• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2011

Қоғамға құқықтық қолдау қажет

505 рет
көрсетілді

Қазіргі күні біздің елімізде әділ сот билігін жүргізу үшін құқықтық жағынан барлық қажетті тетіктер жасалды. Әр судьяның талапқа сай заң тұрғысынан өз міндетін адал атқаруы үшін тәуелсіздігі айқындалып, материалдық жағдайы жақсартылды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде сот билігінің нығаюы үшін көптеген істер атқарылғанын, соған орай халық соттар ұжымынан әрдайым заң мен әділеттіліктің сенімді тірегі болуын талап етуге құқылы екендігін Судьялар одағының V съезінде атап өткен еді. Демек, елдегі экономикалық реформалар болсын, кез келген әлеуметтік саладағы тың өзгерістер болсын олардың барлығын құқықтық, заңнамалық тұрғыдан реттеп отыру басты талап. Осы ретте ізгілікті құқықтық шешімдер бастау алатын бас қаламыз - Астана қалалық сотының төрағасы Сәкен АБДУЛЛАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Сәкен Жүсіпахметұлы, Астана қа­ла­лық сотына төраға болып келге­ңі­ңіз­ге де төрт айдың жүзі болып қалды. Осы уақыт ішінде сот жұмысын жа­ңарту бағытында, сот жүйесіндегі ашық­­тық­ты, оның тиімділігін арт­ты­ру­да қан­дай шаралар қолға алынды? – Құқықтық яғни демократиялық мемлекет құрудың даңғыл жолына түскен қазақ қоғамы, дәл қазір зор өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Әсіресе, құқықтық санадағы сілкініс тұтас құқықтық салаға, соның ішінде нақты Сот жүйесіне жүк артты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың сенімін бекіту үшін сот жүйесінде ашықтықты, сот жұмы­сын­да тиімділікті арттыру қажет екенін бірнеше мәрте қадап тұрып айтты. Біз осы міндетті орындау мақсатында, бар­лық мүм­кін­дігімізді пайдаланып, жұмы­сы­мызды тиісті дәрежеде үйлестіріп отыр­мыз. Негізінен Астана қаласында жұ­мыс істеп жат­қан судьялардың тәжі­ри­бесі, мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын. Біздің міндет сол мүмкіндікті дұрыс үй­лестіріп және уа­қытылы пайдалану. Бұл ретте, әрине, негізгі бағдар – 2010-2020 жылдар ара­лы­ғына межеленген Құқық­тық саясат тұжырымдамасы. Ол тұжы­рым­даманың басты мақсаты – Қазақ­станның құқық­тық-демократиялық қо­ғамын құру. Демек, бүтін қоғамның, ел азаматтарының сенімін орнатып нығайту және сол сенімді ақтау үшін сот жүйесінде әлі де атқарылар іс аз емес. – Елордада қызмет істеп жатқан судьялардың тәжірибесі жоғары деді­ңіз. Бұл енді әділдік талаптары жа­ғы­нан сот жұмысының тиімділігін арт­тыруға үлкен күш екені белгілі. Демек, барлық үкімдер мен шешімдер заңға сәйкес қабылданады деген үміт зор. – Иә, сот жұмысының тиімділігі қа­был­данған кез келген шешімнің заңға сай, әділетті және күмәнсіз болғанында ғана артады деп білемін. Одан бөлек, қазір ел бойынша мамандандырылған сот­тар үздіксіз жасақталу үстінде. Астанада, мамандандырылған төрт сот жұмыс жасайды. Олар: маман­дан­дырыл­ған аудан­ара­лық эконо­микалық сот, қылмыстық істер жөнін­дегі ауданара­лық сот, ауда­наралық әкім­шілік сот және кә­ме­летке тол­мағандар істері жөніндегі мамандан­ды­рыл­ған аудан­аралық сот. Жалпы Астана қалалық сотта­рын­да 118 судья еңбек ете­ді, оның 50%-ы әйел­дер. Ал қалалық сотта 28 судья бар. Яғни, әрбір іс өзінің маз­мұ­ны­на, си­патына қарай жаңа­ғы соттарға бағыт­та­лады. Ал нақты бір бағытта тәжірибе жинап, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан судьяның шешімі де сапалы болатыны айдан анық. Оны өткен жылдар тәжір­и­бесі де көрсетіп отыр. Қорыта айтқанда, жаңағы тиімділікті арттырудың бір жолы, дәл осы сот жүйесіндегі ма­ман­дандыру мәселесін соңына дейін жеткізу. Екіншіден, барлық соттардың жұ­мысында міндетті түрде әрдайым соңғы тех­нология жетістіктерін кеңінен пайда­ла­нып отыру керек, одан мемлекет және халық ұтпаса ұтылмайды, әрі мемлекет қаражаты мен халық уақыты үнемделеді. Орайы келгенде айта кететін тағы да бір үлкен мәселе, ол әр судьяға процес­суал­дық заңмен реттелген бір көмекшіден бекітіп беру. Оның пайдасы судьяға шектен тыс түсіп жатқан салмақты азайту болса, екіншіден, ол көмекшіні болашақта судья лауазымына дайындау болып табылады. Әрине, бұл тақырып арнайы әңгіме қозғауды қажет етеді. – Астана қалалық сотында күрделі істер жиі қаралады. Қазіргі күні бұ­рын­ғы ірі лауазымды адамдарға бай­ланысты қозғалған қылмыстық істер­дің қаралуы туралы не айтасыз? – Әрине, Астана болғандықтан, мұнда биік лауазымда жүріп, жаза басқан тұлғаларға қатысты істер біздің қалалық сотта қаралып жатады. Оңай десек ешкім сенбес те еді, бірақ аса бір керемет қиын деуге де болмас. Өйткені, судья шешімді адамның түріне қарап, оның лауазымына я болмаса басқа да қасиеттерін ескеріп, ойдан шығара салмайды. Тиісті заң талаптары бар, соған сүйеніп, елеп-екшеп, сұрыптап барып кесімін айтады. Ең бастысы шешім – заң шеңберінде, мейлінше тура­лық­қа сай болуы шарт. Сонда ғана қаңқу сөз, дақпыртқа негіз қалмайды. Бұл ұста­ным қоғамға танымал адам­дар­ға ғана емес, қара­пай­ым азаматтарға қатысты ше­шім қабылдайтын кезде де маңызын жоғалт­пауы тиіс. Өйткені, кез кел­ген сот шешімінің ар­тында адамның, кейде тіп­ті, үлкен ұжымның тағ­дыры тұрады. – Ол рас, заң салтанат құрған, заңға ба­ғын­ған елдің ертеңі баянды болмақ. Дегенмен, біз әлі қатерлі кемшілігімізден арылып біт­кен жоқпыз, жем­қорлық жайын мең­зеп отырғаным ғой. – Жемқорлықтың қо­ғамның дамуына зор кедергі жасайтын үлкен кесел екені рас. Астананың қалалық соты ұжымы, жетекшісі өзім болып бұл мәселеге қатты мән беріп отыр­мыз. Кез келген жемқор­лық сипат­тағы іс-қимылды, жалпы заңға томпақ әрекеттің жолын кесуге ұмты­ла­мыз. Бұл ретте оқыр­мандардың есіне сала кеткім келеді, сенім телефоны жұмыс істейді. Оның сыр­тында қандайда бір қыз­меткер «сый­ақы» дәметкен ыңғайы болса кез келген азаматтың бізге шағым­да­нуына толық мүмкіндігі бар. Біз ай сайын, тұ­рақты түр­де ашық есік күнін өткіземіз. Мен арыз-шағыммен келген бар­лық аза­мат­­тар­ды жеке қабылдап, уа­қы­тылы жауап берілуін қадағалап оты­рамын. Соны­мен бірге, шағымданушылар біздің веб-сайтқа кіріп, өз мәселелерін тікелей маған жолдаса болады. Тағы бір қосарымыз, ақпарат­тық-анықтамалық дүң­гір­шектер бар. Бұл дүңгіршектің қызметі­не жүгін­ген кез келген азамат сот ғима­ратына келіп, құжаттардың үлгілерін кө­руге, мемлекеттік баж салығының мөл­ше­рін, төлеу тәртібін білуге және оны төлеу үшін реквизиттерін алуға, тағай­ындалған істердің тізімімен танысуға, өзі­нің талап-арызына сәйкес, істің ба­рысы жөнінде жан- жақты ақпарат алуға құқылы. Ақпараттық-анық­тамалық дүңгі­р­шек­тердің қарапайым азаматтар үшін пайдасы мол. Көп мәселе судьяның өзіне бай­ланысты, яғни жеке басын дұрыс алып жүру, көлденең іске араласпау, бө­тен мінез көрсетпеу сияқты. Менің ойым­ша, ең басты мәселе, әр судья егемен елге деген түпкілікті патриоттық тұрғыдан өзінің сана-сезімін, көзқарасын өзгерту керек. – Судьяларға мемлекет тарапынан барлық жеңілдіктер қарастырылды. Бұл орайда қалалық судьялардың да жағдайы кемшін емес шығар? Қандай қамтылмай қалған мәселелер бар? – Салыстырмалы түрде айтқанда, әри­не, судьялардың әлеуметтік қамтылуын кемшін дей алмаймын. Осы құрылымда жұмыс істейтін өзге де қарапайым қыз­меткерлердің әлеуметтік мәселелері жүйелі түрде реттеліп келеді. Ең басты­сы, өзіңіз айтқандай, мемлекет жұмыс істеуге қа­жетті жағдайдың бар­лы­ғын жасап отыр. Қалалық соттың құзы­рына қарайтын алты аудандық және төрт ма­мандандырылған соттардың ғимараттары керек-жарақпен толық қамтылған. Қа­жет­ті техникалық заманауи жабдықтар, байланыс қондыр­ғы­лары, қағаз-қаламы­на дейін сай­лы. Қажет жағдайда орталық ғимаратпен шұғыл бай­ланысқа шығу үшін ортақ бейне жүйе тартылған. Бір сөзбен айтқанда, тұтас жұмыс жүйесін қазіргі заманның талабына сай икемдеп, қамтып отырмыз. Ал қамтылмай қалған бір мәселе, бү­гін­де қалалық соттың мамандарын айтпа­ғанда, судьялардың өздері де медици­налық мекемеде тіркелмеген. Әрине, Жоғарғы Соттағыдай бұл мәселе барлық облыстарда шешімін тапса құптарлық болар еді. Сонымен бірге, судьялардың әлі де болса материалдық жағдайын жақсар­ту қажет. Мәселен, зейнетақыны көтеру, демалысқа шыққанда шипажайға жолдама беру сыңды басқа да мәселелер шешімін табатын уақыт жетті деп ойлаймын. – Қоғамға құқықтық қолдау қажет дегеннен шығады, алда тұрған міндет­теріңізге де тоқтала кетсеңіз. – Иә, жоғарыда айтып өткенімдей қоғамның құқықтық санасындағы сілкініс елдің сот жүйесіне салмақты жүк артты. Бұған қуану керек, өйткені ел азаматтары өз құқығын, өз қалауын заң шеңберінде қорғауға ұмтылған қоғам – өркениетке ұмтылған қоғам деген сөз. Енді біздің міндет, сол заңға жүгінген, құқығын сотта қорғауға ұмтылған аза­мат­тарымыздың кеудесінен қақпау, заң шеңберінде оларға демеу жасау. Яғни, өркениетке ұмтылған, дамушы қоғамға мейлінше қолдау жасау. Сонда ғана біз заң салтанат құратын, құқық үстемдік ететін мемлекет құру ісін жыл­дамдатуға үлес қосамыз. Астана қалалық сотының әрбір жауапты қызметкері бұл мүддені біледі, бәріміз де сол бағытта жұмыс істеуге ұмтылып отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.