• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

«Жерұйық» – миллиондардың мұңды тарихы

3229 рет
көрсетілді

Сонау 30-жылдардағы алапат қиындықтарға қарамастан, қазақ халқы корейлер, немістер, түріктер, чешендер мен күрдтерді бауырына басып, бір үзім нанын бөліп беріп, оларды ажалдан аман алып қалғаны – өмір шындығы. Міне, осы өмір шындығын «Қазақфильм» студиясы кино тілінде сөйлетіп, қазақ даласына мәжбүрлеп қоныс аударылған жандардың жан азабы, көз жасы, көнбіс тірлігі желі боп тартылған   «Жерұйық» фильмінің алғашқы көрсетілімін жұртшылыққа ұсынды.  Бұл туындыны бейнелеп айтқанда, жоғарыда аталған ұлттар мен басқа халықтардың өздерін ықыласпен қарсы алған қазақтарға деген шынайы  алғысынан туған фильм десе де болады. Режиссер Сламбек Тәуекел­дің осынау аталмыш фильмі осы­дан бірнеше жыл бұрын ұлт­тық киностудияға Елбасы арна­йы келген кезде алда түсірі­летін ауқымды картиналар қата­рын­да ұсынылған болса, Мәде­ниет ми­нистрлігінің тапсырма­сы­мен жо­баланған «Жерұйық» фильмін түсіруге бақандай бір жыл кетіпті. Өйткені, зо­ба­лаң жыл­дар­ды бейнелейтін көр­кем фильмді тү­сіру 2009 жыл­дың қара­ша­сы мен 2010 жылдың қара­шасы аралы­ғын­да жүр­ген. Себебі, фильм­де қыстың қа­қа­ған аязы, жаздың ап­тап ыс­тығы, көк­темгі егін, күз­дік егін орағы сын­ды жылдың төрт мезгілі қамтылуы қа­жет болыпты. «Адамзаттың бәрін сүй, ба­уырым деп» дейтін Абайд­­ың ұлы сөзімен бас­­талатын картина өз мақ­сатын орындайды. Фильм: «Егер Орынбай аға болмағанда, сол жылдар мен үшін ит-құс құтырған жыл ретінде ғана есімде қалған болар еді» деген корей ақсақалының естелігімен басталады. Сонау бір ке­зең­дегі сан ұлттың жігерін жа­сы­тып, белін қайыстырған қатал жылдарда балалық шағы өткен қария өткен жылдар жайлы осы­лай толғанады. Айтқандай, фильм­­нің сценарийін сол жылдардың зарда­бын тартқан қандастарының естелігіне сүйене отырып жазған Лаврентий Сон. Бұл жерде сол баланың прототипі де Лаврентий Сон деп ай­ту­ға да негіз бар. Фильмнің басты идеясы — Қазақстандағы көпұлттылық­тың пайда болуын, бұл үрдіс­тердің себептерін көрсету. Қа­зақ­стандағы 1937 жылдан бастап Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейінгі уақыт аралығындағы өз­ге ұлттарды күштеп депортация­лау кезеңін корейлердің тағды­ры арқылы жеткізу. Иә, басқа ұлт­тардың қазақ жеріне қалай қо­ныс тепкені баяндалатын осы­нау фильмде тонның ішкі бауын­дай араласып, күнде қатар жүр­ген корей, чешен, неміс достар­дың қазақ топырағына әу баста қалай келгені нақты көрсетілген. Осы тұстан сөз өрбітетін болсақ, «Жерұйық» жас көрер­мен­ге ой салады, көзіңе жас тұн­дырып, тарихтың түкпіріне жетелейді. Сталиндік жеке басқа табыну дәуірінің құрбандары – туған жерлерінен күштеп жер аударылған ұлттардың ауыр тағдыры ертегі де, аңыз да емес, кешегі күннің ақиқаты екені көрсетіледі. «Жерұйық» көр­кем фильмінің режиссері Сламбек Тәуекелдің ай­туын­ша, бас кейіпкер Орынбай – өмірде болған адамның прототипі. Ел басқарып, береке-бірліктің ұйыт­қысы болған нар