• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Білім 07 Мамыр, 2017

Балл қымбат па, бала қымбат па?

531 рет
көрсетілді

ҰБТ. Үміт пен күдік, қуаныш пен қайғы. Алдағы арман, мұратына талпынған жас өскіннің ары қарай қалай өмір сүруі университетке түсу, түспеуіне байланысты секілді... Ал, армандаған оқу орнына түсе алмай қалып, жауқазындай жас өмірін көктей солдырған жағдайларға не дейсің?..

Бұл бізде ғана емес, әлемдегі барлық елдерде бар құбылыс. Бірақ, біреулер ерте қамданып алдын алады, біреулер болғанын көргенде барып бармағын шайнайды.  Біз ұзақ жылдар бойы балалар психологиясы жөнінде аса танымал кеңесші болған, сол барыстың барлығын екшей отырып мыңдаған мақалалар жазған қытай жазушысы Лу Чинның ҰБТ тақырыбы төңірегінде баяндаған кейбір оқиғаларын оқып отырып бұл жағдайдың Қытай елінде де өткір мәселе екенін байқадық.

«Талапкерлердің оқуға қабылданған тізімі жарияланып жатқан күндердің бірінде бір әйел телефон жалғады», -деп бастайды жазушы мақаласын. Хабарласқан ананың қызы Бейжің университетіне түсуге екі-үш баллы жетпей қалып, Шанхайдағы өзге бір университетке қабылданған. Соған өзін әбден кінәлап, қатты қиналып, улы дәрі ішіп ауруханаға түсіпті.

Жазушы осы жағдайды айта отырып, осыдан екі күн бұрын ғана армандаған университетіне түсе алмаған екі оқушы ғимараттан құлап мерт болғанын еске алады. Ал, ауруханаға түскен студенттің ана-анасымен сөйлескенде олар межені қалайда Бейжің университетіне түсу керек деп қойғанын айтыпты.

«Бірнеше күннен кейін қыздың әке-шешесі кеңсеме келіп:

- Қызымыз есін жиды, бірақ бізді көре сала: «мені неге құтарасыңдар, бәрібір өліп тынам» деді. Жүрегіміз қан жылап отыр. Біздің жанымыз қызымыздың үстінде, оның жаны Бейжің университеті болып тұр... – деп көз жастарын көлдетті. Мен мәселенің түп тамырын біле қойдым да оларға:

- Сіздердің де, балаларыңыздың да жандарыңызды шүберекке түюлеріңіз қате. Өз қызметтеріңіз, тұрмыстарыңыз, жауапкершіліктеріңіз бар ғой, қалайша бүкіл назарларыңызды қыздарыңызға аударасыздар? Ал қыздарыңыздың бірденбір арманы Бейжің унверситеті ғана ма? Бұл тым оғаш, қате пікір. Керек десеңіз, университетте оқу белгілі бір барыс ғана, соңғы тиянақ ол емес, ақыры айналып қоғамдық ортаға шығады. Бір ізбен, тек ойлағанымен жүремін деу өзін тұйыққа тірегендік болмай ма? – дедім» дейді психологиялық кеңесші.

Жылап-еңіреп келген ата-анаға өз баласының университетке емтихан берер кезінде, мемлекеттік әйгілі университеттің мәлім бір профессерінен ұлына қай университетке құжат тапсырту жөнінде кеңес алған әңгімесін айтып береді.

Қарт профессер балаға тым артық талап қоймау керектігін, талап тым жоғары болса, баланы үмітсіздендіретінін айтыпты. Ол кісінің айтуынша, қиыр шеттегі мәлім бір облыста физика, математика, химия сабақтарына өте мықты бір оқушы қыз болыпты, ҰБТ тапсыратын кезде ата-анасы оны мемлекет бойынша аса үздік саналатын бір унверситетке тапсыруды үгіттепті. Балалары оны құптай қоймапты. Бірақ ата-анасы осы арқылы бізге, мектепке абырой әпересің деп сол университетке тапсыруға мәжбүрлепті. Ол ақыры өзі қаламаған әлгі унверситетке қабылданады. Алайда ол қуанғанның орнына салы суға кетіп, сүлкіні түсіп жүріпті. Анасы университетке орналастырып, біраз уақыт қасында болып ауылына қайтады. Анасы кеткеннен кейін сессия басталады. Әлгі қыздың нәтижесі төмен болып шығады. Бұрын өз сыныбында алдына адам салмай жақсы оқыған балаға бұл ауыр соққы болады. Универстетте 3 айдай оқыған ол ғимараттан секіріп мерт болады. Анасы университетке келіп мәйтін әкетерде «қызым-ау, сенің түбіңе жеткен менмін, неге сонша қатты қинадым екен?..» деп зар еңірепті.

Профессер осы сөздерді атқанда қинала түсіп: «Біз Чинхуа, Бейжің университеттерінде оқытамыз деп қаншама баланы құрбандыққа шалдық? Балаларына тым жоғары үміт артатын ата-аналарға айта жүр, психологиялық қуаты төмен болса, ең абзалы баланы жоғары дәрежелі университеттерден оқытпай-ақ қойсын» деген екен.

