Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Бас хатшысы – Хатшылық кеңесінің жетекшісі Михаил Кротовты және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламентінің ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ ПАА және ҰҚШҰ ПА өкілі Халел Бәкеновті қабылдады.
Тараптар кездесу барысында 14 – 17 мамырда Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД ПАА-ның 36-шы мәжілісінің қорытындысы, парламентаралық бірлестіктер шеңберінде ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. М.Кротов Мәжіліс Төрағасын ТМД ПАА Бас хатшысының Қазақстанға жасаған сапары барысында қол қойылуға тиісті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және ТМД ПАА арасындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарт жобаларымен таныстырды.
Келісім-шартта Ынтымақтасқан мемлекеттер кеңістігінде ортақ білімдік сипат қалыптастыруға ықпал ету, халықаралық парламенттік ұйымдар мен басқа да қауымдастықтардың өзара қатынастарының механизмдерін жетілдіру мәселелері бойынша бірлесіп жүргізілетін зерттеулер мен заң шығару моделінің ТМД ПАА аясында жүзеге асырылатын өзекті мәселелері қарастырылған, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.