• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Бас қала төңірегі жасыл желек жамылуда

823 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын тікұшақпен аралап, қарап шықты. Осыдан он жыл бұрын Са­ры­арқаның төсінде орналасқан Астана маңы ағашы мен бұтасы, талы мен терегі сирек кездесетін жалаңаш дала болатын. Бүгінде сол дала мүлде өзгеше кейіпке ен­ген. Себебі, жыл санап қала­ның айналасы ажарына ажар қо­сатын жасыл желекпен көмке­рі­ліп келеді. Мәселен, бүгінгі таңда елорданың көркін кіргізген жа­сыл аймақтың жалпы ауданы 16 584 гектарды құрайды. Оның ішінде 11 502,2 гектар аумақты ауқымды орманды алқап алып жатыр. Онда 9,6 миллион түп ағаш пен 1,9 миллион бұта өсі­ріл­ген. Жасыл желектер арасы­нан қарағай, сүйелді қайың, ұсақ жапырақты және жалпақ жа­пы­рақты шегіршін, көде, боз жиде, сары қарақат, терек, ақ көріктал, бөріжидек секілді ағаштарды, өсімдіктер мен жидектерді жиі кездестіруге болады. Бас қаланың жасыл аймағын қалыптастыру Елбасының тап­сыр­масы бойынша 2009 жылдан басталған-тұғын. Сол уақыттан бері елорданың жасыл белдеуін, ондағы жасыл желектерді күтімге алу, орманды алқапты өрттен қор­ғау, зиянкестермен күрес жұ­мыстарымен «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орны айналысып келеді. Ағымдағы жылы бұл кәсіп­орын бұған дейін егіліп, отыр­ғы­зылған жасыл желектерді, оңтүс­тік-батыс бөлікте және Талдыкөл тоғанында 4500 гектар ауданға жайылатын орман алқаптарын қайта жаңғырту жобаларын жүзе­ге асыруға және   жасыл желектерді түгендеуге кірісіп кетті. Алайда, орман алқабына қа­тысты жұмыстар тек бұлармен тү­гесілмейді. Алда бұдан да бас­қа жоба-жоспарлар, іс-шаралар өз кезегін күтіп тұр. Мәселен, 2013 – 2022 жылдар аралығында 6042 гектарға жуық жарамды ор­ман аумағында төрт жобалау-тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Оның 4317 гектарына 6 243 405 екпе көшет отырғызылса, ал 1725 гектар жерге шөп егілмек.  Атал­ған жобаны жүзеге асырудың мәні – жасыл белдеуді орман ал­қаптарына айналдыру, ұзақ жыл жасайтын, қылқанды, жемісті тұ­қымдардан тұратын, санитарлық-гигиеналық және эстетикалық қа­сиет­терімен ерекшеленетін тұ­рақ­ты орман алқабын қалыптас­тыру, сондай-ақ, орман аумақ­тарын тиімді пайдалану. Бұл жұмыстардың басы-қа­сын­да жүрген «Астана орманы» МКК 2010 жылдан бері көшет тұқымдарын іріктеу, энтомо­фаг­терді, яғни жасыл желекке зиян келтірмейтін жәндіктерді көбейту мақсатында көпжылдық екпе шөп­тер егу, хайуанаттар әлемін да­мыту үшін құстар мен жануар­ларды өсі­ру бойынша ғылыми-тәжірибелік шаралар жүргізіп келеді. Бұл мақ­сатта құс ұстайтын арнайы торлар орнатылып, 105 қырғауыл сатып алыныпты. Мамандардың сөзіне қарағанда, бүгінде қыр­ғауыл­дар белсенді көбею үстінде. Биылғы жылдың көктемінде кейбір қылқан жапырақты өсім­діктердің бұрын осы аймақта өсі­ріл­меген түрлері Астана қала­сының жасыл белдеуіне көші­ріл­ген. Мәселен, 60 гектар аумақты алып жатқан аймаққа қарағай­дың, балқарағайдың, самыр­сын­ның, шыршаның жас көшеттері отырғызылған. Олар Қазан қала­сындағы орман тәлімбағынан ар­найы жеткізіліпті. Орман алқабын аралап шық­қан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхба­тын­да Астананың төңірегіндегі жа­сыл желекті жаңа орманды көру ар­қылы бүгінгі күн­ге дейін басы қайырылған жұ­мыстардың нәти­жесіне қанық­­қанын жеткізді. 1997 жылдан бастап Астана төңіре­гіндегі 55 мың гектар жерге ор­ман егілді. Олар­дың 16,5 мыңға жуық гектарына 12 миллионға тарта ағаш, тал-ші­лік пен бұта отырғызылған. Бұ­лардың бар­лығы қаланың аума­ғын табиғи экологиялық жүйеге айналдыруға сеп болуда. Кезінде егілген жас көшеттердің басым көпшілігі бүгінде жайқалып өсіп тұр. Біз осы арқылы өзіміздің елімізді жасыл желекпен көмкеріп, жасыл аймаққа айналдырып келеміз. Қаланың төңірегін­де мұндай ор­ман бұрын-соңды бол­маған. 2000 жылдан бастап егілген ағаштар 10 жылдың ішінде әжептәуір өсіпті. Арасында жи­декті ағаш­тар, саңырау­құлақ­тар да бар. Демек, біз орманның флорасын қалыптастырдық, енді осы ор­манның ішіне фаунаны, яғни экожүйені  орнықтыруымыз керек. Ол үшін орман алқабына қырғауыл құсы мен елік, қоян, түлкі секілді аңдар жіберіліп жа­тыр. Себебі, бұл жер тек саялы ағаштарға ғана емес, аң-құс­тардың түрлеріне де бай болуы ке­рек. Бұл жерге Астана халқы­ның келіп, демалуына жағдай жа­салған. Бүгінде біздің қала­мыз­дың өзі ғана әдемі емес, оның тө­ңірегінде де ешқашан болмаған орманды алқап өсіп келеді. Бұл – болашаққа, Қазақстанның бола­ша­ғына деген, жастарымызға деген қазіргі ұрпақтың сыйлығы. Ауамыз таза, төңірегіміз жасыл желекке айналсын деген мақ­сат­пен халыққа жасап жатқан үлкен жұмысымыз. Бұл ретте орман­шы­лардың, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі қызметкерлерінің жұ­мыстары ерен, деді Елбасы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев елді көгалдандыру бағытын­дағы «Жасыл аймақ» бағдар­ла­масы шеңберінде жалпы Қазақ­стан­ның жер-жерінде жасыл же­лектің көбейіп келе жатқанын атап өтті. Әлемдегі қай ел мұн­дай жұмыстарды қолға алып отыр. Бұл мемлекетіміз бен хал­қы­мыздың экологиялық қауіп­сіз­дікті сақтау бағытындағы әлемдік жүйеге қосқан үлесі, деді бұл турасында Мемлекет басшысы. Бір айта кетерлігі, жасыл ай­мақтағы ландшафттық көріністің тартымдылығын арттыру үшін Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көк желекті орман аумағының халықтың демалысы мен тынығуына қолайлы болуын қамтамасыз етуге бар күш-жі­гер­лерін салуда екен. Осы орайда, бүгінгі күнге дейін 50 авто­кө­лікке арналған тұрақ орнатылып, ұзақтығы 2 шақырым болатын велосипед жолы салыныпты. Әрине, Арқа өңірінің табиғи ерекшелігін, ауа райының құбыл­малылығын ескерсек, сортаң жа­зықты нулы орманға айналдыру оңай шаруа емес. Бұған, ең ал­ды­мен, Елбасы сенім артқан сала мамандарының біліктілігі мен тәжірибесі ауадай қажет. Ал Астана маңын жасыл желекпен көм­керген орман алқабы көп тара­пынан бағаланбай қоймасы анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.