• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Алыстағы арабтар да қолұшын беруге әзір

302 рет
көрсетілді

Астанада өткен 7-ші Бү­кіләлемдік Ислам эконо­ми­ка­лық форумына келіп қатысқан Сауд Арабиясы Ко­рольдігінің Қаржы министрі Ибрагим Әл-Асаф кеше Семейге келіп кетті. Ал оның себебі жоқ емес-ті. Яғни, еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі 20 жыл ішінде екі ел арасындағы өзара байланыс уақыт өткен сайын өркендей түсіп келеді. Бір дерек осы жылдар ішінде Сауд Арабиясынан біздің елі­міздің экономикасына 40 миллион доллар инвестиция құй­ыл­ғанын айғақтайды. Ал соның негізгі бөлігі ден­саулық сақтау саласына бөлі­ніп отырған көрінеді. Бұдан кешегі бейбіт заманның өзінде қырық жылғы қырғынды ба­сы­нан кешірген ядролық сынақ аймағы да сырт қалып отырған жоқ. Соның айғағындай, осы­дан бірер ай бұрын Эр-Риядта екі тарап Семейде өкпе ау­ру­ларын емдейтін балалар ауру­ха­насын салу жөніндегі мемо­ран­думға қол қой­ған болатын. Ал оның сыр­тын­да ұлылардың ізі қалған қасиетті қалада 2 мың орындық мешіт құрылы­сы­ның басталып кеткеніне биыл үшінші жыл. Құ­ры­лы­сы ара-тұра тоқтап қалып отыр­ған осы мешітке аталған мем­лекет тарапынан көмек бола­ды екен деген әңгіменің шық­қа­нына да сонша жыл болып қалған еді. Абырой болғанда, мәрте­белі қонақ атбасын ең алдымен осы мешіт құрылысына келіп тіреді. Құрылыс алаңында Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масы­ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Тыныштықбай Яхия­ұлы имандылық ордасының бү­гінгі жай-күйімен таныстырды. Пай­да­лы ауданының өзі 1,5 мың шаршы метрді құрайтын екі мың орындық бұл мешіттің 300 орындық медресесі, әйелдердің намазға жығылатын жеке орны, кітапхана, асханасы болмақ. Жаңа мешіттің діни, рухани орынға айналатындығына еш күдік болмаса керек. Бірақ жоқтық жо­март­тың қолын байлайды демекші, қаржы жағынан ара-тұра қи­ын­шылық туындап отырғаны да шындық. Өткен жылы облыс әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың күш салуымен «Қазақмыс» корпора­ция­сынан 100 миллион тең­ге қаржы келіп түсіп, тоқтап қалған құрылысқа қайта жан біткен. Бірақ осы бір игілікті шаруа­ның аяқталуы үшін әлі де 3 миллион доллар көлемінде қаржы керек. Уақыттан озып айта кетейік, өз сапарының соңында бұқара­лық ақпарат құралдарының өкіл­дерімен өткен баспасөз конфе­ренциясында Ибрагим Әл-Асаф семейліктердің үміт отын маздата түскен. Түпкілікті сөз түйіні екі ел арасындағы келісімге қарай өрістейтін секілді. Бұдан кейін алыстан келген қонақ қала сыртындағы қара­ғай­­лы орман ішінде салынатын өкпе ауруларын емдейтін балалар ау­ру­ханасының жобасымен таныс­ты. Осы арада алғашқы сөз облыс әкімі Бердібек Са­пар­баевқа берілді. Ол өз сө­зін­де кешегі ядро­лық сынақ зар­дап­тары сал­да­ры­нан Семей өңірінде түрлі ауру­лардың әлі де өршіп, басылмай тұрғанды­ғын тілге тиек етті. Сондықтан қолға алынып жатқан осы бір игі шараны тездетіп іс жүзіне асыруға ынталымыз. Сол мақ­сатта құрылыс материал­да­ры да дайын, құрылысшылар да өзі­мізден. Шетелдік министр де жас жеткіншектерге арнал­ған бұл құрылыстың уа­қы­тын­да бітуіне мүдделі екендігін айта келіп, өздерінің та­рапынан бөлінетін қаржы та­рапынан мү­діріс болмай­тын­дығына сендірді. Сөз арасында айта кетейік, осы құрылыс жиыны 7 мил­лион еуроны қажетсінсе, оның 5 миллионын арабтар көтеріп аламыз деп отыр. Жиын соңында жергілікті әкім мен шеттен келген министр құрылыс іргесіне арнайы капсула төседі. Осы құрылыс алаңының ба­сында онымен айналысып жат­қан ірі құрылыс компания­сы­ның басшысы, есімі елге кеңі­нен танымал кәсіпкер, облыс­тық мәслихаттың депутаты Әсем­­хан Досқожанов жинал­ған­дарды қарағайлы орман ішіндегі балалар ауруханасының құрылысы алдағы жылы қатар­ға қосылатындығына сендірді. Мұны да тәуелсіздік тартуы демеске болмайды. Болмаса кешегі кеңес заманында сынақ ай­мағына қай елдің министрі келіп, жағдайыңа үңіліп еді. Сондықтан тәубе дейік, ағайын! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.