«Бұған талай уақыт ойланып қалған едім. Ұзақ өмір сапарында адамның ойындағысының бәрі орындала бермейді ғой. Психикалық сапасы жақсы бала ашық-жарқын жүріп, жағдайға тез сәйкесіп, жолын тауып кетеді. Ал кейбіреуі керісінше. Озат оқушыдан жай оқушы қатарына, алда жүруден ескерусіз, елеусіз қалуға өтеді. Іштей құлазиды.

2004 жылы бір профессерге амандаса барған едім, ол маған өзі сабақ беріп жүрген университетте бір студенттің өзіне қол салғанын айтты. Мектепте алдына адам салмай үздік оқыған бала университетке келгенде орташа болып қалыпты. Өйткені, университетке жан-жақтан мықты оқушалар келеді емес пе, ылғи мақтау естіп алда жүрген балаға бұл ауыр соққан секілді...

Осы әңгімелерді әлгі ерлі-зайыптыларға айтып бергенімде, көз жастарын тия алмады. Балаларын психологиялық тұрғыдан тек қана Бейжің университетіне түсуге дайындағандарына өкінді. Өзге шығар жол қалдырмағандарына қапаланды», дей келе, оларға: «Енді баланы жазғырып та, жұбатып та кетпеңіздер. Әдеттегідей мәміле жасап, көңіл-күйін түсініп, айтқандарын ден қоя тыңдаңыздар. Ел алдында көзге көрінерліктей үлкен табыстары болмаса да, бақытты, адамгершілікті өмір сүрген адамдар туралы да айтыңыздар. Тіпті университет оқымай-ақ немесе қатардағы университетте оқып-ақ әлемге әйгілі болған тұлғалар туралы айтыңыздар, осы қазір ғана емес, жалпы уақытта қыздарыңызға адамның тағдыры, өмірі бәрінен құнды болатынын, ақша, атақ, мансап, қызмет дегендердің түкке тұрмайтынын, бұлардың бірі болмаса да өмір сүруге болатынын, ал өмір болмаса бұлардың бірінің де қажеті болмайтынын, яғни бәрі нөлге тең екенін ұғындырыңыздар» деген кеңес бергенін, негізі бұл әңгімелер дәл қазір емес, бұдан ертерек отбасындағы шәйүсті әңгімелерінде айтылуы керек еді дейді.

«Олар кеңсемнен аттанарда ымырт үйірілген еді. Арттарынан тесіле қарап тұрып дәл осындай нала мен мұңда қалған мыңдаған ата-ана мен балалар бары ойыма түсіп, көкірегімді ауырлатып жіберді. Еріксіз күрсіндім. Сондай балалардың ата-аналарына былай дегім келді:

Сіздер тегі нені ойлайсыздар? Сіздерген баланың оқу нәтижесі қымбат па, саналы есейіп-ержеткені керек пе? Сіздер тек университетті ойлайсыздар, бала униерситетке қабылданса, қанағат етеді екенсіздер. Бірақ, сіздер салған жан жарақаты олардың ақаусыз жетілуіне кесірін тигізерін ойлап көрдіңіздер ме? Сіздер баланы мың бір қиыншылықта бағып, күні-түні оның қамын жегенде, сірә нені көздейсіздер? «Біз сен деп қызмет етіп, наныңды тауып, қамыңды жеп жүрміз ғой» дегенді сылтау етіп, баланы мәжбүрлей бергеннен оңды нәтиже шыға қоймайды. «Пәленбайдың баласы жоғары балл жинапты...» дегенді естіп мақтанып, өз нәпсілеріңізді қанағаттандырғыларыңыз келе ме? Әрине, балаң жақсы оқыса жақсы, ата-ананың мерейі. Бірақ балапанды қысап қыран шығара алмайсың, майсаны созып өсірем десең жұлынады. Баланың табиғатын ескеріңіздер. Бұған дейінгі оқу нәтижесін ескеріңіздер. Жаналқымға келгенде жанталасқаннан ештеңе шықпайды. Францияның ақыны Гейненің: «Тотықұстың жұмыртқасынан кейде шымшық торғай шығуы мүмкін» дегенін де мойындаған жөн. Ол шынайы өмірдің заңдылығы емес пе?!

Осының бәрі кішкентай кезінен баланың күнделігін күнде тексеріп, жоғары баға алса ғана мақтап, ондай баға алмаған күні қабақтарыңыздан қар жаудырып жүретіндеріңіздің кесірінен! Тексеріңіздер, бірақ балаға бағасына байланысты көзқараспен қарамаңыздаршы, оның табиғатын, мүмкіндігін, қалауын ескеріп, түсінуге тырыссаңыздар екен...» дейді әйгілі психологиялық маман һәм өмір тәжірибесін өзгелермен бөлісуден еш жалықпаған жазушы.

Бізге де ой салса керек-ті!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»