Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан шығармашылығының 55 жылдығына орай «Көркемсөз шебері» атты кітап көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Бұл көрмеге шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылып, 7,7 миллион таралыммен оқылып келе жатқан көркемсөз шеберінің 130 еңбегі қойылған. Оқырмандардың назарына ұсынылып отырған осынау кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады.
«Адам өз тағдырының ұстазы» бөлімі автордың өмірбаяны, өскен ортасы жайында мағлұматтар беретін еңбектер мен фотосуреттерге арналса, алғаш шыққан еңбектерінен тартып, бүгінгі күнге дейінгі шығармалары мен әлем халықтары тіліне аударылған кітаптары «Жазушылық – қанға сіңген мінез, сағыныш пен мұң егіз» бөліміне топтастырылған. «Қаламгерді қатары өсіреді» атты соңғы бөлімге шығармашылық өсу жолы мен еңбектері жайлы жазылған монографиялар қойылған.
14 жасынан бастап тірі сөзбен сурет салуды серік еткен автордың қаламынан 11 роман, 22 хикаят, 100-ге тарта әңгіме туған. Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп қарастырады. Біріншіден, көне ғасыр қойнауынан ер түрік рухын тірілткен 60 жылдар басындағы тарихи тақырыптары. Оған дәлел – «Жібек жолы», «Отырар», «Фараби» атты кітаптары. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер шарпысуынан ұлттық рухын жоғалтып, мінез экологиясына ұшыраған ұрпақтар образының галереясы – «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жолбарыстың сүрлеуі», «Кісі ақысы» кітабынан табылады. Соңғысына ғажайып тұлғалар ғұмырын көркемсөзбен сөйлеткен «Мұхтар жолы», «Абайдың рухы» романдары енеді. «Ақ Орда» романы, «Астананың бас архитекторы» деректі хикаясы тәуелсіздіктің тарихын көркем кестелесе, қаламгердің кейінгі кездері жазған «Кешірім», «Адам айна», «Александрия кітапханасы» әңгімелері мен «Жанып-сөну», «Қызыл кеніш оқиғасы», «Жан тәтті» хикаяттары адам тағдырын әр қырынан суреттеген.
Жалпы, Д.Досжан XXI ғасыр – нарық заманының кейіпкерлерін сомдап жүрген бірден-бір жазушы. Жиында сөз сөйлеген Ә.Кекілбаев оған «Сөздің түбін қазып жазатын қазбагер жазушы» деп баға берсе, С.Оразалин қаламдас жазушының шығармашылығы мен адами қасиеттеріне тоқталды. Арқаға астанамыз алғаш көшіп келгенде қазақ 11% ғана еді, ал бүгінде қазақтың саны 77%-ға жетті. Астанада 101 жазушы бар екен. Қазақы әдеп, ұлттық психология қалыптасты. Елорда рухани орталыққа айналып келе жатыр, осыған тәубе деймін, деген ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры, ғалым Мырзатай Жолдасбеков одан әрі өндірте жазып жүрген жазушыға шығармашылық табыс тіледі.
Майгүл СҰЛТАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті