• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Келімбетов кереметі

503 рет
көрсетілді

«Тәрбие мен мұрат ұлттық болса, тәр­биесін алып өскен қоғамның мүддесі адамның рухын үлкен шабытқа бөлеп, оның бақытты өмір сүруіне негіз қалай­ды», деген еді бір кездері түрколог ғалым, жазушы, Франц Кафка сыйлығының иегері, марқұм Немат Келімбетов. Азаматтың бұл сөзін қазір өзіне қарата айтуға бола­ды. Рухы мықты, ұлтшыл жан өмір мен өлім беттескенде жеңіп шығып, артына өлмес мұра қалдырды. Оның кейінгі жыл­дары жазған «Ұлыма хат» эссесі сақтар мен ғұндар дәуірінен бастап, қазақ хан­дығы құрылған кезеңге дейінгі рухани-тарихи, әдеби байланыстарды баяндай оты­рып, мейірімділік, достық, қанағат-ынсап сияқты қасиеттермен бірге, күншілдік, ашкөздік секілді жағымсыз мі­нез-құлық­тар туралы ой толғай келіп, оның залалы мен зиянын тайға таңба бас­қандай көр­сетіп берді. Жазушының оқыр­мандарын селт еткізген тағы бір шығармасы «Күн­шіл­дік» деуге болады. Адам санасы, ойы, құлқы психологиялық өзгерістерге ұшы­ра­ғанда қандай болаты­нын, оның кесір-кесапаты төңірегін ой­ран-ботқа ететінін, адамдықты артқа тастап, залымдықтың жетегінде кететінін, ізет-инабаттан айы­ры­лып, тек қана өз бол­мысын күйттей­тінін иірімдей үйіріп жаз­ға­ны бар. Мұн­дай тақырып бұрын-соңды қазақ әдебие­тінде болмаған еді. Қалам­гердің «Үміт үзгім келмейді» хи­ка­ят-мо­но­логы театрда қойылып, көрер­мен­дердің көзайымына ай­налғаны және бар. Сол мұралары бү­гінде ел игілігіне жарап, өзі­міз ғана емес, өзге жұрттар танып, жоға­ры бағалап жа­тыр. Соның бір айғағы, елордадағы Ұлт­тық академиялық кітапханада Немат Келімбетовке көрсетілген құрмет, айтулы ша­ра еді. Қытай мен Орталық Азия елдері дос­тық қауымдастығы және «Қытай сурет­шілерінің бейбітшілік жолы» қозғалысын ұйымдастыру комитеті Қазақ елі мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін өткен жылы өмірден озған ғалым, жазу­шы Немат Келімбетовті «Бейбітшілік жо­лындағы гуманитарлық ынтымақтас­тық» Кубогі және Құрмет дипломымен мара­паттаған. Бір атап өтерлігі, бұл қау­ым­дастықтың сырт жұртқа өз тарапы­нан беріп отырған тұңғыш сыйлығы екен. Өткен жылы қарымды қаламгердің, білімді ғалымның «Үміт үзгім келмейді» атты кітабы қытай тілінде жарық көріп, оқыр­мандар тарапынан жоғары бағасын алған. Сөз арасында айта кетер болсақ, Орталық Азия елдерімен арадағы достық қауым­дастығы 2007 жылы құрылған. Оның төрағасы Чжан Дэгуан бір кездері Қытай Халық Республикасының Қазақ­стан­дағы, Ресейдегі елшісі болыпты. Қау­ымдастық Қытай мен Қазақстан ара­сын­дағы мәде­ни-гуманитарлық байланыстар­дың берік болуына өлшеусіз үлес қосып келеді. «Бейбітшілік жолындағы гуманитар­лық ынтымақтастық» Кубогі және Құрмет дипломын тапсыру рәсіміндегі алғашқы сөзді Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов алып, бұл шара екі мемлекет арасындағы достық пен түсініс­тіктің, рухани сыйластықтың әдемі көрі­ні­сі екенін айта келіп, Қытай мен Ор­талық Азия елдері достық қауымдасты­ғының төрағасы Чжан Дэгуан мырза туралы кеңінен тоқталды. Ол Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған тұста Отаны­мызға келген тұңғыш елші екен. Екі ел арасындағы достыққа Чжан Дэгуан ерекше адал еңбек етті. Тәуелсіздіктің ны­ғайып, мемлекетіміздің танылуына үлкен үлес қосты, елшілік қызметі аяқталғаннан кейін де Қазақ еліне деген ілтипатына қылау түсірмей келе жатыр. Бүгінгі мына кездесу соның бір кепілі, деді. Сенатор бұдан кейін Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабы қытай тілінде шығып, тұсаукесер рәсімі ұйымдас­ты­рылғанда өзінің қатысқанын, жұртшы­лық­тың жылы қабылдағанын жеткізді. Президенттік мәдениет орталығының ди­ректоры, көрнекті қоғам қайраткері, айту­лы ғалым Мырзатай Жолдасбеков Немат Келімбетов қазақ әдебиетінде көне дәуірді зерттеген ғалымдардың санаулы­сы екенін, өздерінің ортақ тақырыпта жұмыс жасағанын, барлық ой-мақсаттары ұлттың өткенін терең зерделеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу болғанын атап өтті. Сон­дай-ақ ол Пекин қаласындағы «ұлттар баспасы» қазақ руханиятына қажет дүние­лерді үзбей шығарып келе жатқанын, өзі­нің «Асыл арналар» атты зерттеуін 1986 жылы басып шығарғанын тілге тиек ете келіп, Немат Келімбетовтің атаулы сый­лыққа ие болып отырған мына дүниесін жоғары бағалап, туындының электрондық нұсқасын қазақ-қытай тілінде тең жария­лауы екі елдің достық қарым-қатына­сы­ның айқын көрінісі екенін алға тартты. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев жазушының өзі кеткеннен кейін басталған екінші өміріндегі бұл елеулі оқиға екенін айтып, адам болып өмірге келген соң, адам болып қалу жөнінде зор тебіреніспен қалам тартқан жазушының шығармасында шекара болмайтынын осыдан көре алатынымызға дәлел-дәйек­тер келтірді. Нематтың рухы мықты, өмір­ге құштар азамат екеніне жүгінген Сәбең бір кездері «Үміт үзгім келмейді» деген дүниесін драмаға айналдырып, сахнаға шығару жайын ұсынғанда оның келіспегенін, ал Шыңғыс Айтматов туындылары кинода да, театрда да жолы болып жат­қанын айтқанда, Айтматов адамзаттың азаматы ғой деп кішілік танытқанын, кейін осы шығарма Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрында қойылғанда қатты тол­қығанын баян етті. Өз кезегінде Қытай мен Орталық Азия елдері достық қауымдастығының төраға­сы Чжан Дэгуан мынандай жылы жүзде­су­дің өзіне жақсы әсер еткенін айта келе, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жер­де ек­ін­ші болып Отанымыз­дың тәуел­сіз­дігін Қытай Халық Республи­касы таны­ғанын, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевқа Түркия елшісінен кейінгі екінші елші боп өзінің сенім хат тапсыр­ғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жақсы шығарма елдер арасындағы мә­де­ни бай­ланысқа алтын көпір болатынына Немат Келімбетовтің туындылары мысал екеніне тоқ­тал­ған ол екі мемлекеттің орта­сын­дағы достықты нығайту мақса­тын­да өзі­нің 20 жылға таяу уақыттан бері іркіліссіз жұмыс істеп келе жатқанын, қауым­дас­тықтың негізгі мақсаты қарым-қатынасты рухани жағынан нығайта беру екенін айтып, Кубок пен Құрметті дип­ломды жазушының ұлы, әке аманатына адалдық танытып жүрген Қайрат Келімбетовке тапсырды. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов қалам ұстаған адамның алдында екі мұрат тұратынын, оның біріншісі өз халқын рухани құндылықпен қамту болса, екіншісі сол халқын әлемге таныту екенін айтып, әсіресе екіншісінің қиындау соғып жататынына, ондай бақытқа ие болу екі­нің бірінің маңдайына жазыла бермейтініне тоқтала келе, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген шығарма­сы­ның мемлекеттігінің бес мың жылдық тарихы бар, 1,5 миллиард халық мекен етіп жатқан мемлекетте жарық көруі үлкен абыройлы іс екенін тілге тиек етіп, жазушының басталған екінші өмірі ұзақ болатынына сенеміз, деп сөз аяғын түйді. Сонымен, Немат Келімбетовтің екінші өмірінің жалғасы болып, өз елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерде жарияланып, жұрт­шылықтың көңілін баураған шығар­маларына берілген бағаға арналған іс-шараға еліміздің руханият саласының қай­раткерлері, ғалымдар мен жазушылар, қаламгердің шығармасын сүйіп оқитын оқырмандар, Қытай елінен келген суретшілер, мәртебелі меймандар қатысты. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.