Маусымаралық кезеңде картоп, көкөніс-жеміс өнімдерінің қоры азаятыны белгілі. Дегенмен аталған өнімдердің бағасы шарықтап кетуіне жол бермеу үшін олардың бағасын тұрақтандыру мақсатында «Қызылордаагросервис» МКК арқылы бөлінген 46,8 млн. теңгеге республиканың оңтүстік өңірлерінен тікелей азық-түлік өнімдері жеткізіліп жатыр. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге барлығы 460,9 миллион теңгенің өнімі әкелініп, Қызылорда қаласының «Мирас» сауда орталығында рынок бағасынан 20 пайыз төмен бағада сатылуда. Нәтижесінде жыл басымен салыстырғанда картоптың Қызылорда қаласындағы бағасы 30 теңгеге (100 теңге), жуа, сәбіз 30 теңгеге (90 теңге), және қырыққабат 20 теңгеге (130 теңге) төмендесе, қияр мен қызанақтың килосы да төмендетіліп, базар бағасынан 100-150 теңге арзан сатылуда. Оңтүстік Қазақстан облысының мал бордақылау шаруашылықтарымен келіссөздер жүргізіліп, ірі қара малының еті әкелінуде. Облыста сиыр етінің бағасы килосына 950-1000 теңге болса, «Мирас» сауда орталығындағы сөрелерде әкелінген еттің бағасы 850 теңгеден тұр. 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы Қызылорда қаласында тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Қазіргі таңда зауыт күніне 8,2 тонна нан өнімдерін шығарып, 4 тұрақты сауда нүктелері және 116 дүкендермен келісім-шартқа отыру арқылы өткізуде. Нәтижесінде, облыс көлемінде нан бағасы бірқалыпты деңгейде, яғни бөлкесі 35 теңгеден сатылуда. Облыста сүт өнімдері өндірісі көлемін ұлғайту мақсатында республикалық индустрияландыру картасына енгізілген «660 бас мүйізді ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын салу» жобасы жүзеге асырылды. Сүт зауыты іске қосылған жағдайда жыл сайын 11 мың тонна сүт өндіріліп, бұл облыс халқының тұтынуын 8 пайызға дейін көтеруге ықпал етеді. Мал бордақылау кешенін салу инвестициялық жобасы Сырдария ауданының Жетікөл елді мекенінде жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 180 миллион теңге құрайды. Оның ішінде мал бордақылау кешенін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 120,0 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге мал сою алаңында 129,5 тонна ет өндіріліп, бұл өз кезегінде ет бағасының тұрақтануына ықпал етті. Өсімдік майын шығару цехын ұйымдастыру жобасы Қызылорда қаласының Қызылжарма елді мекенінде «Сабыр и К» ЖШС жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 44 млн. теңге құрайды. Жобаны жүзеге асыру арқылы облыс орталығы тұрғындарының өсімдік майымен қамтамасыз етілу деңгейі 26,4 пайызға жеткізілетін болады. Бұл өзінде өңірде өсімдік майы бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Көкөніс өнімдерін тамшылатып суару арқылы өндіруді облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып Жаңақорған ауданындағы «Тату Агро» шаруа қожалығы жүзеге асырған болатын. Қазіргі таңда шаруашылық өз қаржылары есебінен өндірілген жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп отыр. Өндірісті шикізатпен қамтамасыз ету бағытында үстіміздегі жылы аталған шаруашылық 120 гектарға жүзім және 120 гектарға алма ағаштарын отырғызды. Сонымен қатар, шаруашылық томат сықпасын өндіру мақсатында қызанақ отырғызуды мамыр айынан бастауды жоспарлап отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында агроөнеркәсіп кешені бойынша жалпы құны 704 млн. теңге құрайтын 12 жаңа өндіріс нысандарын ашу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері жалпы құны 267 млн. теңге құрайтын 4 нысан ашылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде жалпы көлемі 1,5 га құрайтын 22 жылыжай пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін қосымша жалпы көлемі 2,6 га құрайтын 51 жылыжайларды ел игілігіне өткізу жоспарланып отыр. Бұл өз ретінде облыс халқының маусымаралық кезеңдердегі қажеттілігінің 60 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін облыс көлемінде өзекті мәселе болып келе жатқан көкөніс өнімдерін сақтау қоймаларын ұйымдастыруға қатысты құрылған «Қызылорда» корпорациясы арқылы жалпы сыйымдылығы 11 мың тоннаны құрайтын 2 сақтау қоймаларын салу жолдары пысықталуда. Сонымен қатар, аталған корпорация арқылы жұмыртқа және ет бағытындағы құс фермаларын салу, логистикалық орталықтар құру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру аграрлық сектордың дамуына, оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс, бақша дақылдарының, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен өндіруге, ең бастысы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сыр өңірі әр уақытта ауыл шаруашылығы саласы жақсы өркендеген өңір болып саналатын. Қазіргі уақытта ауылшаруашылық саласы, оның ішінде мал шаруашылығы саласы да мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өркендеп өсуіне кең жол ашылып отыр. Елбасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасын орындауда облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажырлы еңбегімен көзге түсіп отыр. Осының нәтижесінде облыс көлемінде 2011 жылдың 1 сәуіріне 255,1 мың бас мүйізді ірі қара, 825,9 мың бас қой мен ешкі, 67,5 мың бас жылқы, 31,9 мың бас түйе, 3,6 мың бас шошқа және 211,9 мың бастан астам құс өсірілуде. Сонымен қатар ет өндіру – 2,3, сүт өндіру – 5,2 пайызға артып, әр жүз аналықтан 24 бұзау, 32 қозы, 26 құлын және 17 бота алынған. Қазіргі уақытта шаруашылықтарда өнімділігі төмен малдарды асылдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізудің нәтижесінде облыс бойынша 23 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие болды. Бүгінгі күні облыс бойынша асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының саны 3,9 мың басқа, қойдың саны 41,1 мың басқа, жылқының саны 3,6 мың басқа және түйе малының саны 3,1 мың басқа жетті. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында қызмет көрсететін бір дистрибъютерлік орталық жұмыс істеп тұр. 2009 жылдан бастап облыс тұрғындарын сапалы ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аймаққа Еділбай, қазақтың етті майлы ірі қылшықты қойлары әкелінді. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жақсарту және асыл тұқымды малдардың үлес салмағын өсіру мақсатында соңғы жылдары «Қызылордаагросервис» МҚК арқылы республиканың өзге өңірлерінен асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 5185 бас қой, 500 бас жылқы, 79 бас түйе әкелініп, шаруашылықтарға лизингіге беріліп, 29 орта шаруашылықтар ұйымдастырылды. Оның ішінде 2010 жылы ет бағытындағы қазақтың қылшық жүнді 800 бас қойы 1 шаруашылыққа, 200 бас асыл тұқымды жабы жылқысы 3 шаруашылыққа және 33 бас түйе әкелініп 1 шаруашылыққа берілді. Былтырғы жылы облыс әкімінің қолдауымен өндіріс қуаттылығы тәулігіне 2,5 тонна Сырдария ауданының «Жетікөл» елді мекенінен мал бордақылау алаңы ашылып, қазіргі таңда ай сайын 12-13 тонна сапалы ет өндіріп, халық игілігіне арзан ет ұсынып отыр. Кешен мал сою пунктімен, ет сақтайтын мұздатқыш камералармен жабдықталған. Алдағы уақытта кешен жанынан шұжық өнімдері мен еттен жартылай дайын өнімдер дайындау цехтарын ашу жоспарланып отыр. Қазалы ауданындағы «Рза» АҚ 2010 жылы жаңа индустриялық-инновациялық жобамен салынған 1200 бастық ірі сүт өндіретін кешенінің іске қосылуына байланысты, Венгриядан жоғарғы өнімді сүт бағытындағы 660 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малы әкелініп, қазіргі уақытта әрбір бұзаулаған қашардан 18-20 литрден сүт өнімі өндірілуде және өндірілген сүттен бірнеше өнім түрін шығаратын жоғарғы технологиялы сүт зауыты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қала халқын жұмыртқа мен құс етімен қамтамасыз ету үшін құс фабрикасын салу жоспарланып отыр. Елбасы биылғы Жолдауында «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады», деп айырықша атап өткен болатын. «ҚазАгро» компаниясы ұсынып отырған «Сыбаға» бағдарламасы аясында облыс көлемінде 2011 жылы 2 ет бағытындағы ірі қара малын өсіріп таратушы репродуктор шаруашылығы, 2 ірі қара малын бордақылайтын алаң және 30 фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Сыбаға» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс көлемінде БАҚ арқылы хабарландырулар және теледидар арқылы көрермендер сұрақтарына бірнеше рет жауап берілді, сонымен қатар облыс әкімінің бастауымен 86 елді мекендерде халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың Қызылорда филиалдары арқылы несие алу жолдары түсіндірілді. Түсінік жұмыстарының жүргізілуінің нәтижесінде бүгінгі күнге «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алуға 121 тауар өндіруші өтінім беріп, тізімдері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-қа жолданды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Қызылорда филиалына 7 тауар өндіруші құжаттарын тапсырып 37,0 млн. теңге және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдігіне 6 тауар өндіруші несие алуға құжаттарын тапсырып, осыдан 107 бас мал алуға 16,9 млн. теңге несие алатын болды. Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін шалғайдағы жайылымдарды ұтымды пайдалану мақсатында жайылымдық жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде облыс көлемінде 11829,5 мың гектар жайылымдық жер бар, оның ішінде 6987,0 мың гектар суармалы жайылымдық. Ал аталған жайылымдарда 1291 ұңғыма, 956 шегенді құдықтар бар. Мал шаруашылығын құнарлы жем-шөппен қамтамасыз ету барысында 2011 жылы жүгері егісін жалпы 250 гектарға, жоңышқа егісін 4674 гектарға ұлғайту межеленіп отыр. Үстіміздегі жылы бұрын субсидияланбаған жоңышқа дақылына да субсидия төленетін болып, жоңышқа егісінің әр гектарына төленетін субсидия 600 теңгені құрайды. Сонымен қатар егілетін жоңышқа дақылының өнімділік сапасын арттыру мақсатында элиталық тұқым өсіретін 1 шаруашылық құрылды. Сондай-ақ, мал басын зоотехникалық талаптарға сай азықтандыруға қол жеткізу үшін 2 құрама жем шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Аталмыш іс-шараның барлығы елді сапалы етпен, төменгі бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалып жатқаны айтпаса да түсінікті. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.