тұлғалы азамат бейнесін кинода сомдауға ниеттенген режиссер кинодраматург Лаврентий Сонға қолқа салып, олар бірлесе отырып сценарийді жазып шыққан. – Кейін фильм өндіріске жіберілер сәтте Орынбай рөлін орындауға дарынды актер Болат Әбділмановты қолай көрдім. Бұ­рын да бірге жұмыс істеп, сырал­ғы болған актердің осынау күрделі образды толық ашуға мүмкіндігі мол екеніне шүбәм болған жоқ. Сол сенімім ақтал­ды. Адамдардың қилы тағдыры арқылы тарихи кезең шындығын мейлінше тереңдей ашуға ты­рыс­тық. Белгілеген үдеден та­был­дық па, жоқ па, оған жалпы көрер­мен қауым, кинотану­шылар төре­ші, – дейді Сламбек Тәуекел. Фильмнен Нұрқанат Жақып­бай (Жылқыбай), Мұхитжан Ізімов (Икрамжан), Эдуард Пак (Петр), Яков Ломега (Тейтельбаум), Сергей Петров (Потапыч), Әнуар Нұрпейісов (Те­мір­жан), Бағлан Әб­дірайымов (Уә­ли­жан) және т.б. та­­ланттардың да ойынын көреміз. Талдықорған жақта, Матай ауы­лында, Үштөбеде түсірілген кар­­тина дәл сол халықтар жер ау­да­рылған жерлерде түсірілген. Картина барысында көрермен қауым мынадай бір қызықты тарихи дерекпен де қауышады. Сан мың­да­ған жандарды ажал құштырған атақ­ты Калашников автоматын Ка­лашников сол Матайда жасаған екен. Білетін­дердің айтуынша, сол автоматты жасаған станок жергілікті депода әлі сақтаулы тұрған көрінеді. Қоныс аударылып келген неміс ғалымы Тейтельбаумға сол қаруды көрсетуге алып келетін тұс та тарих осылай жасалынатынын көрсетеді. Фильмнің көрсетілімінен кейін журналистермен өткізілген баспасөз мәслихатында Лаврентий Сон: – Көркем фильм болса да «Жер­ұйық» – тарихтың шынды­ғы. Тіпті мұнан да қиын оқиға­лар болған. Ал фильм барысын­дағы жәйттер 1937 жылы өтеді. Мен осының бәрін өз ба­сымнан ке­шірмесем де (1941 жылы туыл­дым ғой), ақсақал­дар­дың айтуы­мен естеліктерді қалпына келтірдім. Сол зұлмат­ты көрген кейбір көзі тірі жандар оқиғалардың сон­шалықты дәл келтірілгеніне таң қалып жатыр. Соғыстан кейінгі жоқ-жітік жылдары күрд баласы Хасан екеуміз мектепте бірге оқыдық. Сол до­сым да «ойпырым-ай, қалай айнытпай жасағансыңдар» деді. Ал фильмдегі кейіпкер Орын­бай деген ақсақал өмірде бол­ған адам. Фамилия­сы есімде қалмапты. Қаншама адамдарға жақсы­лық жасап, ша­ра­па­тын тигізсе де, өзі өмірде өте көп қиын­шы­лық көр­ді. Бір қасіреттен кейін бір қа­сіретке душар болды. Өкінішке қарай, ол кісінің тағ­дыры қалай ақталғанынан хабар­сыз­бын, – дейді. Солай. Фильм Орынбайдай мәрт қазақтың Сібірге айдалуы­мен бітеді. Саясат адамдарға не істемеген?! Алайда, қаншама қиын күндер болса да жақсы адам өз қасиетімен қала беретінін, сатқындарды уақыт жаза­лайтынын осы фильм тағы да паш етеді. Ең бастысы, фильмнің аты айтып тұрғандай, қазақтар бауы­рына басқан бауырлас ха­лық­тармен бірге – Отанымыз Қа­зақстанның жерұйыққа ай­нал­ғанына бү­гін­де куә боп отырмыз. Бір айта кететін жайт, бұл фильм Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күні қар­саңында Алматы, Астана жұрт­шы­лығына қатар көрсетілді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.